«Бас мердігер «Теплоэнергострой» ЖШС Тамдыдан «Еркін күшке» қарай құбыр тартып, жұмысты екі ай шамасында аяқтады. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 50 млн теңге жұмсалды. Бүгінде Алға ауданы тұрғындарының 98,3 %-ы көгілдір отынға қол жеткізді. Газ құбыры өткізілгеннен кейін «Еркін күшке» көшіп келушілер көбейетін түрі бар. Бұл ауыл Ақтөбе қаласынан 50 шақырым жерде, «Ақтөбе-Атырау» тасжолының бойында орналасқан. 500 тұрғыны, бастауыш мектебі бар. Ауыл ішінде 2 шақырым таратушы желілері жүргізілді. Келесі жылы көршілес Талдысай ауылына да газ келмек. Оған облыстық бюджеттен 70 млн бөлінді. Сонда Алға ауданы бойынша көгілдір отын жеткізілмеген жалғыз ауыл – Жерұйық елді мекені ғана қалды. Үшқұдық ауылдық округінің Жерұйық ауылында 250 адам тұрады. Осы ауылға көгілдір отын жеткізудің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп қойдық», дейді Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов.
Ақтөбе облысында газдандыру жобалары «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша қаржыландырылуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, «Жерұйық» жобасы мерзімінде аяқталса, онда Алға ауданы облыстағы барлық елді мекендері газдандырылған ең бірінші аудан болады. Одан кейінгі кезекте Хромтау ауданы тұр. Хромтау ауданының Құдықсай елді мекеніне газ құбырын жүргізу алдағы сәуірде басталмақ.
«Еркін күш» ауылындағы газ құбырының берілу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Оңдасын Оразалинге Алға ауданының Құрметті азаматы, жасы 80-нен асқан әже, алты баланың анасы Талан Ескелдина бірнеше көшенің жарықтандырылып, ауылдық округ орталығы Тамды елді мекенінің көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына ризашылығын білдірді. «Біздің ауылдың адамдары еңбекқор. Әр үйдің ауласында өз құдығы бар, жұрт мал бағып, егін егіп, бау-бақша өсіреді. Жаз бойы тракторы бар адамдар шөп шауып, жан-жаққа апарып сатады. Бұл өзін-өзі асырап отырған ауыл», дейді ол.
Ауыл тұрғыны Альбина Оңғар өз отбасының көмір мен ағаш сатып алуға жыл сайын 200 мың теңге жұмсайтынын, ендігі жерде газдың төлемі көмір жағуға қарағанда арзанға түсетінін әрі от жағу мен күл шығару бейнетінен құтылатынына риза.
Осы сапарымызда Алға ауданы Бесқоспа ауылдық округіне қарасты Есет батыр ауылындағы медициналық амбулаторияның ашылу рәсіміне қатыстық. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджеттен 121 млн теңгеге қаржыландырылып, бас-аяғы 4 айдың ішінде салынған медицина мекемесі. Алға аудандық ауруханасының бас дәрігері Қанат Медеубаев амбулаторияға бір дәрігер, төрт медбике штаты бекітілгенін айтты. Ендігі жерде ауыл жұрты кез келген дәрігерлік көмек үшін аудан орталығына шапқыламайды. Алғадағы аудандық аурухананың тіс дәрігері аптасына бір рет осында келіп жұртқа қабылдау жүргізеді. Құрылыс жүргізген мердігер емдеу мекемесін жиһаздармен, медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықтаған. Осылайша, 2 мың тұрғыны бар Есет батыр ауылы тұрғындары Жаңа жыл қарсаңында жаңа медициналық мекеменің жұмысын бастағанына риза.
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы