Бағдарламаның мақсаты көрермендерге әлем мемлекеттерінің ірі қалаларының танымал туристік орындарын таныстыру болып табылады. Осы орайда арнаның түсірілім тобы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанға арнайы келген болатын. Бір апта бойы елорданың көрікті орындарының тарихын баяндай отырып, түсірген еді. Бұл жоба ТРТ-1 мемлекеттік телеарнасы мен Юнус Эмре институты арасында қол қойылған ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды.
Бағдарламаның басқа бөлімдері Амстердам, Вена, Мостар, Варшава, Будапешт, Рим, Париж, Доха, сондай-ақ Мәскеу сынды әлемнің үлкен қалаларына арналған. «Қаламызға қош келдіңіздің» алғашқы бөлімінде Сараево, ал екінші бөлімінде Нұр-Сұлтан қаласы көрсетілді. Бағдарламада «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Нұржол» бульвары, «Хан Шатыр» ойын-сауық және сауда орталығы, Қазақстан ұлттық музейі, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Әзірет Сұлтан мешіті, AILAND отбасылық демалыс саябағы, «Атырау» көпірі, ЭКСПО-2017 кешені, «Нұр Әлем» музейі мен Қазақ елі монументі сияқты елорданың ең танымал орындары таныстырылды.
Нұр-Сұлтандағы Юнус Эмре институтының екі оқушысы бағдарламаның концепциясына сәйкес елорданы көрерменге түрікше таныстырды. Сондай-ақ жүргізушілер қазақ ұлттық тағамдарының дәмін татып, ет, бауырсақ пен қымыз, сондай-ақ дәстүрлі садақ ату өнері жайлы мәлімет берді.