Сұхбат • 27 Желтоқсан, 2021

Салым сізден, сақтандыру бізден!

278 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк салым­шыларының заңды мүдделерін қорғап қана қоймайды, сонымен қатар оларға ыңғайлы жағдай жасауға күш салады. Депо­зиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі мен Қордың қызметін дамыту және биылғы жылдың қорытындысы туралы аталған қаржы ұйымының төрағасы Әділ Өтембаевпен болған сұхбаттан оқып білесіздер.

Салым сізден, сақтандыру бізден!

– Әділ Нұрланұлы, әлемді шарлаған пандемия дерті өмір­дің барлық саласына әсер етке­ні белгілі. Осы ретте депозит нары­ғында қандай жағдай қалып­тасқандығын білгіміз келеді...

– 2021 жыл COVID-19 пандемиясына қарамастан, жеке са­лымшылардың депозиттерінің на­рығы оң сипатта қалыптасты. Қа­зақстандықтардың екінші дең­гейлі банктердегі депозит­тері­нің көлемі өсуде. Бұл үрдіс 2020 жылдан бері жалғасып келеді. 2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жеке тұлғалар салымдарының жиынтық көлемі 12,9 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 1,9 трлн теңгені (+17,7%) құрады.

Жеке тұлғалардың екінші дең­­гейлі банктердегі депозит­те­рінің жалпы құрылымы айтар­лықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Әдеттегідей салымдар негізінен бұқаралық сегментте (қоса сана­ғанда 15 млн теңгеге дейін) шо­ғыр­ланған – 50%-дан жоғары. Қал­ғандары сәйкесінше орташа (қалдықтары 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін) және ірі (қалдықтары 50 млн теңгеден жоғары) сегмент аралығында шамамен 1/3 үйлесімінде орналасты.

– Долларлану деңгейі қанша­лықты төмендеді?

– Жеке салымшылар депозит­тері сегментінде долларлану ­дең­­гейі 2021 жылдың барысында айтарлықтай төмендеді деуге болады. Осыы жылдың басында бұл көрсеткіш 38,7%-ды, ал 2021 жылдың желтоқсан айының ба­сында 36,4%-ды құрады. Дол­ларланудың төмендеуі 2021 жылы ұлттық валюта бағамының шартты түрде тұрақтылығы барысында теңгелік депозиттер бойынша тартымды жағдайлар аясында орын алды.

Еске сала кетейін, Қор ай са­йын жеке тұлғалардың теңгелік депозиттері бойынша максималды сыйақы мөлшерлемелерін бекітеді. Олар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін және депозит нарығында қалыптасқан орташа мөлшерлемелерді ескере отырып қалыптасады. Бұл ретте теңгелік депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелер бір жыл ішінде (мерзімсіз депозиттер бойынша) 9,0%-дан (жинақ салымдар бойынша) 14,0%-ға дейін өзгерді. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме 1% деңгейінде сақталды.

– Қазіргі уақытта қандай салымдар сұра­нысқа ие?

– 2021 жылы халық арасын­да теңгедегі мерзімсіз салымдар ерекше сұранысқа ие болды. Осы жылдың 1 желтоқ­са­ны­на қарай олардың барлық жеке салымшылардың депозиттеріне қатысты үлесі 51,8%-ды, ал көлемі – 4,2 трлн теңгені құрады. Мұның басты себебі – салымшылар үшін мерзімсіз салымдарды кез келген уақытта толықтыруға және олардан мерзімінен бұрын ақша алуға болатындығында. Басқа депозиттерге қарағанда, бұл салымдардың табыстылығы төмен, бірақ соған қарамастан адамдар ақшаларын осындай ұтқыр да икемді салымдарда сақтағанды жөн санайды. Сондай-ақ жинақ салымдардың көлемі де арта түсуде. Бұл сегментте халық арасында ұлттық ва­лютадағы депозиттер танымал. Әсіресе тұрғындар үстінен ақша салуға болмайтын, мерзімі 1 жылдық жинақ салымдарға ба­сымдық береді. Өйткені олардың табыстылығы едәуір жоғары (жылына 13,9%-ға дейін).

