12 Наурыз, 2014

Тұлпартерапия

1593 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Anashov_DumanЖурналист  Думан  Анаш  «Егемен  Қазақстан»  газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы  меншікті  тілшісі болып жұмысқа  кірісті.  Ол 1985 жылы туған. 2001-2005 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқып, қалалық «Алматы ақшамы», Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде жұмыс істеді. Деректі дүниелері мен публицистикалық шығармалары бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Әулет» атты жеке кітабы 2014 жылы «Фолиант» бас­па­сынан жарық көрді. Әріптесімізге жаңа жұмыста мол шығар­машылық табысқа жетуіне тілектестік білдіреміз. ________________________________________________ Иппотерапия-5 Шығыс өңірі иппотерапия саласын дамытуда да көш бастап отыр. Соңғы бес жыл көлемінде елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды жылқы арқылы, яғни иппотерапиямен емдеу шаралары жүзеге асырылуда. Қай заманнан атқа мініп келе жатқан қазақ саумал мен жал-жая, қазы-қартаның денге дәру, дәтке қуат екенін білсе-дағы, жылқыға мініп емделу дегенді қабылдай қоймас... Жастайынан жабағыға жайдақ шауып, есейгенде ер қанатын ерттеп мінген ел емді еш қажетсінбейтін ерекше денсаулық кодына ие-тұғын. Ойымызды әріден сабақтасақ, жылқы қазақтың жаны еді. Еуразиялық кеңістікті ен жайлаған көшпенділер өркениетін құлату бағдарламасының бір бұта­ғы – жылқыдан айыру болған сияқ­ты. Жылқыдан түскен жұрттың жүні жығылып қалады. Жанды же­рі­­нен қармалған қазақтың осы күй­ді кешкені тауарихымызда тәп­тіш­­телмесе де, там-тұмдап жазылды. Сөз зергері Ғабең, Ғабит Мү­сі­ре­пов айтқандай, «жаяу қал­ған адам несімен адам, несімен қазақ?!»... Мінсе – көлік, шапса – желік, ішсе – қымыз, жесе – ет болған жыл­қы жарықтықтың қаншама қа­сие­тін пайымдағанымызбен пар­қын білмеген тұстарымыз да бар екен. Парқын білмегеніміз, парық­сыздығымыз емес. Сірәғысын айтамыз. Иппотерапия – қазақтың қанына сіңіп, ұлттың дәстүрімен қабысып кеткен ежелгі ем болуы да кәдік. Айтар сөзіміздің арқауы – иппотерапия, яғни жылқымен емдейтін медицина саласы. Бұл күнде ішкі қуаттың артық-ауысынан айырылу үшін адамдар аттракционға барады. Ал қазақтың аттракционы – атқа міну. Бабалар атқа мінуді биік өнер деңгейіне көтер­гені белгілі. Теңге ілу, қыз қуу, көкпар сияқты ұлттық қазы­на – адамның физикалық һәм психо­логиялық әлеуетін шыңдайтын шынайы ойындар. Орайымен ойла­сақ, халықтық дәстүр мен пайым емделуден бұрын, дерттің алдын алуға саяды екен. Ал заманауи ип­­по­­тера­пия ілімі – аурудан зар­дап шек­­кен­дерді емдеуімен ерек­шеленеді. Иппотерапия – жүйке жүйесі зақымданған науқасты емдеуге арналған медицина ғылымының бір тармағы. Яғни науқастың жүй­кесін оңалтуға әсер ететін әдіс-тәсілдерге жылқы жануарын қолда­нады. Атқа отыру – адамға биохи­миялық тұр­ғыда ықпал жасап, ағзаны нығай­та түседі. Иппо­терапия дәрігер­лерінің айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті көптеген элементтен тұрады жә­не адам ағзасын ақырындап қыз­дырады. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болады. Атқа отырғанда тақымға берілетін жылу қан айналымын жақсартады. Тіпті, тақым арқылы тараған қан айналымы саусақтың ұшына дейін жүретін көрінеді. Ат ақырындап желгеннің өзінде 110 түрлі тербеліс тудырады екен. Желген кезде жануар бұлшық етінің қозғалысы мінген адамға беріледі. Салт жүргенде құлап қалмай, дұрыс отыра білу үшін қимыл-қозғалысты бақылап, тепе-теңдікті сақтау қажет. Міне, осындай кезде тірек-қимыл жүйесінің қызметі бұзылған науқастың күнделікті өмірде қимылсыз қалған бұлшық еттері іске қосылады. Сондай-ақ, бұл жүйке ауруының ауыр түр­лерімен ауырған науқастарға қор­шаған ортаны өз үйлесімімен қа­былдауға, жаратылысқа ынталы болуына көмектесіп, жүректің қызметін жеделдетеді. Иппотерапия – жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, бас