– Биыл 9 айдағы таза табыс қанша және азаматтардан түскен қаражат пен оларды сақтандыруға қайта жұмсалған қаражат (клиентке берілген төлем) арасындағы алшақтық сомасы қандай?
Ләззат БОРАНБАЕВА,
Sinoasia B&R СК АҚ басқарма
төрағасы:
– Компанияның 9 айдағы таза табысы 389 856 000 теңге болды. Келтірілген шығын мен зардап шегушіге төленетін өтемақы көлемі шығынды сақтанушының өзі жабу мүмкіндігінен жиі асып түсіп жатады. Сондықтан сақтандыру – сақтанушыны банкроттық пен төлем қабілетсіздігінен сақтайтын маңызды құрал. Сақтанушы өз әрекетімен оған зиян келтірсе, зардап шегуші тараптың да мүддесін қорғаймыз. Егер азамат банк несиесін ресімдеген соң ауыр науқасқа шалдығу немесе қайтыс болған жағдайдағы сақтандыру өнімін алса, кейін расымен қарыз алушы банк алдындағы міндетін орындай алмаса, онда компания оның қарызын төлеп береді. Сақтандырудың бұл түрі айлық сақтандыру сомасының оннан бір пайызын құрайды. Соңғы екі айда екі қарыз алушының қайтыс болуына байланысты олардың 3 млн теңгеден астам толық өтелмеген қарызын төледік. Компаниямыздың басты бизнесі ауырып қалу жағдайында сақтандыру жасау болғандықтан жалпы төлемдер азаматтардан алынған сыйақы сомасының 75 пайызын құрайды.
2020 жылдың 9 айында төлем көлемі 1 504 873 000 теңге болса, биыл 9 айда 2 597 463 000 теңге төлем жасадық. Осылайша, 2021 жылы төлем 72,6 пайызға өсті. Бұл бизнестің өсуімен және сақтандыру өнімдеріне деген халық қызығушылығының артуымен байланысты. Соның нәтижесінде компаниямыз алған сақтандыру сыйақыларының көлемі айтарлықтай ұлғайды.
Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ,
Nomad Life өмірді сақтандыру
компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– «Өмірді сақтандыру» бағытында жұмыс істейтін сақтандыру ұйымының 9 айдағы таза табысы 31 863 000 000 теңгені құрады (дивидендтерге берілген төлемді есептемегенде). Сақтандыру келісімшарты бойынша төлем өнімнің сипатына байланысты. Қазір өмірді сақтандырушы компаниялар түрлі өнімдер, оның ішінде жинақтаушылық бағытты да ұсынады. Бұл бойынша клиент өзін сақтандырады әрі инвестициялайды. Мұндай өнімдер бойынша сақтандыру жарналарын мерзімді негізде төлеу арқылы сақтанушы кепілдік берілген инвестициялық кірісті ескере отырып төлемдерді алады.
«Өмірді сақтандыру» саласында жұмыс істейтін компаниялардың төлем көлемі 2021 жылы 9 айда 17,7 пайызға өсіп, 22 386 000 000 теңгені құрады. Негізінен зейнетақы аннуитеті келісімшарты бойынша төлемдер ұлғайды. Оның аясында ұйымдар өз клиентіне өмір бойы төлем жасайды.
Жыл басынан бері клиенттерге жалпы сомасы 6,9 млрд теңге болатын 13 мыңнан астам сақтандыру төлемін бердік. Төлемдердің 44 пайызы зейнетақы аннуитетіне тиесілі болса, 33 пайызы – еңбек міндеттемесін орындау кезінде жұмысшыларды жазатайым оқиғадан қорғауға байланысты. Бұған зардап шегушінің еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге байланысты шығыстарды төлеуге арналған төлемдер және өндірістік жазатайым оқиғалардың салдарынан мүгедек болған қызметкерлерге немесе еңбек міндетін орындау кезінде қайтыс болған қызметкерлердің асырауындағы адамдарға келтірілген зиянды өтеуге байланысты төлемдер кіреді. Төлемдердің 23 пайызы өмірді сақтандыру келісімшарты бойынша берілді. Оған жинақтаушы сақтандыру және өмірді ерікті шұғыл сақтандыру бағдарламалары кіреді.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру компанияларының меншік капиталы мен активінің біршама өскенін айтады. Компанияның қазіргі бағыты қандай және қай өнім түрі сұранысқа ие?