– Қазіргі кезде егер қандай да бір банк лицензиясынан айырылатын болса, оның салымшылары өтем ақшаларына қанша уақыт ішінде қол жеткізеді?

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілдік берілген өтем тө­леудің басталу мерзімі қысқар­тыл­ды. Содан бері төлемге қабі­летсіз банк салымшыларының кепіл­дік берілген өтемді қалай ала­тын­дығы осы банк лицензиясы­нан айырылған күннен бастап, 35 жұ­мыс күні ішінде шешіледі. Бұрын бұл бірнеше айға созылатын.

Алдымен банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оның уақыт­ша әкімшілігі банк активтерінің бар­лығы немесе бір бөлігін және міндет­темелерінің барлығы не­ме­се бір бөлігін сатып алушы-банкке бір мезгілде өткізу шарасын қол­ға алады. Бұл шара Қазақстан Респуб­ликасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агент­тік) мақұлдауымен жүзеге асы­ры­ла­ды. Бұл ретте банктің ке­піл­дік берілген депозиттері бойынша міндеттемелері сатып алушы-банкке толық көлемде өткізіле­ді. Әрі қарай салымшылар өздері­­не тиесілі ақшаны сатып алушы-
банктен қолма-қол ақшамен алу, басқа банкке аудару немесе осы банкте жаңа депозитке салу құқы­ғына ие болады.

Егер сатып алушы банк та­был­маса немесе Агенттік мұн­дай опе­­­рацияны жүргізуден бас тарт­са, Қор салымшылар алдын­да­ғы міндеттемелерді өз жауапкер­ші­лігіне алады.

Банк лицензиясынан айы­рылған күннен бастап 30 жұмыс кү­ні ішінде Қор төлемдердің бас­талу күні, агент банктің тағайын­дал­ғандығы, оның мекенжайы мен төлем мерзімі туралы БАҚ-та, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және өзінің, сондай-ақ Агенттік пен агент банк­тің сайттарында қазақ және орыс тілдерінде ақпарат жариялайды.

Өтем төлеу хабарландыру жа­рия­ланған күннен бастап бес жұ­мыс күні ішінде басталады. Ақша салымшылардың өтініш бе­руіне қарай төленеді. Өтем алу құ­қығы расталған соң, оған тиесілі өтем ақша 5 (бес) жұмыс күні ішінде төленеді. Салымшылар өтем ақшаны қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе сол агент банкте жаңа депозит­ке салуға құқылы.

– Салым­шы­­ларға өтем тө­леу мерзімі бо­ла­­шақта тағы да қысқаруы мүм­кін бе?

– Әрине. Қазірдің өзінде са­лым­шыларға өтем төлеу мерзімін елеулі түрде қысқартуға қол жет­кізілді. Мысалы, биыл 25 маусым­да лицензиясынан айырылған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына агент банк арқылы өтем төлеу – банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 6 (алты) жұмыс күні өте салысымен басталды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұған дейін «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшыларына өтем төлеу 8 жұмыс күнінен кейін басталды.

– Кепілдік берілген өтемді алудың нақты мерзімі бар ма?

– Бар. Өтініш қабылдау мерзімі – кепілдік берілген өтемді төлеу басталған күннен бастап 1 (бір) жылды құрайды. Бұл ретте лицензиясынан айырылып, тарату үдерісіне енгізілген банктердің салымшылары үшін төлем мерзімі соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін болса, олардың ішінде «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары бойынша өтем төлеу мерзімі соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін.

– Ал бір жыл ішінде талап етіл­меген өтемнің тағдыры не болады?

– Егер осы мерзім ішінде са­лым­шылар өздеріне тиесілі ақша­ларын алып үлгермесе, талап етіл­меген өтем сомаларын Қор олар­дың Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорындағы (БЖЗҚ) зей­нетақы шоттарына ерікті зейнет­ақы жарналары ретінде аударады. Мұндай шоттарды ашу үшін БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ. Олар автоматты түрде ашылады.

Өтем төлеу мерзімі аяқталуға 30 жұмыс күні қалғанда Қор салым­шыларға өтем төлеу аяқта­латын күн және 1 жыл бойы талап етілмеген өтем сомаларын БЖЗҚ-ға аударатыны туралы БАҚ және өз сайты арқылы ақпарат жария­лайды. Бұдан басқа салымшылар заңнамаға қайшы келмейтін өзге де ақпарат беру әдістерімен құлағдар етіледі.

