Экономика • 27 Желтоқсан, 2021

Ұлттық экономиканың тұрақты дамуы – басты назарымызда

370 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ­стан­ның даму банкі басқарма төрағасы Абай Сарқұлов банктің қазіргі жұ­­мы­сы, же­тістіктері мен пандемияның банк секторына әсері туралы айтып бер­ді.

Ұлттық экономиканың тұрақты дамуы – басты назарымызда

Қағазсыз құжат айналымына толығымен көштік

– Әңгімемізді ең жиі қойы­латын сұрақтан бастағым келіп отыр. Қатаң карантин шектеулері енгізілген 2020 жыл Қазақстан даму банкі үшін қалай өтті? Бұрынғы жұмыс қарқынына қайта орала алды­ңыздар ма?

– 2020 жыл Қазақстан даму банкі үшін нағыз сынаққа толы жыл болды. Өткенге көз жүгіртсек, осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді және біз пандемия банктің бизнес үрдістерін, оның стратегиясы мен философиясын айтарлықтай өзгерткенін бірнеше рет айтқанбыз. Банктің 2019 жылы бастаған IT трансформациясы аяқталды. Қазір ҚДБ-ны цифрлы банк деп санауға болады, өйткені біз барлық қыз­метімізді онлайн түрде ұсына аламыз.

Былтыр елімізде қатаң каран­тин­дік шаралар мен оқшаулау енгізілгенде біз виртуалды «Қарыз алушы кеңсесін» іске қосып, отандық бизнесті жаңа форматта қаржыландырып, қашықтан жұмыс істеуді жалғастырдық. Біз корпоративтік басқарудың соңғы қағидаттарына (BPM Simbase жүйесін енгізу) сәйкес веб-технологиялар құрастыра отырып, бизнес-процестерді басқару жүйесін толығымен түрлендіруге қол жеткіздік. Бұл жүйе банктегі алқалы органдардың жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ тәуелсіз директорларға, Қазақстан Республикасының резидент еместеріне дауыс беру рәсім­дері кезінде электронды цифрлы қолтаңбаны пайдалануға, нақты уақыт режімінде ресми құжаттарды бекітуге мүмкіндік береді. Бұл өнімділікті айтарлықтай арттырады, жұмысты жеңілдетеді және ақшаны үнемдейді.       

Оның үстіне 2020 жылы біз корпоративтік стационарлық телефондар қажеттілігі жойылып, барлық байланыс смартфондар арқылы жүзеге асырылатынын сездік. Сөйтіп банк командасы дәстүрлі телефония­дан бас тартып, IP-телефония инфрақұрылымын жобалады. Нәтижесінде, құрал-жабдықтарға кететін күрделі шы­ғын­дарды 43,4 миллион теңгеге дейін қысқартуға қол жеткіздік.

1655416

Қазір, негізінен, пандемияға байланысты банктегі барлық ішкі процесс автоматтандырылған, біз толығымен қағазсыз құжат айналымына көштік және ішкі ақпараттық кеңістікті жаңғыртудың нәтижесінде уақыт пен ресурстарды үнемдей отырып өнімділікті айтарлықтай арттыра алдық.

2020 жылы ҚДБ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға салған инвестициясының көлемі банк қызметі тарихындағы рекорд­тық көрсеткішке айналды. Өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға 506,2 млрд теңге инвестиция құйып, әлеуметтік және экономикалық тартымдылығы жоғары әртүрлі аймақтардағы 34 ірі жобаны қаржыландырдық.

 Несие көлемі арта түсті

– Пандемияға қатысты тағы бір мәселе – несие беру. Банк клиенттерге несие беруді пан­де­мияға дейінгі деңгейде сақтай алды ма? 2021 жылдың басынан бері банк портфелі 2020 жылға қарағанда қаншаға өсті?

– Пандемия кезіндегі жаһандық дағдарыс жағдайында бұл көр­сет­кіш аясындағы мәндер дағ­дарысқа дейінгі деңгейге оралып қана қоймай, тіпті тарихи мәндерден асып түсті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша клиенттер мен банктерге берілген несиелер портфелінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13,97%-ға өсіп, 1 970,7 млрд теңгені құрады. Көбею негізінен несиенің игерілуіне байланысты. 2020 жылы банктің жобаларды қаржыландыру көлемі де рекордтық мәнге – 506 млрд теңгеге жетті.

Пандемиямен байланысты тәуе­келдерге ден қою нәти­же­сінде әрбір қарыз алушы үшін, атап айтқанда экономиканың дағдарысқа неғұрлым сезімтал секторларына қатысты, сондай-ақ жобалар бойынша жол карталары мен дағдарысқа қарсы жеке жоспарлар әзірленді. Бірқатар жоба бойынша тарифтер субсидияланды, төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар банк уәкілетті мемлекеттік органдармен диалог құру арқылы қарыз алушылардың проблемалық мәселелерін шешуге қатысты.

Биыл да біз 2020 жылы алған қарқынды бәсеңдеткен емеспіз. Ағымдағы жылдың он бір айында 27 жоба қаржыландырылды. Ал соңғы статистикаға сәйкес бүгін қарыз сомасы 1,1 трлн теңгеден асатын 20 жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданған. Олар еліміздің әр өңіріндегі жаңартылатын энергия көздері, ақпарат және байланыс, азық-түлік өнеркәсібі, химия, құрылыс, туризм
және металлургия салаларын қам­ти­тын бірегей жобалар.

