Қоғам • 27 Желтоқсан, 2021

Balapan арнасының тартуы

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан РТРК» АҚ Balapan телеарнасы Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына түрлі жанрдағы 10 жаңа туынды әзірледі. Жобалар егемен елдің тарихы мен мәдениеті, ғылымы мен білімі, белестері және табыстары туралы қызықты деректерді қамтыған әрі бала пайымына лайықталған.

Balapan арнасының тартуы

Олардың 8-і анимациялық жоба болса, 2-і танымдық бағдарлама. Balapanның көрермендері «Сұлтан Бейбарыс» (3D) мультхикаясынан баһадүр Бейбарыстың балалық шағынан Мысыр Сұлтаны болғанға дейінгі өмірімен танысса, «Қаһарманнан» (3D) түркілер дәуіріне саяхаттап, бабала­рымыздың жанкешті ерлігін көреді. Басты құндылығымыз –Тәуелсіздігімізді келер ұрпақ­қа табыстауды негізгі өзек еткен «Алтын кілт» (2D) анимациялық сериалы балдырғандарды отансүйгіштікке баулыса, «Ғарышкер бала Жігер» (2D) арқылы жас жеткіншектер Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері мен Байқоңыр ғарыш айлағы туралы қызық деректерді біледі. Ал «Сен білесің бе?» танымдық бағдарламасы тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі елеулі оқиғаларды, тұғырлы тұлға­ларды тани түсуге ықпал етеді.

Алдағы мереке күндері телеарнадан ойын-сауық, оқу-танымдық мультхикаяларды да тамашалауға болады. «Тәп-тәтті хикаяда» (3D) Конфи мен Алуа қоршаған ортаны таныстырса, «Томпидегі» (2D) Әли мен Айша заттардың пішіні мен қасиеттерін ұғындырып, мәнін ашып береді. Телеарна биыл әлемдік трендке айналған комикс жанрын да назардан тыс қалдырмаған. Осылайша, тұңғыш рет ұлттық ерекшелігіміз ескерілген «Ержүрек сақшылар» (2D) атты комикс әзірленіп жатыр. Сонымен қатар батырлар жырын арқау еткен шытырман оқиғалы «Ер Тарғын» (3D) мульт­сериалы көрерменге ұсынылды. Бұған қоса, кішкентай көрермендер танымдық «Бірге ойнайық!» бағдарламасын тамашалай алады. Айта кетелік, жыл басынан бері Balapan телеарнасы жалпы 42 жобаны жүзеге асырды. Телеарна сонымен қатар, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 тарту!» шығармашылық байқауын ұйымдастырды. Жыл бойы өткен бұл байқауда кішкентай көрермендер азаттық туралы пайым-түсінігі мен келешек армандары жайлы айтып, өз өнерімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