– Зейнетақы қорына ауда­рылған өтем ақшаларды қалай алуға болады?

– Бір жыл ішінде дәлелді себептермен (әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде, бас бостандығынан айыру орындарында болуы, мұра қа­былдауы және т.б.) төлем алуға өтініш бере алмаған салымшылар үшін Қорға өтініш пен растаушы құжаттарды ұсына отырып, өтем алу құқығы сақтала­ды. Дәлелді себептердің тізімі «Қа­зақ­стан Рес­публикасының екiн­­шi деңгейлі банктерiнде орна­ластырылған ­депозиттерге мiн­деттi кепiл­дiк бе­ру туралы» за­ңын­да белгіленген.

– Қазіргі таңда лицензия­сынан айырылған қандай банк­тердің салымшыларына Қор аты­нан және есебінен өтем ақша төленуде?

– Қор қазіргі уақытта бар­лық банк операцияларын жүр­гізу лицензиясынан айырылған екін­ші деңгейлі 9 банктің салымшыларына өтем төлеу­ді жалғастыруда. Олар: «Ва­лют-Транзит Банк» АҚ, «Қазин­вест­банк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ.

2021 жылдың 1 желтоқсанын­дағы жағдай бойынша Қордың арнайы резерві есебінен 150 мыңнан астам жеке салымшыға 113,7 млрд-тан астам теңгеге өтем төленді.

– Қызметтерді қашықтан (онлайн) алу әрбір қазақстандық үшін қалыпты жағдайға және нормаға айналды. Осы ретте Қор өтем төлеуді автоматтандыру бойынша қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?

 – 2021 жылы Ұлттық банк пен Қордың бірлескен бастамасы арқылы лицензиясынан айырылған банктердің салымшылары кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті үйден шықпай-ақ онлайн беруге қол жеткізді.

Депозиторларға қашықтан қыз­мет көрсету мүмкіндігін қам­тамасыз ету үшін Қор 2021 жылы сынамалы режімде Төлемдердің электронды порталын іске қосты. Ол қазір барлық банк операция­ларын жүргізу лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына қолжетімді.

Қазіргі уақытта жақын шетел аумақтарында Төлемдердің электронды порталының баламасы жоқ. Мұндай сервис Оңтүстік Корея, Финляндия және Тайвань елдерінде жүзеге асырылған. Ал Канада мен Германияда оны енгізу жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті тек шоттардың, карточкалар мен депозиттердің иелері ғана онлайн бере алады. Бұл рет­те дәстүрлі банктік қызмет көр­сету тәсілін қалайтын, сондай-ақ са­лымшылар атынан өтініш бере ала­тын үшінші тұлғалар (мұра­герлер, сенімхат бойынша өкіл­дер және басқа да құқық иелену­шілер) үшін агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу тәр­тібі сақталады.

– Биыл қыркүйек айында Қор банктердің қаржылық
ахуалын бағалаудың жаңа мо­делін іске қосты. Осы туралы айтып өтсеңіз?

– Қатысушы банктердің қар­жылық жағдайын бағалаудың жаңа моделі Қорға банктердің ат­қаратын қызметтерінің ағымдағы тәуекелдерін бағалауға, сондай-ақ банктің қаржылық жағдайына әсер етуі мүмкін әлеуетті қауіп-қатерлерді ескеруге мүмкіндік бе­реді. Одан басқа, жаңа модель­де тәуекелге бағдарланған тә­сіл жүзеге асырылған. Ол банк қыз­метінің негізгі бағыттарына сапалы мониторинг жасауға жол ашады. Соның нәтижесінде, қатысу­шы банктерге арналған жарналар­дың мөлшерлемесін әділ есептеуге қол жеткізіледі.

Айта кетелік, Қордың болашақ кепілдік берілген өтем сомаларын төлеуге арналған арнайы ре­зерві банктердің осы жарналары есебінен қалыптасады.

– Кепілдік берілген өтем Қор­дың арнайы резерві есебінен төле­нетіндігі белгілі. Қазір оның көлемі қандай?

