12 Наурыз, 2014

Мұратымыз – Мәңгілік Ел

1194 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Prezident_250503

БҮКІЛ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН ОЙЛАҒАН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауларында мемлекетіміздің алдағы уақыттағы дамуының негізгі бағыт-бағдарлары жан-жақты айқындалып, жедел түрде жүзеге асырылатын мақсат-міндеттер, іс-шаралар нақты белгіленеді. Сонымен бірге, бұл міндет-мақсаттардың қандай жолмен қолға алынып, кімдердің атқаратыны да тайға таңба басқандай анық көрсетіледі. Қазақ елінің бүгінгідей жоғары қарқынмен өсіп-өркендеуіне, бүкіл әлем танып, мойындаған тәуелсіз елге айналуына Елбасының осы жолдауларының ықпал-әсері айрықша зор болғандығы даусыз.

МамашевЕлбасының биылғы жылдың басында жарияланған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүд­де, бір болашақ» атты Жол­дауы да осы жақсы дәстүрдің жаңа бірі көрінісі, заңды жалғасы. Осыған орай, бұл Жолдаудың өзіндік ерекшеліктерін де атап айта кеткен жөн. Баршаға мә­лім, Елбасының өткен жылы жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемле­кетінің қатарына қосу міндеті алға қойылған болатын. Содан бергі бір жыл ішінде Қазақстанда Елбасының осы Стратегиясында белгіленген мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға байланысты айтарлықтай көп іс тындырылды. Ал биылғы Жолдау осы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды одан әрі жеделдету мен көздеген мақсатқа барынша тездетіп жетудің жолдары мен мүмкіндіктерін жан-жақты қамтып, нақтылауға арналған.