Раушан ЕРЖАНОВА,
«Виктория» СК» АҚ басқарма
төрағасы:
– Соңғы жылдары СК-лардың меншік капиталы мен активі белсенді өсіп жатыр. Бірақ бұл сақтандыру өнімдеріне деген сұраныс жоғары дегенді білдірмейді. Рас, сақтандыру ұйымдарына деген сенімнің артуы, сақтандыру мәдениетінің жоғарылауы байқалады. Алайда Қазақстандағы сақтандыру саласы (жалпы сыйақының ІЖӨ-ге қатынасында) өте төмен деңгейде және 1 пайыздан аспайды. Дамыған шетелдерде көрсеткіш 15-20 пайыз деңгейінде. Сақтандыру көрсеткішінің тығыздығы да (жан басына шаққандағы сақтандыру сыйақысы) төмен, бір адамға 60-75 доллардан жоғары емес. Дамыған елдерде бір адамға 5-10 мың доллардан келеді. Компаниямыздың активі 99,2 млрд теңге немесе сақтандыру нарығы жиынтық активтерінің 5,7 пайызын құрайды. Меншік капиталы – 91,6 млрд теңге немесе нарықтың жиынтық капиталының 12,7 пайызы. Компания ірі корпоративтік сақтандыру бойынша жұмыс істейді және қаржылық орнықтылығының нәтижесінде ірі тәуекелдерге қатысады. Негізінен мүлікті, құрылыс-монтаж тәуекелдерін, азаматтық-құқықтық және кәсіби жауапкершілікті сақтандырады.
Назым БЕКБОЛАТОВА,
KM Life өмірді сақтандыру
компаниясы АҚ басқарма төрағасы:
– Компания 2019 жылдың қарашасынан бері жұмыс істейді. Жан-жақты әрі сауатты қызмет көрсету арқылы нарықта сенімді әрі тұрақты абырой қалыптастырдық. Иә, сіз атап өткендей сақтандыру компанияларының өсімі белсенді түрде жоғарылауда. Ең танымал өнім ретінде жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды атай аламыз. Бұл өнім міндетті саналады және өндірісте жұмысшылар қандай да бір оқыс жағдайға тап болған кезде оларды қорғауға бағытталған. Шағын және орта кәсіпорындар үшін қымбат емес саналатын осы өнімнің арқасында жұмысшылар жазатайым оқиғаға тап болса немесе жарақат алса олардың табысы қорғалады. Яғни жұмысшының жоғалтқан табысын сақтандыру компаниясы өтеп береді. Бұл өнім жұмыс берушілердің еңбек шартын жақсартып, өз жұмысшыларының қауіпсіздігін арттыруға ынталандырады. Өндірісте жазатайым оқиға азайған сайын сақтандыру келісімшартының да құны арзандай түседі. Осылайша, бұл сақтандыру өнімі әлеуметтік функцияны да қоса атқарып отыр.
Беделді өнімдер қатарында ерікті медициналық сақтандыру да бар. Қазір ерікті медициналық сақтандыру корпоративтік клиенттердің прерогативі – әлеуметтік пакеттің құрамдас бөлігі, кәсіби персоналды тарту және ұстап тұрудың ең тиімді мотивациялық құралының бірі. Көп жағдайда сақтандырудың бұл түрін негізінен компания қызметкерлері, жоғары және орта буын басшылары, бизнес иелері және олардың отбасы мүшелері пайдаланады.
Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:
– Nomad Life 2012 жылдан бері өмірді сақтандыру нарығында жетекші рөлге ие. Халықаралық S&P Global Ratings агенттігінің «BB+» (тұрақты) деңгейінде баға беруі де компанияның сенімді позициясын көрсетеді. Компаниямыздың дамыған жеке сатылым желісі, өңірлік 12 кеңсесі мен 17 филиалы жұмыс істейді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы KPMG және Forbes Kazakhstan журналы жүргізген зерттеуде «өмірді сақтандыру» бағытында рейтинг көшін бастады. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша актив көлемі 222,7 млрд теңгеге жетті, сақтандыру резерві – 170,6 бөлістірілмеген табыс – 9,4 млрд теңге. Nomad Life-тың өмірді сақтандыру саласындағы нарықтық үлесі 29,9 пайызға дейін ұлғайды. Аннуитетті сақтандыру, зейнетақы аннуитеті және «еңбек міндеттемесін орындау кезінде жұмысшыларды жазатайым оқиғадан сақтандыру» сегментінде лидерміз.
Олег ХАНИН,
«Коммеск-Өмір» сақтандыру
компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:
– 2021 жылдың 19 қарашасында «Коммеск-Өмір» компаниясына 30 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш болып сақтандыру қызметін жүргізуге лицензия алдық. 90-жылдары жұмыс бастаған кезімізде сақтандырушылар саны геометриялық прогрессиямен өсті. 1994-95 жылдары 600-700 компания бар еді. Солардан қазір екі компания қалған, соның бірі – біз. Біздің команда сенімділігі мен қабілетін дәлелдеу үшін көп тер төкті. КИАС ақпараттық аналитикалық жүйесін енгізу компания үшін ерекше маңызды оқиға болды: халықаралық рейтингке ие болдық, ребрендинг жасадық, өмірді сақтандыру бойынша еншілес компания аштық. Компаниядағы көпшілік көп тұтынатын өнім – автожүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру. Корпоративті секторда АвтоКАСКО, медициналық сақтандыру, мүлікті сақтандыру танымал болып саналады.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылға таман сала толықтай цифрланады деді. Сіздерде қызметтер мен процестерді цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр?
Олег ХАНИН:
– Сақтандыру нарығындағы цифрландыру бірінші кезекте 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды полистің және онлайн-сақтандырудың енгізілуімен байланысты. Соңғы жылдарда белең алған нарықтағы мұндай ең ауқымды технологиялық өзгеріс клиент
үшін ыңғайлы әрі тиімді. Кеңсеге баруға қажеттілік жоқ. Әрі электронды полисті сату кезінде клиентке 10 пайызға дейін жеңілдік те жасай алады. Онлайн-төлем де клиентпен қарым-қатынасты оңайлатады, сервис көрсеткіштерін күшейтеді. Процедураларды цифрландыру жаңа IT-өнімдерді енгізуге және дайын процестерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Жаңа цифрлы өнімдер сатылымды да арттырады, сервисті де жақсартады. Қазір отандық компаниялар мобильді қосымша шығарып, мессенджерде чат-бот ашуда. Жақын келешекте ақылды сақтандыру технологиялары енгізілмек. Мұндай технологиялық өзгерістер сақтанушылардың жеке деректерін қорғауға, кибералаяқтармен күресуге жағдай жасайды.
Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:
– Жазатайым оқиғалардан жұмысшыларды міндетті сақтандыру келісімшартын қашықтан жасайтын onl.kz және өмірлік ерікті жинақтаушы сақтандыруға негізделген nomadcapital.kz сайттарын қолданысқа енгіздік. Клиенттермен онлайн қарым-қатынасқа көшу бойынша алға ауқымды міндеттер қойып отырмыз. Қазірдің өзінде клиенттер жеке кабинеті арқылы компания туралы біле алады, кезекті төлемдерін жасайды, түрлі функциялар бойынша онлайн-өтініш бере алады.
Раушан ЕРЖАНОВА:
– Бізде онлайн сақтандыру қызметкерлердің қатысуынсыз жүзеге асырылады. Қазір автокөлік иелерінің жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру келісімшартына қатысты қағаз полистер жоқ. Барлық сақтандыру компанияларының сайты арқылы клиенттер өз бетінше анкета толтырып, сақтандыру сыйақысын есептеп, интернетпен төлем жасап, бірыңғай сақтандыру деректер базасынан өз сақтандыру полисінің бірегей нөмірін ала алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ерікті сақтандыруды онлайн режімге көшіру тәртібін және сақтандыру төлемдерін реттеуге қатысты процестерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Назым БЕКБОЛАТОВА:
– Банкте немесе поштада кезекте тұрып операциялар жасайтын кез келмеске кетіп барады. Қазір түрлі құжаттарды да тасып жүрудің керегі жоқ. Бұл өте ыңғайлы, уақытты үнемдейді. Бұдан сақтандыру саласы да тысқары қалмайды. Қазір клиенттеріміз сақтандыру төлемдері мен рәсімдеуді онлайн форматта іске асырады. Сақтандыру нарығының бір бөлшегі ретінде біз де бұл процеске белсенді араласамыз және әрі қарай цифрлы қызметтерді дамытамыз.
– Клиенттерге unit-linked инвестициялық құралын ұсындыңыздар ма? нарықта жаңа шетелдік өнімдердің пайда болуы саладағы бәсекелестікке қалай әсер етеді?
Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:
– Nomad Life – өз клиенттеріне Unit-linked инвестициялық сақтандыру өнімін ұсынып отырған өмірді сақтандырушы бірегей компания. Қыркүйектің қорытындысы бойынша 2021 жылы жиналған сыйақы портфелі 8,4 млрд теңгені құрады. Инвестициялық өнім клиенттерді қызықтырады, өйткені оның механизмі қарапайым және табысы да әжептәуір жоғары. Unit-linked – инвестицияларды ұзақ уақытқа сатып алып, ұстап тұруға болатын пассивті инвестиция. Бұл ұзақ мерзімді инвесторларға қолайлы. Біздің бағдарламамызда
клиент инвестициялау стратегиясын өзі таңдайды және өзі басқарады. Ол үшін қор нарығының ұңғыл-шұңғылын білудің де керегі жоқ. Өзіміз әрбір инвестициялық портфелдің (олардың саны бізде – 10) табыс тарихы туралы терең талдау ұсынамыз. Клиент тәуліктің кез келген уақытында жеке кабинетіне кіріп, қаржысының айналымын бақылап, бір портфельден екіншісіне ауыса алады. Биылдан бастап бағдарлама тағы бір бонус ұсынды – 10 пайыздық салық жеңілдігі (жылына 320 АЕК-тен аспайтын төлемге). Бұл жеңілдік келісімшарт жасау және шотты толтыру кезінде әрекет етеді.
Инвестициялық сақтандыру өнімдері банк депозиттеріне тамаша альтернатива. Бірақ инвестициялау тәуекелінің де клиент мойнына артылатынын ұмытпау керек. Қор нарығында клиенттің еселеп табыс табуы да, түк кіріссіз қалуы да мүмкін. Клиенттеріміз үшін әртараптандырылған бірнеше инвестициялық бағыт дайындап қойдық. Төменде іске қосылғалы бері (01.11.21) біздің инвестициялық портфеліміздің шартты бірліктерінің өсімі көрсетілген.