– 2021 жылдың 1 желтоқсаны­на қарай Қордың арнайы резер­він­де 682 млрд-қа жуық теңге, ал Жарғылық капитал мөлшерінің 70%-ын қоса есептегенде (заң бо­йынша өтем төлеуге қолданылуы мүмкін), 847 млрд-тан астам теңге бар.

Арнайы резервтің деңгейі елі­міз бойынша кепілдік берілген бүкіл депозиттер сомасының ша­мамен 7%-ын құрайды. Бұл «Қа­зақстан Республикасының екiн­шi деңгейдегі банктерiнде орна­ластырылған депозиттерге мiн­деттi кепiлдiк беру тура­лы» заңында көрсетілген мақ­сат­ты дең­­гейден (5%) жоғары.

Халықаралық стандарттарға сәйкес депозиттерді қорғау жүйе­сінің резервтері бүкіл қаржы жү­йесіндегі депозиттік базаны өтеу­ге емес, алдағы күтілетін за­­лал­­­дардың деңгейіне сәйкес қа­лып­­тастырылады.

Қор­дың арнайы резерві жеке тұлғалардың барлық депозиттері бойынша кепілдік берілген өтем төлеуге толығымен жеткілікті. Қа­зіргі уақытта Қор еліміздегі бү­кіл банк секторының депозиттік база­сындағы шоттардың 99,8%-ына то­лық көлемде кепілдік береді. Бұл ха­лықтың банк жүйесіне деген сені­мін одан әрі нығайта түседі. Яғни «Салым сізден, сақтандыру бізден!».

– Биыл Қор салымшылар ара­­­сында онлайн сауалдама жүр­­­гізгені белгілі. Қандай ма­ңыз­­ды сұрақтарға жауап алынды?

– Иә, күздің алғашқы айының 1-30 жұлдызы аралығында 14 банктің сайттарында барлық ниет білдірушілерге онлайн сауалда­маға қатысуға мүмкіндік берілді. Биыл сауалдамаға еліміздің 128 қаласы және басқа да елді ме­кен­дерден барлығы 2 773 адам қатысты. Қатысушылардың жас дең­гейі 16 жастан 79 жас аралы­ғында болды.

Қазақстандықтар ақша жинау үшін депозит ашу барысында нені басшылыққа алатындығы, сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабардарлық деңгейін анықтау аясында жа­уап берушілердің 92%-ы депозит ашатындықтарын білдірді. Оның ішінде 19%-ы сыйақысы жоғары, мерзімінен бұрын алуға болмайтын жинақ салымдарды ашқанды қаласа, 73%-ы сыйақысы төмен, бірақ кез келген уақытта үстінен ақша салуға және ақша алуға болатын депозит ашуды жөн санайды. Ал 6%-ы артық ақшаға валюта сатып алатын болса, 2%-ы ақша жинамайды немесе оларды карточкаларында қалдырады.

Қазақстандықтардың 22%-ы
депозит түрін таңдағанда жо­ға­ры сыйақы мөлшерлемесіне көп кө­ңіл бөледі екен. Бұл ретте олар­дың 63%-ы үшін басты та­лап – депозитті толықтыруға және одан керек кезінде ақша алу­­ға бо­ла­тындығы. Расында да қа­­зір мер­зімсіз салымдардың саны ба­сымдыққа ие. Олардың үле­сі жеке тұлғалардың жиынтық депо­зиттерінің 62%-ын құрайды.

Жалпы, сауалдама нәтижесі жауап берушілердің депозиттер­ге кепілдік беру жүйесі туралы ха­бардарлығының жоғары деңгейде екендігін паш етті: 70%-ы депозиттерге кепілдік берілген максималды сомалар туралы, оның ішінде жинақ салымдар бойын­ша кепілдік сомасының жоғары екендігін, 76%-ы өтем ақшаны Қор төлейтіндігін, 68%-ы өтем­­нің теңгемен төленетіндігін, ал ­63%-ы заң – барша қазақстандық­тар­ға банктердегі жинақ ақшаларына қатысты қорғау құқығын беретінін жақсы біледі.

– Әңгі­меңіз үшін рахмет.