Польша компанияларының бірі адамға екі сағаттай уақыт ішінде ұйқы қандыруға мүмкіндік беретін құрылғы ойлап шығарды. Бұл туралы Utro.ru хабарлады.
Құрылғының пішіні бетке киілетін маска тәрізді. Оған қондырылған тетіктер ағзаның биологиялық сигналдарын, соның ішінде мидың қызметін, көз алмасының қимылы мен бұлшық ет қозғалысын өлшейді. Алынған деректер Bleutooth арқылы смартфонға жіберіліп, арнайы бағдарламамен «ұйқы картасы» құралады. Осылайша, құрылғы иесі бағдарламаның берген кеңестеріне сүйене отырып, ұйқыға жұмсалатын уақытты белгілей алады.
Бағасы 225 долларды құрайтын NeuroOn атты құрылғыны өндіріске шығаруға интернет пайдаланушылар көмектескен екен. Жаңа өнертабыс авторлары әлеуметтік желілердің біріне құрылғыны сипаттап, оны өндіріске шығаруға 100 мың доллар керек екенін жазған. Алайда, жаңа құрылғының интернет пайдаланушыларды қызықтырғаны соншалық, олар өнертапқыштарға 430 мың доллар жинап беріпті. Жалпы, ғалымдарға 1,5 мың адам қаржылай қолдау білдірген. Дегенмен, дәрігерлер жаңа құрылғыны қолдамай отыр. Олардың пайымынша, «ұйқы картасын» тым жиі қолдану денсаулыққа зиян келтіреді.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Utro.ru.
Фото: B-port.com.