Естеріңізде болса, бұған дейін желтоқсанның 25-і күні Қостанайдың шетіндегі саябақта орналасқан тұрғын үйлердің бірі өртенгенін, қызыл жалынның ішінде қалған шиеттей төрт баланы 5 сынып оқушысы Олег Пирог құтқарып қалғанын жазған едік.
2 жастан 8 жасқа дейінгі төрт баланы тәрбиелеп отырған Өмірзақовтар отбасы 2019 жылдың қыркүйегінен бастап көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұр. Баспана кезегі бойынша тоғызыншы орында тұрған бұл отбасы қазірше жақын туыстарының үйін паналап отыр.
Кездесу барысында Архимед Мұхамбетов көпбалалы отбасына Абай көшесінің бойынан ауданы 76,6 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Ал өрт ішінде қалған төрт баланы аман алып шыққан Олег Пирог облыс әкімінің қолынан Алғыс хат пен ноутбук алды. А.Мұхамбетов өнегелі өжет перзент тәрбиелеп отырған Олегтің ата-анасына да алғыс айтты.
«Ең алдымен Олегтің ата-анасына алғыс айтамын. Валентина Владимировна, сіздің отбасыңызға жақсылық, денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін. Олег, батылдық пен жанқиярлық көрсеткенің үшін тағы да рахмет. Оқуда үлкен жоғарғы нәтиже, табыс тілеймін. Барлық арманың орындалсын», деді аймақ басшысы.
Батыр бала Олегтің өзі де көпбалалы отбасынан. Бір шаңырақтың астында ата-анасымен және бес бауырымен бірге тұрады. Төрт бірдей өндір өмірді өрттен арашалап қалған өжет баланың ерлігін естіген бірнеше кәсіпкер Олегке бағалы сыйлықтарын дайындап қойғанын хабарлады.
Қостанай облысы