Аймақтар • 28 Желтоқсан, 2021

Жаңашыл жастарға серпін берді

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Мемлекеттік хатшысы Қырым­бек Көшербаев «Креативті ин­дуст­рияны дамытудың келешегі» та­қы­ры­бында жастармен кездесу өткізді.

Жаңашыл жастарға серпін берді

Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жан­сейіт Түймебаев, көрнекті ғалымдар, универ­ситеттің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Кездесуде Қырымбек Көшербаев Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамыту мақсатында берген тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағытта алғашқы жұмыстар басталды. Үкімет креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсе құрды. Қараша айында «2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасы» қабылданды. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларында бизнес-инкубаторлар, орта­лықтар мен хабтар құру қарастырылған. Алматы қаласында құрылатын бизнес-инкубаторға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негіз болуы керек деп есептеймін. Оған толық мүмкіндіктер бар. Жалпы, кез келген қоғамда креативті идеяларды тудыратын орта – жоғары оқу орындары мен ондағы энтузиаст жас ғалымдар. Бұл тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақтың интелектуалды тарихында бұрын­нан көшбасшы», деді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен қатар Қырымбек Көшербаев студенттермен кездесу барысында креативті индустрияны дамыту үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау қажеттігін жеткізді.

«Креативті индустрияны дамыту үшін кадр даярлау маңызды. Мәселен, Батыс елдерінде ақын-жазушылардың кітаптарын жарнамалап, сату ісімен әдеби агенттер айналысады. Сол секілді біздің де қаламгерлердің туындыларын шет тілдеріне аударып, нарыққа шығарумен айналысатын білікті мамандарды даярлау қажет. Бұдан бөлек, цифрлы жаңа технологияның қарқынды дамуы да жаңа мамандықтардың, курстардың ашылуын міндеттеп отыр», деді Қырымбек Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы атап өткендей, қазір дамыған елдерде экономикалық өсімнің негізгі бөлігі креативті индустрияға тиесілі. Мәселен, осы салаға жататын мәдени және шығармашылық индустрия әлем бойынша жылына 2,2 трлн доллар қаржы тауып, экономиканың өзге де салаларын (туризм, сауда, IT) дамытуға септігін тигізіп отыр. Жастардың (18-25 жас) негізгі бөлігі аталған салаларда жұмыс істейді. Ал Қазақстан экономикасындағы креативті индустрияның үлес салмағы бар болғаны 2,7%-ы құрайды (Ұлыбританияда креативті индустрия ІЖӨ-нің 14%-ы). Бізде бұл салаларда жұмыспен қамтылған азаматтардың 3,5% ғана жұмыс істейді (310 мың адам). Қырымбек Елеуұлы жастарға талант пен бизнесті ұштастыру арқылы креативті индустрияның дамуына сілкініс жасайтын орта қалыптастыру қажеттігін баса айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқар­ма төрағасы – ректоры Жансейіт Түйме­баев құрметті қонақтарға университетке келіп, креативті индустрияны дамытуға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. ҚазҰУ ректоры кездесудің университеттің талантты жастары үшін маңызы зор екенін атап айтты. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер Мемлекеттік хатшы Қы­рым­­бек Елеуұлына өздерін қызықтырған сұ­рақ­тарын қойып, креативті индустрияны дамы­ту бойынша жаңа идеяларын ортаға са­лды. Заң факультетінің 1-курс докторанты Ақерке Жақыш креативті индустрияны дамы­туға үлес қосатын жастар үшін жаңа білім беру бағ­дар­ламасын іске қосу қажет екенін атап өтті.

«Осы мақсатта креативті салалар үшін даму қорын құру және инвестициялық және қаржылық саясатта, салық салуда, импорт пен экспортта белгілі бір ынталандыруларды қолдану қажет деп санаймыз. Сондай-ақ креативті индустрияның дамуына өз үлесін қосатын жас таланттарды оқыту үшін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынамыз», деді Ақерке Жақыш.

Кездесу аясында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы бастаған делегация Әл-Фараби кітапханасындағы университет ғалымдарының еңбектері қойылған ғылыми жетістіктер көрмесімен танысты.

 

АЛМАТЫ