Бұл ретте, қазіргі заманда қоғам дамуы бұрын-соңды бай­қалмаған зор қарқынмен, ерекше жылдамдықпен алға басып бара жатқанын айта кету керек. Яғни, өткен бір жылда бүкіләлемдік қоғамдастықтың саяси және экономикалық тыныс-тіршілігінде толып жатқан өзгерістер болды, жер жүзінің үлкенді-кішілі мемлекеттерінде көптеген жаңалықтар орын алды. Бұл өзгерістер мен жаңалықтар Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық жағдайына белгілі бір дәрежеде өз ықпалын тигізгені анық. Әлемнің ең беделді мемлекет басшыларының бірі ретінде Н.Назарбаев осы өзгерістер мен жаңалықтарды үнемі жіті қадағалап, олардың нәтижелерін ой таразысына салып, талдап, бағалап отыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясынан Елбасының асқан қайраткерлігі, елдің бүгіні мен ертеңгі өсіп-өркендеуін бүкіл әлемнің даму бағытына дер кезінде бейімдей білетін көшбасшылық ерекшілігі айқын аңғарылады. Соған орай, Қазақстан Пре­зиденті биылғы Жолдауында да бұдан бұрын жарық көрген стратегиясында белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың негізгі бағыт-бағдарын жан-жақты талдап, терең нақтылап, соның нәтижесінде бүгінгі заман талабы мен уақыт ағымына байланысты ең бірінші кезекте қолға алынуға тиіс мәселелерді айқын көрсетіп берген. Бұл орайда Елбасының Мәңгілік Ел болуды көздейтін ұзақ мерзімді стратегияны жүзеге асыру жөнінде нақты бағдарлама ұсынғанын ерекше атап айта кеткен жөн. Яғни, Жолдауда елімізді ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосудың бүкіл мүмкіндіктері мен алғышарттары жан-жақты қамтылған. Мәңгілік Ел идея­сы қазақ халқының сан ға­сыр­лар бойы аңсаған арманы екендігі баршаға мәлім. Ата-бабаларымыздың осы асыл арманы еліміз тәуелсіздік алып, мемлекет тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстағаннан кейін түпкілікті және жан-жақты жүзеге аса бастады. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының құқықтық тұрғыдан ресімделген және әлемдік қоғамдастық бірауыздан мойындаған мем­лекеттік шек­араға қол жет­кізген еді. Бүгінгі күні тарихи шын­дыққа айналған Мәңгілік Ел идеясының шекара біржолата анықталып, белгіленген дәл осы кезеңінен бастау алатыны даусыз. Яғни, осы күннен бас­тап еліміз Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруға нық қадам басты. Және осы жылдарда Қазақстан өмірдің барлық саласында бүкіл әлем мойындаған айтулы табыстарға қол жеткізді. Елбасының Жолдауына шетелдегі қазақ диаспорасы да айрықша қызығушылық танытып отыр. Өйткені, шетелдегі қазақтар – қай елде тұрса да қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі. Соған орай, қазақ халқының бүгіні мен болашағына байланысты қолға алынған кез келген іс-шара жер жүзіндегі бүкіл ағайынға ортақ. Сондықтан да олар Қазақстанның атақ-абыройының асқақтап, экономикасының дами беруіне тілектес. Оның үстіне, шетелдегі қазақтар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазақтың басшысы ретінде қадір тұтады, Елбасы қолға алған әрбір бастамаға өздері де үлес қосуды армандайды. Демек, Елбасының Жолда­уын жүзеге асыру жөніндегі игілікті істерден Дүниежүзі қазақта­ры­­ның қауымдастығы да шет қалмайды. Өйткені, Қауымдастықтың Төр­ағасы – Елбасы. Соған орай, Елбасының қазақ халқының болашағына қатысты қолға алған іс-шараларына Қауымдастық өз үлесін қосуға тиіс. Бұл ретте, Қауымдастық шетелдердегі қазақ диаспорасы мен Қазақстанның арасын байланыстыратын «алтын көпір» міндетін атқарады. Бүгінгі таңда Қазақстан­нан­ сырт жерлерде 5 миллион­нан­ ас­там қазақ диаспорасы тұ­­ра­­тынын айта кеткен жөн. Бұл – бір мемлекет­тің тұрғын­да­рына пара-пар болатындай адам. Ана тіліміздің, ұлттық бол­мы­сы­мыздың қайта жаңғы­руы­на да шетелден келген орал­ман ағайындардың қосқан үлесі өте мол. Демо­гра­фиялық жағда­йы­мыздың жақсарып, халқымыз са­нының өсуіне де оралман аға­­йындар ерекше ықпал етті. Алдағы уақытта шетел қазақ­та­ры­ның Қазақстанның өсіп-өркен­деуіне үлес қосуын бұдан да жақ­сартып, жаңа деңгейге көте­ру керек. Бұған қазір үлкен мүмкін­дік туып отыр. Бұл мүмкіндік Елбасы­ның биылғы Жол­дауынан туындай­ды. Осыған