Портфель |
Шартты бірліктердің өзгеруі |
|
Іске қосыл-ғаннан бері |
Іске қосылған уақыт |
|
АҚШ-тың 500 ірі компаниясы |
36,4% |
01.10.2020 |
Жоғары технологиялар |
35,1% |
01.10.2020 |
Қытай қор нарығы |
-5,6% |
01.10.2020 |
АҚШ-тың 100 ірі IPO компанясы |
-0,2% |
04.02.2021 |
Энергетика |
98,6% |
01.10.2020 |
Денсаулық сақтау |
27,2% |
01.10.2020 |
Алтын өндіру |
-14,6% |
01.10.2020 |
АҚШ қазынашылық облигациялары |
-0,7% |
27.07.2021 |
Еуропа қор нарығы |
0,2% |
29.10.2021 |
Ресей қор нарығы |
0,2% |
29.10.2021 |
Халықтың инвестциялық және кепілді ставкадағы сақтандыру өнімдеріне деген қызығушылығы артқан сайын эмитенттердің де қазақстандық қор биржасында қор жасауға деген мотивациясы артады. Әрине, бұл жағдай Қазақстан қор нарығын дамытуға серпін береді.
– Қазір ұйымдар клиентті көптеп тарту үшін және көп табыс табу үшін кепілді пайыздық ставкамен шетел валютасында сақтандыру өнімдерін белсенді ұсынып жатыр. Кейбір ұйымдар тіпті жылдық 3,5-4 пайызға дейін мөлшерлеме ұсынады. Банктердегі депозит бойынша жылдық пайыздық ставка 1 пайыздан әрең асатынын ескерсек, клиенттерге сақтандыру ұйымдарының ұсынысы ұнайтыны белгілі. Сіздің компания клиенттерге кепілді ставкамен шетел валютасында сақтандыру өнімдерін ұсына ала ма? Сәйкесінше, компанияның жылдық инвестициялық табысы қандай?
Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:
– Біздің кәсіпорын – кепілді пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен шетел валютасында ерікті жинақтау сақтандыруды қолға алған компаниялардың алғашқысы. 2018 жылы жылдық тиімді ставкасы 3,41 пайызға дейінгі ZOLOTO NOMADOV деген валюталық бағдарламаны іске қостық. Неліктен жоғары кепілді ставка ұсына аламыз? Сақтандыру компаниялары бизнес моделінің екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы – компания міндеттемесі өз клиенттеріне берген несиемен емес, құнды қағаздармен қамтамасыз етіледі. Осы бизнес-модель арқылы сақтандыру компанияларының несиелік тәуекелі барынша басқарылады. Валюта міндеттемесін қамтамасыз ету үшін Nomad Life инвестициялық деңгейдегі (S&P, Moody’s, Fitch рейтинг агенттіктерінің «ВВВ-»-ден төмен емес деңгейі) Қазақстан резиденттері мен резидент еместердің мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздарын алды. Инвестициялаудың негізгі принциптері: шетел валютасындағы актив мөлшері шетел валютасындағы міндеттемелерден кем болмауы керек және активтердің кірістілік нормасы міндеттемелердің кірістілік нормасын жабады. Қалыптасқан инвестициялық портфель бойынша қазіргі табыстылық 7,62 пайыз, бұл міндеттемелер бойынша ставканы жабуға мүмкіндік береді.
– Биыл сақтандыру сыйақыларының көлемі 10,5 пайызға, ал активтер 19 пайызға өсті. Мұндай өсімнің сыры неде және сақтандыру өнімдерінің қымбаттауына қарамастан ерікті сақтандыруға деген сұраныстың күшеюін қалай түсіндіруге болады?
Ләззат БОРАНБАЕВА:
– Сақтандырушы активтеріне капитализация, сақтандыру резервінің өзгеруі, сақтандыру өнімдерінің шығыны, сақтандырушының табысы, активтердің қандай формада, қандай валютада сақталғаны, құнды қағаздар бағасының өзгеруі сияқты көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, соңғы жылдары қор нарығының индекстері өсті, демек көптеген сақтандырушының активтері де көбейді. Расымен, соңғы жылдары сақтандыру сыйақысының өсуі бүкіл әлемде байқалып отыр. Бұл бірінші кезекте табиғи катаклизм, ауа райы өзгерістері, авиациялық апат, өндірістегі апат, COVID-19-ға байланысты туындаған сақтандыру төлемдерінің көбеюіне байланысты. Әлемде болып жатқан баға үрдістері бізге де тікелей әсер етеді.