 Шығыс өңірін түгел электр қуатымен қамтамасыз ететін жоба

– Үкімет көміртегі бейтарап­тығына қол жеткізуді республика дамуының басым бағыттарының бірі ретінде жариялады. Бұл үрдіске бейімделу қалай жүріп жатыр? Жаңартылатын энергия көздеріне несие беруге көбірек көңіл бөліне ме?

– Климаттық күн тәртібі және көміртегі ізін азайту курсы қазір өзекті. Үкімет өткен айдың соңында стратегия қабылдады. Оған сәйкес 2030 жылға қарай парниктік газдар (ПГ) шығарындыларын 230 миллион тонна CO2-шамасына дейін азайту және 2060 жылы нөлге жуық шығарындыларға жету қажет. Айта кететін жайт, ҚДБ – еліміздегі және өңірдегі жаңартылатын энергия жобаларын қаржыландыру бойынша құзыреттілігін арттыра бастаған алғашқы қаржы институттарының бірі. Қазіргі уақытта ЖЭК жалпы ел көлемінің 17,5%-ға жуығын Қазақстанның даму банкі қаржыландыратын жобалар құрайды. Бүгінде банктің несие қоржынында барлық бағыт бойынша ұсынылған жобалар бар: жел электр стансасы, күн энергиясы жобалары және шағын су электр стансасы. Біздің соңғы «жасыл» жобамыз бүкіл шығыс өңірін түгелдей дерлік тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ететін, сонымен қатар оны еліміздің басқа аймақтарына да сата алатын «Тұрғысын-1» су электр стансасын іске қосу болды.

Ұзақ мерзімді деп саналатын жобаларды қаржыландыруды алғашқылардың бірі болып қолға алғанымызға байланысты бүгінгі күні банктің фронт-кеңсесінде жеткілікті тәжірибе жинақталған. Оған қоса «жасыл» жобаларды құрылымдаудағы құзыреттілік баршылық. Осылайша, енді техникалық және маркетингтік тәуекелдері төмен деп саналатын күн электр стансалары мен жел электр стансаларын салу бойынша мәмілелерге қатысты құжаттарды сараптамаға ұсыну тізбесі қыс­қар­тылды. Атап айтқанда, сыртқы техникалық бағалау алынып тасталды. Бұл бастамашылар үшін де, ҚДБ үшін де уақыт пен материалдық шығындарды азайту мақсатында іске қосылып отыр.

498+65

Банк қолдаған жобалар жемісті

– ҚДБ жұмысы Қазақстан эко­номикасына қалай әсер етті? Банк берген несиелер мен экс­­­порт­қа қолдау бойынша қан­­ша кәсіпкер табысын арт­тыр­ды?

– Инвестициялық жобалары мен экспорттық операцияларын сәтті жүзеге асырған банктің клиенттік кәсіпорындары (2020 жылы – 52 кәсіпорын, 2021 жылы – 56 кәсіпорын) жоғары көрсеткіштерге қол жеткізе алды. Мәселен, 2020 жылы қолдау көр­се­тілетін кәсіпорындар 4,3 трлн теңгенің өнімін, оның ішінде ҚДБ қаржыландырған жобалар арқылы 3,3 трлн теңгенің өнімін өткізген. 2020 жылы қолдау көрсетілетін кәсіпорындардың экспорттық кірі­сі­нің көлемі 2,3 трлн теңгеге жетті, оның ішінде банктің қаты­суы­мен жүзеге асырылған жобалар аясында 2 трлн теңге болды.

2021 жылдың алғашқы 6 айында қолдау көрсетілген кә­сіп­орындар 2,5 трлн тең­ге­нің өнімін, оның ішінде қаржыландырылған жобалар аясында 2,1 трлн тең­ге­нің өнімін өткізген. Бұл ретте кә­сіп­­орын­дардың 6 айдағы экс­порт­­тық түсім көлемі 2021 жылы 1,3 трлн тең­гені құрады. Оның ішін­де ҚДБ жобалары бойынша 1,2 трлн теңге көлеміндегі көр­сет­кішке жетті.

– ҚДБ капитал нарығында қаржыландыруды белсенді түр­де тартады. Облигациялар ш­ы­ға­ру арқылы қанша қаражат жи­­нал­­­ды және мұндағы мақсаты қан­дай?

 – ҚДБ – сенімді эмитент және банк облигацияларына сұраныс әрқашан жоғары. Бұл, ең алдымен, біздің жоғары несиелік рейтингімізге және банктің 20 жыл ішінде шетелдік инвесторлар алдындағы жақсы беделге, сеніміне ие болғанымызға байланысты. Мәселен, 2020-2021 жылдар аралығын алайық. Банк облигациялар шығару арқылы халықаралық және жергілікті капитал нарығында 375,3 млрд теңге және 500 млн АҚШ долларын тарта алды. ҚДБ ұлттық даму институты ретінде елдің ши­кізаттық емес секторына инвес­ти­ция салу арқылы ұлттық эко­номиканың тұрақты дамуына ық­пал ететін ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды несиелендіруге маманданған. Демек, жиналған қаражат осындай жобаларды қаржыландыруға жұмсалады әрі осы бағытты бас­шы­лыққа аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.