орай, Жолдауды жүзеге асыруға шет­елдік қазақтарды да кеңінен қатыс­тыру нақты қолға алынуы қа­жет. Шетел қазақтары Жолдауды жүзеге асыруға Қазақстанға бір­жолата қоныс аударып, оралман ретінде, атамекенде біржолата тұрақтап қалу арқылы қатыса алады. Сондай-ақ, олардың Қазақ­станға уақытша келіп, тұрақты тіркеліп, Ықтияр хат алып, түрлі салада жұмыс істеп, не оқу оқып жүріп те елі­міздің өсіп-өркен­деуіне атса­лысуға мүмкін­дік­тері бар. Қазақ диаспорасы өкіл­де­рінің шетелдерде тұрып та, Қазақ­станмен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасау жолымен де бүкіл қазақ хал­қының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өр­кендеуіне үлес қосуына болады. Бұл ретте, шетелдік қазақ­тардың Қазақстанға тұрақты қоныс аударуының, яғни көші-қон мәселесінің маңызы айрық­ша. Жасыратыны жоқ, қазір оралмандар көші біраз бәсеңдеді. Бірақ оны қайта жандандырып, тұрақты жүргізуге толық мүм­кіндік бар. Бүгінгі таңда көші-қон мәселесімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері айналысады. Бұл Қазақстан Пре­зидентінің 2013 жылғы 16 қаң­тардағы №466 қаулысында атап көрсетілген. Сондай-ақ, көші-қон және оралмандар мәселесіне Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктерінің де, жергілікті әкімдіктердің де тікелей қатысы бар. Міне, осы министрліктер мен әкімдіктер этностық көші-қон жұмыстарын белгілі бір бағыт-бағдарламамен бірлесе отырып ұйымдастыра білсе, шетел қазақтарын Мәңгілік Ел идея­сын жүзеге асыруға жан-жақты қатыстыруға нақты мүмкіндіктер туар еді. Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға шетелдік қазақтарды барынша нәтижелі қатыстыру үшін олармен тұрақты байланыс жасап, атажұрттың жақсы жаңалықтары мен маңызды бас­тамаларын дер кезінде жеткізіп, таныстырып отыру қажет. Бұл жұмыстарды қазір, негізінен, Дүниежүзі қазақтарының қа­уым­дастығы атқарып келеді. Мы­салы, Қауымдастық жыл сайын Елбасының Жолдауын түрік, моңғол және басқа да тілдерге аударып, шетелдегі қазақтарға дер кезінде насихаттап, жеткізіп отырады. Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де түрлі конференциялар, дөңгелек үстел жиындары мен өзге де мәдени шаралар ұйымдастырады. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тауып, шетелдердегі қазақтарға ұғынықты болу үшін Елбасының Жолдауының кириллицадан бөлек, латын және төте жазумен шығарылған нұсқалары жеке кітапша болып басылып, таратылатын болады.  Қауымдастықтың мұндай іс-шараларына Мәдениет министрлігі мен Байланыс және ақпарат агенттігі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мұндай іс-шаралар мен түрлі басқосуларда шетелдердегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелерін бір жүйеге түсіріп, зерделеуге айрықша көңіл бөлінеді. Және ол іс-шаралардың нәтижелері Қауымдастықтың «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағында, басқа да республикалық басылымдарда үнемі жарияланып тұрады. Шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанға әкеліп дайындық бөлімдерінде оқыту мен жоғары оқу орындарына қабылдау жө­нінде де айтарлықтай жақсы істер жүзеге асуда. Мысалы, жоға­ры оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттың 2 пайы­зы шетелдердегі ұлты қазақ жас­тарға беріліп келеді. Қауымдастықтың жанында шетел қазақтарының кешегі тарихы мен бүгінгі жағдайын зерттеумен айналысатын арнайы Талдау орталығы бар. Бұл Орталық шетелдердегі қазақтар тығыз орналасқан өңір­лерге үнемі арнайы экспедициялар ұйымдастырып тұрады. Талдау орталығы соң­­ғы уақытта қазақ диаспорасы мәселелеріне арналған түрлі ғы­лыми-тәжірибелік кон­ферен­циялар өткізуді де жақс­ы дәс­түрге айналдырды. Шет­ел­дегі ағайындармен байланыс жасауда Қауымдастықтың жанындағы www.qazaq-aIemi.kz веб-сайты да ойдағыдай жұмыс істеуде. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, Елбасының биылғы Жолдауы – жер жүзіндегі бүкіл қазаққа тікелей қатысы бар маңызды құжат. Соған орай, Жолдауды жүзеге асыруға алыс-жақындағы ағайындар белсене атсалысатын болады. Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының  бірінші орынбасары. АЛМАТЫ.  