Біздің адамдардың санасында әлі кеңестік жүйенің сарқыншағы бар. Сол себепті, сақтандыру мәдениеті жеткілікті деңгейде дамымай жатыр. Әлі күнге өрт болса, апат болса, мүлкіне зиян келсе адамдар мемлекеттен қолдау күтеді. Оның үстіне кейбір сақтандыру компанияларының сақтандыру төлемінен бас тартуы да сақтандыру мәдениетіне кері әсерін тигізуде. Дегенмен адамдар сақтандырудың артықшылығын түсініп келеді, соған сай компаниялар да кәсіби қызмет етуге тиіс. Соған қарап одан әрі ерікті сақтандыру өнімдеріне сұраныс арта түседі деуге толық негіз бар.
– Сақтандырушыға да сақтық керек. Компанияда көпдеңгейлі өзін өзі қорғау жүйесі бар ма?
Назым БЕКБОЛАТОВА:
– Иә, ең басты нәрсе клиенттер мүддесін қорғау болғандықтан компанияның өзі де қорғалған болуға тиіс. Клиент алдындағы қазіргі және келешек міндеттемесін кез келген уақытта толық көлемде орындай алуы және әр кез төлем қабілеті болуы үшін сақтандыру компаниялары істеуге тиіс заңмен бекітілген талаптар бар. Барлық талап халықаралық талаптар және төлем қабілеті стандарттарымен сәйкеседі. Бірінші ретте компания – жарғылық капиталдың минималды мөлшері, төлем қабілеті маржасының жеткілікті нормативі, инвестициялық қызмет, жоғары өтімді активтердің жеткілікті болуы және активтерді әртараптандырудың нормативі сияқты түрлі талаптарды орындауға міндетті. Осы көрсеткіштер арқылы өмірді сақтандыру әлемде тұрақты болып отыр.
Компания ішінде де түрлі комитеттер жұмыс істейді. Олар инвестиция мен сақтандыру тәуекелдерін қарастырады. Сөйтіп, ыңғайлы шешім қабылдайды. Сондай-ақ компанияның төлем қабілетін қамтамасыз етуге тиіс мамандар бар. Мысалы, актуарий, ол – сақтандыру компаниясы міндеттемесін бағалайтын, сақтандыру резервтерін есептейтін кәсіби маман. Түрлі тәуекелді бағалап, төлем қабілеті тестін жүргізетін тәуекел-менеджерлер бар. Одан бөлек, ішкі аудит, комплеанс-бақылау сияқты қызметтер де мүлтіксіз жұмыс атқаруы керек. Ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін ақпараттық қауіпсіздік және технологиялар бөлімінің де жұмысы айырықша маңызды. Сондай-ақ компаниялар өз тәуекелдерін қайта сақтандыру жүйесін де пайдаланады. Яғни клиенттен қабылдап алған тәуекелінің бір бөлігін өзге сақтандырушы ұйымға береді. Сөйтіп, өзін ықтимал ауыр әрі ірі шығыннан қорғайды. Осының бәрі компанияның көпдеңгейлі қорғау жүйесін қалыптастырады.
Раушан ЕРЖАНОВА:
– Компания қызметінде тәуекелдерді басқару ерекше маңызға ие. Компания саясатына сәйкес тәуекелді басқару жүйесі құрылған. Соның аясында тәуекелдер дер уақытында анықталып, шаралар қолданылады. Компания келесідей органдар мен бөлімдерді тарта отырып бірнеше деңгейлі тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптайды: директорлар кеңесі, басқарма, алқа-кеңес органдары, тәуекел-менеджмент бөлімі, ішкі аудит қызметі, комплеанс-бақылау қызметі және басқа да құрылымдар.
– Клиент неліктен сіздің ұйымды таңдауы керек?