сүйек-ми жарақатын алғанда, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмыт­шақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қыз­меті бұзылғанда, бір сөзбен айт­қанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қол­данылады. Тіпті есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да ип­потерапияға сүйеніп, ем қабыл­дауға болады десе-ді. Атқа мінуге дағдылану адамның сымбатты болуына да оң әсер етеді. Әлемдік медицинада иппо­те­ра­пияның алғашқы тұжырымдамасы Гиппократтың еңбектерінде кез­деседі. XVIII ғасырдың ортасында энциклопедияшы Дени Дидро «Атпен жүрудің денсаулықты сақ­­таудағы маңызы» атты тракта­тында жаттығулардың ішінде алғашқы кезекте атқа мінуді атап, оның кө­ме­гімен көптеген ауруларды ем­деу­ге мүмкіндік бар екендігін жаз­ды. Иппотерапияның адам ағза­сына өте пайдалы екен­дігі ХІХ ға­сырдың соңында ғы­лыми түрде зерт­теле бастады. Еуропадағы ақ­сүйек әулеттердің жылқымен көп әуестенуінің бір ұшығы оны физи­калық ем ретінде қабылдауда жатыр. Жарты ғасыр бұрын Германия, Швейцария және Австрия сияқты мемлекеттерде иппотерапия қо­сым­ша емдік курс ретінде пайдаланыла бастады. 1980-жылдардың соңында америкалық және кана­да­лық терапевтер Гер­манияда осы ілімді үйреніп, Сол­түстік Аме­ри­ка қоғамына енгізді. Со­ның нәти­жесінде 1992 жылы АҚШ-та алғаш­қы америкалық иппотерапевтер қау­ымдастығы құрылған болатын. Соңғы жылдары елімізде де ип­по­терапиялық емдеу бағдар­ла­масына жүгінушілер қатары көбейіп келеді. * * * Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қам­қор­лық көрсетілуге тиіс. Бұл қоғам алдындағы біздің парызымыз», деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының тап­сырмасын жүзеге асыру мақса­тында облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың қолдауымен Винное ауылында иппо­терапия орталығы ашылып, елі­міздегі ең алғашқы емдеу курстарын жүзеге асыра бастады. Глубокое ауданына қарайтын Винное елді мекені облыс орта­лы­ғынан аса қашық емес. Осы ауыл­дағы «Титан» ат спорты кеше­нінде денсаулығында кемістігі бар балаларға арнайы үйретілген аттар арқылы емдеу шаралары қолда­нылады. 2009 жылы басталған игілікті іс жылдан жылға өріс алып келеді. Атаулы көмектің керегесін кеңейте түсу мақсатында облыс әкім­дігі мен «Титан» ЖШС арасында екіжақты келісім орнады. Мем­лекет жеке меншік әріптестігі негізіндегі келісімге сәйкес, төбе­сі жабылған манеж құрылысы жүр­гізілді. Соның арқасында иппотерапия орталығының есігі бұл емді пайдаланушыларға қысы-жазы ашық деуге болады. Үкіметтік емес ұйымдармен тиімді әріптестік байланысқа қол жет­кізген жағдайда қоғамда аза­мат­­тық іс-шаралар белсенді көзге түсе бастайды. Мұның жарқын көрі­нісі – Винное ауылындағы манеж­де жұ­мыс істеп жатқан «Ақ тай» мүм­кін­дігі шектеулі балаларды қол­дау қо­ры» қоғамдық бір­лестігі. Жуыр­да қоғамдық ұйым­ның жетек­шісі Ба­қыт Солта­новамен тілдескен едік. – Біз бұл жұмысты 2009 жылы қолға алған болатынбыз. 2012 жылға дейін 37 мүмкіндігі шектеулі балаға иппотерапиялық ем жаса­дық. 2012 жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігі бізге жабық манеж құрылысын салып берді. Осыдан кейін жұмысымыз жанданып, ісіміз алға басты. Бүгінге дейін орталықта 127 мүгедек бала иппотерапиялық ем­деудің толық курсынан өтті. 2013 жылы бюджеттен бөлінген қаржы арқылы 80 бала емделді. Олардың ішінде тірек-қимыл аппараты қызметінің бұзылуы, аутизм сынды түрлі жүйке ауруына ұшыраған балалар бар, – дейді Бақыт Солтанова. «Ақ тай» қоғамдық бірлестігі жетекшісінің айтуынша, «Титан» ат спорты кешеніне күн сайын әрқайсысы 10 баладан тұратын төрт топ иппотерапиялық ем қабылдауға келеді. Иппотерапевт-нұсқаушылар әр баланы жарты сағаттан атқа мін­гізеді. Балаларды қаладан күнделікті автобуспен тасымалдайды. Ал ем қабылдаушылардың тізімін облыс орталығының медициналық мекемелері