АРМАНЫМЫЗ ДА, ТІЛЕГІМІЗ ДЕ БІР

Алтынай-омскРесейдегі 1 миллионға жуық қазақтың жүрегі де Қазақстан деп соғады. Олардың арманы да, тілегі де қазақстандықтармен бірдей. Сондықтан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағытталған 2050 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының жоспарын айқындаған биылғы Жолдауын біз де үлкен қуанышпен қабылдадық. Онда Елбасы қазақтың ұлттық идеясы туралы көптен бері жұртшылық арасында қызу талқыланып келе жатқан пікірсайысқа нүкте қойды. «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек», деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген 5 миллион қазақтың бәрінің де көңілінен шықты деп ойлаймын. Осы арада көңілде жүрген мына бір жағдайды айта кетсем деймін. Әлі күнге дейін Қазақстандағы баспасөз құралдарынан да, Үкіметтің лауазымды тұлғаларының сөйлеген сөздерінен де Ресейдегі қазақ диаспорасы дегенді жиі естиміз. Жалпы, шетелдегі қазақтар негізінен тағдыр тауқыметімен бір кездері атажұрттан еріксіз жат жерге кетуге мәжбүр болғандар дейтін болсақ, Ресей қазақтарының жағдайы олардан өзгешелеу. Өйткені, олар диаспора емес. Ата-бабаларының сонау ерте заман­­дардан бері кір жуып, кіндік қа­ны тамған ту­ған жерінде тұ­рып келе жатыр. Сондықтан да олар шекара бө­лісі кезінде сырт жақта қалып қой­са да әлі күнге дей­ін Қазақстанға қо­ныс аударуға аса құлшынып жатқан жоқ. Бұл – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп санай­тын және туған жерді ерекше қастерлейтін қазақтың қанына сіңген асыл қасиетінің бір көрінісі. Оны саудаға салу ешбір қисынға келмейді. Біз қазір Ресей деп аталатын елдің азаматы болғанымызбен, қазақтықтан қор болып жүрген жоқпыз. Қайта арқамызда Қазақстан деген тәуелсіз мемлекеттің барын мақтан тұтамыз, Қазақты Мәңгілік Елге бас­тайтын, ең мәртебелі жол болып отырған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асуына біз де өз үлесімізді қоса аламыз. Ел мен елдің арасындағы сауда-саттық пен барыс-келіс қатынаста Ресей қазақтарының рөлін ешкім ешқашан жоққа шығара алмайды. Мәселен, Омбы облысындағы тұңғыш ұлттық мәдени орталық саналатын «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының 25 жылдық мерейтойы аясында Омбыда 12 ақпанда «Мәдениет ғарыш сияқты. Киіз үй – көшпенділер ғарышы» деп аталатын көрме ашты. Маусым айына дейін оны ұлты мен дініне қарамастан, өңірдегі барлық білім беру мекемелерінің оқушылары келіп тамашаламақ. Бұдан бөлек, 12-13 ақпан күндері Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Амангелді Шәкеновтің «Туып-өскен кеңістік» деген тақырыптағы жеке көрмесі, тоғызқұмалақ турнирін, «Мөлдір саз» деп аталатын концерт қойдық. Енді мамыр айында «Еуразиялық кеңістіктегі қазақтар: тарихы, мәдениеті және әлеуметтік-мәдени үдерістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгелі отырмыз. Ал маусымда Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына орай дәс­түрлі «Той думан» мәдениет және спорт мере­кесі өтпек. Мұндай шараларды Ресей қазақ­тарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясына қарасты ұйымдар қазақтар тұратын барлық жерде ұйымдастыратын болады. Алтынай ЖҮНІСОВА, Омбы қаласындағы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының Сібір аймақтық орталығы кеңесінің төрайымы. Ресей Федерациясы.  

ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛДЫРАДЫ

A.Kara2Қазақстан Пре­­зи­денті, Дүниежүзі қа­­зақтары қауым­дас­­­­­­­­тығының Төр­­ағасы Нұр­сұлтан На­­зар­баев­тың «Қа­­­зақ­стан жо­лы – 2050:­ бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» Жол­­­­дауын шетелдердегі қазақтар да қазір өз ортасында қызу­ талқылауда. Со­­­­­­­лар­­­дың қатарында Түркия­­­дағы қандастар да бар. Жал­пы, Ел­­ба­сының биылғы Жол­­­дауы Түркияның 50-ден астам бұ­қа­­ра­лық ақпарат құрал­да­рын­да жарық көріп, кейбір ба­сы­лым­­дар, тіпті, оған бір емес, бір­­­­не­ше нөмірін арнады. Со­­­ның ар­қа­­сында туысқан түрік хал­­қы да Қазақстанның 2050 жыл­­ға де­йін­гі даму жоспарымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Біздің пікірімізше, елдік мұ­рат­ты көздейтін Жолдау ең алды­мен ұлт пен ұлысты ортақ мүд­­­деге жұмылдырады. Екінші, қа­зақ халқы мен Қазақстанның әлем­нің озық елдері қатарынан орын алуының жолдарын қа­рас­тырады. Басқа сөзбен айт­қан­да, Президенттің көздегені Қазақстан мен қазақтардың бренд­ке айналуы. Өйткені, Жол­дау­дың мазмұнына көз жүгір­тер болсақ, онда нанотехноло­­­­гиялар жайлы айтылған. Меди­ци­на ғылымының дамуы, эко­­номика, ауыл ша­руашылығы са­­­ла­­ларының сапасын озық технологиямен көтеру және ең маңыздысы, туризм саласында Қазақстан қауіпсіз елге және адамдар үшін жайлы орынға айналсын деген идеялар ор­та­ға салынып жатыр. Нәтижесінде Қа­зақстанның бас­ты нысанасы – әлем­дегі озық 30 елдің қатарына кіру. Мұның барлығы, қоры­тын­дылап айтқанда, қазақ хал­қы­­­ның брендке айналуы деп біле­мін. Елбасының «Ана тілі­міз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәң­гілік тіл болды» деге­нін­дей, Түркия қазақтары ұлттың ұлы құндылығы саналатын ана тілі­мізді ұлттың ұйытқысына айнал­дыруды толық қолдайды. Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы жыл сайынғы жолдау­ларды да бірнеше тілге аударып, оны кітап етіп шығарып, тара­­тып келеді. Түркиядағы жас жеткіншектер өз ана тілін білмей­ді десек, артық айтқандық емес. Солар үшін түрік тіліндегі нұс­қасы өте қажет. Әрі қарай да наси­хат жұмыстары жүргізіле бермек. Әбдуақап ҚАРА, Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы. ЫСТАМБҰЛ.  

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН

Кесижи«Байлығымыз да, бақытымыз да бол­­­­ған Мәңгілік Тәуел­­­сіз­­­дігімізді көздің қа­­­­рашығындай сақ­­­­­тай білуміз керек. «Қа­зақ­стан-2050» – Мәң­гі­лік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәр­тебелі жол», де­ген Ел­басының сөзі­нен өз басым үлкен әсер алдым. Өйткені, Қазақстанның тәуел­сіздігі мен дамуының баянды болуы, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы шетелдерде тұратын қазақтар үшін де өте маңызды. Шетелдердегі қазақтар мұны әр уақыт қолдап-қуаттайды. Жолдауда атап өтілгендей, «Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болған» ана тіліміздің де көркейе беретіндігіне, мәртебесінің өсе беретіндігіне толық сенеміз. Осы орайда, қазақ тілінің қолданылу аясының жыл өткен сайын кеңеюі, қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері санының өсіп келе жатуы, мемлекеттік тілдің дамуына арнайы қаржы бөлінуі сияқты қадамдар қуантады. Ендігі мәселе қазақ азаматтарының тәуелсіздіктің негізгі тірегі – мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеріп, қас­­­­терлеп, қолданылу аясын кеңейтуге мейлінше күш салып, көңіл бөлулеріне қатысты болып отыр. Бұл туралы Жолдауда Елбасы мемлекеттік тілді « ...даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деп тамаша баяндаған. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналатынын, ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ал Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел екенін жүрекке жеткізген. Бұл әлемдік қоғам­дастық пен ондағы күллі жұрт­­шы­лық тарапынан оң бағасын алуда. Оны біз күнде көзбен көріп, құлақпен естіп жүргендіктен, қазақтығымызды көңілімізге демеу қылып, мерейіміз тасып, әрдайым қуаныштан жүрегіміз жарылардай бір марқайып қаламыз. Енді алдағы шілде айын­­­да Берлинде өтетін Еуропа қазақ­тарының құрылтайында Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтқан Қазақ­­­­станның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының іс-жоспарына біздің де атсалысатын тұстарымыз жан-жақты сөз болатын болады. Әсіресе, әлемнің озық 30 елінің қатарына кіруге ұмтылған Қазақстан үшін Еуропадағы жетекші мемлекеттерде тұрып жатқан және онда түрлі салада қызмет етіп жүрген қазақтардың қосар үлесі аз болмасы күмәнсіз. Абдулкайым КЕСИЖИ, саясаттану ғылымдарының докторы, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы. МЮНХЕН.