Қоғам • 29 Желтоқсан, 2021

Зарбап анаға зиярат етілді

1126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей ұжымы соңғы жылдары «Ясауи ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедициясын, ұйымдастырып, әулиенің ізі қалған жерлерді шарлап жүр. Жуықта осы топ Ақмола өңіріне сапарын жалғастырып, нәтижесінде, Есіл ауданы аумағынан қазақ даласындағы ежелгі қожалар әулетімен кіндіктес Зарбап ананың басына барып қайтты.

Зарбап анаға зиярат етілді

Ардақты ананың жамбасы тиген жер аудан орталығынан елу шақырым қашықта орналасқан Свободный ауыл­дық округінің іргесі екен. Зират тұрған жерді жергілікті халық бұған дейін «Зарбап төбе» деп атап келіпті. Ауыл тұрғыны Болат Мұсатаев қарияның айтуына қарағанда, бұл төбеге ерте кезде зиярат етіп келушілер тым көп болған екен. Тіпті кейбір өлкетанушылар Зарбап ана әулиенің өз кіндігінен тараған дейтін пайым айтуда. Оған дәлел – нысанның іргесіне қойылған таныстыру тақтада «Зарбап ана Қожа Ахмет Ясауидің ұрпағы» деп айқара әріптермен жазылыпты (суретте).

Бір өкінерлік жағдай, қасиетті ана зира­ты республикалық, болмаса облыс­тық қасиетті нысандар тізіміне тіркел­меген. «Бұл зират Ұлы дала мен Түркістан аймағының ортағасырлық рухани тарихымен байланысты деген пікірдеміз. Зарбап ана Қожа Ахмет Ясауи ұрпағынан қазақ жерінің солтүстік далалық бөлігінде ғажайып із қалдырған тұлға. Бұл тақырыпты бұдан әрі зерттеу ислам дінінің, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи ілімінің қазақ жеріне тарау барысын сарапқа салуға, ой түюге мүмкіндік береді», дейді өлкетанушы-ғалым Жамбыл Омарұлы.

Аңыз-әңгімелерге құлақ түрсек, Зарбап ананың жұбайы Саполат ерте дүние салып, жетім қалған екі ұлы Шәй­көз, Баржақсыны өзі асырап жеткізіпті. Қазір осы екі ұлдың ұрпағы қос рулы елге айналып, Орта жүз құрамында уақ тайпасының үлкен аталық тобын құрап отырған көрінеді.

Сондай-ақ төбе басындағы Зарбап ана зираты айналасында тоғыз қабірдің сұлбасы сақталған. Мүмкін, олар да бел­гілі тұлғалар, бәлкім ұрпақтары болар, дейді жергілікті халық. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Зарбап ана Түркіс­таннан сегіз жасында осы жерге келген-мыс. Кейбір деректерде бойжеткен қыз ретінде ұзатылып келген деген де нұсқа бар.

Ел арасында Зарбап ананың кереметі туралы әңгімелер көп сақталған. Әулие ана өзі жатқан төбенің үстіне шығып, жылдың қалай өтетіндігі, алда болатын қуаныштар мен қауіп-қатерлер туралы болжам айтады екен. Соған қарағанда, Зарбап ана табиғаттың тылсым сырын білетін, ай есебіне жетік, ауа райы мен мезгіл құбылысын аңдай алатын сұңғыла адам болғаны анық.