Дәл осы жерге келгенде газетті қоя тұрып, қалың ойға шомдым. Иә, мен өзім осы жасқа келгенше не тындырдым? Ел есінде жақсы атыммен қалатындай қандай игі һәм шарапатты істер атқардым? Қарап тұрсаңыз, бұл өзін өзі саналы санайын әрбір азаматтың ұйқысын қашырып, мазасын алатын сауал екен-ау...
Иә, бұл сұрақты өзіне қоя білген арлы жанның жауабы да дайын болуы шарт. Түптеп келгенде, бұл дегеніңіз адамның өзіне өзі есеп беруі ғой. Меніңше, Қазақстанның әрбір елжанды азаматы бұл сұрақты өзіне күнде қойып, жауабын адал ісімен, сіңірген еңбегімен көрсетуі тиіс деп ойлаймын.
Әлі есімде, тәуелсіздік алған жылдардың бас жағында Жезқазған өңіріне жұмыс сапарымен келген Тұңғыш Президенттен көптеген журналистердің арасында тұрып, радио тілшісі ретінде сұхбат алған едім. Сол кезде жанары от шашқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір сөзі мергеннің атқан оғындай нысанасына дөп тиіп жатып еді. «Иә, – деген сонда Тұңғыш Президент, – қазіргі қиындықты ел болып бірігіп жеңетінімізге бек сенімдімін. Бұл қиыншылықтың бәрі бір көрген түстей өте шығады, ұмытылады. Біз бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында әлі-ақ өсіп-өркендеген мемлекетке айналамыз».
Міне, содан бері жылжып бірталай жыл өтті. Бүгінде Елбасының айтқаны айдай келді. Жоғарыда аталған мақаласында ол былай деп жазады: «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын».
Тура осы жолдарға келгенде кейбір пиғылы теріс пенделердің сыңарезу пікір айтып, жақтырмағандай мырсылдағанын естіп те жүрміз. Иә, тарихтың өлшемімен алғанда қас қаққандай-ақ уақыт – отыз ғана жылдың ішінде ойды да, қырды да түгел гүлдендіріп тастау деген ақылға сыймайтын шаруа. Тәуекелге бел буып, ірі істердің жалынан алған жас мемлекетте ұсақ-түйек кемшіліктер, олқылықтар болмайды деп кім айтты?!
Түймедейді түйедей ету әркімнің қолынан келеді, ал бір түйір болса да елге пайдамды тигізсем деген пиғыл, өкінішке қарай, кейбір азаматтарда аз болып тұр. Ендеше, ниетті оңғарып, кемшілікті кеңшілікпен түзейтін сана биігіне көтеріле алсақ, еліміздің еңсесі бұрынғыдан бетер асқақтай түсер еді-ау!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты
Қарағанды облысы