Украинадағы жағдайға назар аударылды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі. Әңгімелесу кезінде Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ алдағы 24-25 наурызда Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке дайындық барысы талқыланды. Екі мемлекеттің басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты. Украинадағы ішкі саяси жағдайдың дамуына айрықша назар аударылды. Қазақстан мен АҚШ Президенттері Украинадағы дағдарысты осы елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін және барлық мүдделі тараптарды жақындастыруға септігін тигізетін дипломатиялық әдістерді пайдалана отырып бейбіт жолмен реттеу қажеттігін қуаттады. Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселе үдеріске қатысушылардың барлығының келіссөзі арқылы ғана шешілуге тиіс екенін атап өтті. Өз кезегінде Барак Обама Украинадағы жағдайды реттеу үшін БҰҰ немесе ЕҚЫҰ тәрізді халықаралық ұйымдардың атсалысуымен пәрменді тетіктер қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.Мүдделі тараптар үнқатысуы – ұтымды құрал
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федералдық Канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі. Екі елдің басшылары Қазақстан-Германия екіжақты қарым-қатынастарының жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Германияға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар негізіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелерін талқылады. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ангела Меркель Украинадағы ішкі саяси ахуалдың дамуымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті украиналық дағдарысты барлық мүдделі тараптар арасындағы үнқатысу жолымен, бұл елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, өзара күш көрсету мен ультиматумдардан бас тарту үшін халықаралық бітімгершіліктің ықтимал тетіктерін пайдалана отырып, дипломатиялық тұрғыда реттеудің маңыздылығын қуаттады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қажет болған жағдайда Украинадағы ахуалдың бейбіт жолмен шешілуі үшін ымыралы шешімдерді әзірлеуге өзінің сындарлы үлесін қосуға дайын екендігін жеткізді.