Олег ХАНИН:
– Компанияның 30 жылдық тәжірибесі бәрін кәсіби түрде жоспарлап, басқаруға мүмкіндік береді. Клиент қажеттілігін зерттей отыра өнімдер ұсынамыз. Барлық өңірде жұмыс істейміз және әр клиентке қызмет көрсетіп, сақтандыру өнімдеріне қолжетімділік жасаймыз. Компанияның маңызды сервистік құрамдас бөлігі – сақтандыру төлемдерін уақтылы қамтамасыз ету және шағымдарды реттеу процесін оңтайландыру, клиенттерді ақпараттандыру және жаңа технологияларды қолдану тұрғысынан оның шағымдарды реттеу саясаты. A.M.Best халықаралық рейтинг агенттігінің бағалауы біздің компанияның ашықтығын, ұстаным тұрақтылығын, өз міндеттемелерін толық және уақтылы орындаудың жоғары қабілеттілігін көрсетеді. Клиент пен серіктестер алдындағы міндеттемелерін орындаудың кепілі үшін CAT XL келісімі аясында компания барлық катастрофиялық тәуекелдерді қайта сақтандырады. Біздің жаһандық серіктестеріміздің бірі – әлемдік нарықтағы лидер – Zurich Insurance Company компаниясы. Қаржылық есептілік аудитін халықаралық Grant Thornton аудиторлық компаниясы жүргізеді. Сондай-ақ компания «Сентрас Коммеск Life» өмірді сақтандыру еншілес компаниясы» АҚ еншілес ұйымын ашты және екі медициналық клиника жұмыс істейді.
Раушан ЕРЖАНОВА:
– «Виктория» СК» АҚ жеке және заңды тұлғаларға толық кешенді және кәсіби түрде қызмет көрсетеді. Актив пен меншік капиталының көлемі, сондай-ақ андеррайтинг және қайта сақтандырудың тиімді саясаты кез келген тәуекелге сақтандыру жасауға мүмкіндік береді. Тиісінше, компания клиент алдында өз міндеттемесін толыққанды орындауға әрқашан кепіл болады.
Назым БЕКБОЛАТОВА:
– Компания клиенттер алдындағы міндеттемесін әрқашан орындайды және орнықты қаржылық көрсеткіштерімен сенімді сақтандырушы ретінде абырой-беделге ие. Компанияның бөліп-жара айтар негізгі басымдығы – әрбір клиентке жеке көңіл бөлуі, өмірді сақтандыру саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарды пайдалана отырып клиент қажеттілігіне орай жедел және кешенді шешім қабылдауы. Компанияда жергілікті және халықаралық сақтандыру компанияларында тәжірибе жинаған жас әрі күшті кәсіби мамандар жұмыс істейді.
– Пандемия және экономикалық құлдырауға байланысты тәуекелдер, теңгенің құнсыздануы, инфляция өсімі компания жұмысына қалай әсер етті?
Назым БЕКБОЛАТОВА:
– COVID-19 сияқты пандемияны алдын ала болжап білу қиын, дегенмен сақтандыру саласы бұл сынақтан сәтті өтті, тіпті аталған қиын-қыстау кезеңде айтарлықтай өсім де көрсетті. Бұл ретте қаржы секторының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдаған қадағалаушының еңбегін атап өту қажет. Пандемия сақтандыру компанияларын өз процестеріне басқа қырынан қарауға, цифрландыру қарқынын жеделдетуге, технологиялық процестерге назар аударуға үйретті.
Олег ХАНИН:
– Көптеген сақтандырушы, оның ішінде біздің компания да бизнесті жүргізуге қатысты көзқарасын қайта қарады. 2020 жыл сақтандыру қызметтерін мейлінше онлайн форматқа ауыстыру, қашықтан қызмет көрсету керегін ұғындырды. Бұл тек сатылымға ғана емес, шығындар мен басқа да процестерді реттеуге қатысты. Пандемия жақын уақытта цифрландырудың маңызды трендке айналарын көрсетіп берді. Сонымен қатар нарықтағы алапат өзгеріс медициналық нарықта (коронавирустан сақтандыру, телемедицина, қауіпті індеттерден сақтандыру) және өндірістің тұралап қалуы, кибертәуекел, қаржылық шығын жағдайында жаңа өнімдер жасауға ынталандырды.
– Кей елдерде сақтандыру секторының табысы банк секторынан асып түсіп жатады. Қазақстандағы сақтандыру секторының тиімділігі қай деңгейде?
Олег ХАНИН:
– Ұлттық банк дерегінше биыл 8 айда сақтандыру саласының табысы 419,1 млрд теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда 50,4 пайызға өсім бар. Осы уақыт кезеңінде инвестициялық қызметтен 84 млрд теңгеден астам кіріс түскен. Былтырмен салыстырғанда 5,5 пайызға төмендеу байқалады. ІЖӨ-дегі сақтандыру секторы активтерінің үлесі 2,3 пайызды құраса, ІЖӨ-дегі сақтандыру сыйақыларының үлесі – 0,87 пайыз.
Раушан ЕРЖАНОВА:
– 2021 жылдың бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша сақтандыру қызметінен түскен табыс былтырмен салыстырғанда 56 пайызға жоғары. Сақтандыру төлемдері бойынша резерв 27,5 пайызға өскен. Ал операциялық қызмет шығындары – 63 пайыз. 6 айда сақтандыру секторының таза табысы 70,4 млрд теңге болды. 2020 жылдың 6 айымен салыстырғанда 6,6 пайызға көп. Сақтандыру сыйақысының өсуі сектор табысының 48,5 пайызға өсуіне (381 млрд теңгеге дейін) алып келді. Бұл ретте сақтандыру активінің орташа ыңғайлы тиімділігі аздап төмендегенін байқауға болады (2020 жылдың 6 айында 5,2 пайыздан 2021 жылдың 6 айында 4,5 пайызға дейін). Капитал тиімділігі де (ROE) 11,5-тен 10,3 пайызға төмендеген. Сондықтан нарық тиімділігі құлдырап тұр деуге болады. Бұл ретте нарықта тиімділігі орташа нарықтық көрсеткіштен жоғары тұратын компаниялар да бар. Осыған қарап келер жылы сақтандыру сыйақысының өсуі жалғасады, ал тиімділік теңеседі деген болжам бар.
– Соңғы жылдары зейнетақы аннуитеті танымал бола бастады. Жыл басынан бері қанша клиент зейнетақы аннуитеті келісімшартын жасады?
Мәди ШАЛҒЫМБАЕВ:
– 2021 жылы біздің компаниямен 3 мыңнан астам зейнетақы аннуитеті келісімшартына қол қойылды. Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің енгізілуі де бұған өз әсерін тигізді. Яғни клиент 40 жастан бастап компаниямен келісім жасасады, ал компания өмірді сақтандыру бойынша төлемді клиент 55 жасқа толған соң төлей бастайды.
Олег ХАНИН:
– Зейнетақы аннуитеті зейнетке ерте шығуға мүмкіндік береді: әйелдер – 52, ерлер – 55 жастан. 2021 жылы 55 жастағы ер азаматтар үшін зейнетақы аннуитетін рәсімдеудің жеткілікті сомасы 6,7 млн теңге болды, ал әйелдер үшін (51,5 жаста) – 9 млн теңге. Сонымен қатар 45 жаста кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін пайдалануға болады. Оны сатып алу үшін ер адамның шотында – 6,1 млн, әйел адамның шотында 7,7 млн теңгеден кем емес ақша болуы керек. Бұл ретте төлем 55 жастан бастап жасалады.
Жақында тағы бір өнімді енгізу көзделіп отыр, ол – біріккен зейнетақы аннуитеті. Яғни ерлі-зайыптының зейнетақы жинағын біріктіру және көп жағдайда әйелдерде зейнетақы сомасы аз болатындықтан әйелдің пайдасына табысты бөлістіру.