бекітеді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Жалпы, иппотерапия орта­лы­ғында 23 адам жұмыспен қамтылып отыр. Олардың арасында психолог, медициналық-әлеуметтік қыз­меткерлер, әдіс­керлер, нұсқаушылар және жылқышылар бар. Орталық қызметкерлері шетел­ден келген мамандармен тәжі­рибе алмасып тұрады. Былтыр Мәс­кеу қаласынан келген осы сала­ның шеберлері семинар өткіз­ді. Ресейлік иппотерапевтер бі­лік­тілігі артқан мамандарға арнайы сертификаттар табыстады. «Оңал­тушы, иппотерапевт-нұсқаушы» білік­тілігін алған ат спорты кешенінің мамандары енді республика бойынша иппотерапевт мамандарын дайындай алады. Иппотерапия – балаға психоэмо­ционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екіжақты әсер етеді. Атқа міну, жылқы жануарын ба­ғын­­ды­ру жарымжан бала үшін үл­кен же­тістік. Сал ауруымен ауы­ратын бала өздігінен аяғын баса алмай­ды, ол өзін салт атты адам сезін­генде өз аяғымен жүргендей, психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады. Жылқы жүрісінің тер­бе­лісі және артқа, алға шайқалу арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне әсер етуге болады, деген еді семинарға арнайы келген Алек­сандр Денисенков. Ол – Мәс­кеудегі жылқымен емдеу және мүге­дектер ат спорты федерация­сы­ның президенті. Шығыс өңірінде ғана емес, тұтас Қазақстанда иппотерапия мамандарын әзірлейтін оқу орталығы осыған дейін болмаған. Олқылықтың орнын тұңғыш рет Шығыс Қазақстан облысы толықтырып отыр. Бұл кешеннің алдағы уақытта еліміздегі иппотерапия орталығы болуға толық мүмкіндігі бар. – Қазақстан бойынша иппотерапия мамандарын дайындайтын оқу орны жоқ. Мұндай мамандарды Париж, Тбилиси және Мәскеу қалаларында ғана даярлайды. Біздің иппотерапия саласында бес жыл тәжірибеміз бар. Десе де, біліктілікті жетілдіріп отыру керек. Осыған орай Мәскеуден білікті мамандарды шақырып, халықаралық сертификаттар алдық. Екі аптаға созылған семинарға Ақтау, Орал қалалары мен облыстың Үржар және Аягөз аудандарынан қатысушылар келді, – деді Бақыт Солтанова. Бақыт Солтанованың айтуынша, «Титан» ат спорты кешенінде емдеуден өткен балалардың 90 пайызына иппотерапиялық курстар оң әсер еткен. Мысалы, 9 жасар Тимур Сәдуақасовты анасы Мәриям Шалыспаева аптасына үш мәрте иппотерапия орталығына әкеледі. Балаға психолог, иппотерапевт-нұсқаушы мамандар жарты сағат бойы жеке ем-дом жүргізеді. Негізі, қатаң іріктеуден өткен жануарлар әкелініп, әбден үйретілетіндіктен мұндағы жылқылар өте жуас болып келеді. Солай болуы тиіс те. Себебі, түрлі сырқат балалар атқа отырғанда оны ұрып, тістеп, басқа да оқыс әрекеттер жасауы мүмкін. Мұндай жағдайларға жылқыны алдын ала үйретеді. Яғни дайындық кезеңінде жылқыны ұрып, соңыра қант беріп отыру арқылы шыдамын, төзімділігін арттырады. Жылқы малы мұның қажеттілік екенін өте жақсы түсінеді. – Менің ұлым бұл орталыққа өткен жылдың қазан айынан бері келіп жүр. Емделудің жағымды нәтижесі байқалады. Бала өзіне назар аударуды сезіне бастады, ақырындап сөйлеуге тырысады. Мінез-құлқы да өзгеріп, көңіл-күйі көтерілді, – дейді Мәриям Шалыспаева. Нұсқаушы-иппотерапевтер жыл­­қыға өз денесінің тепе-теңдігін сақ­­тап отыра білген баланың ішкі жігері оянатынын айтады. Бала атқа мінгенде оқыс қимылдағанды сезінеді. Олар үшін атқа дұрыс отыру мен желудің маңызы ерекше. – Біз жылқының баланың бойындағы ауруды өзіне сіңіріп алатынын байқай бастадық. Сондықтан, бір жылқыға күніне алты баладан ар­тық мінгізбейміз, – дейді ип­по­тера­певт-нұсқаушы Елена Чер­никова. Мамандар ем-домға қажетті жыл­қыларды әр жерден іздеп, тау­ып әкеледі. Аттар екі ай бойы үйре­тіледі. Қазіргі кезде «Титан» кеше­нінде оннан астам ат бар. Иппотерапия емінің нәтижесін былтыр мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен ат жарыстан да байқауға болады. Тұңғыш рет өткізілген жарысқа ақыл-ой және физикалық дамуында кемістігі бар он алты бала қатысты. Жеті жастан жиырма жасқа дейінгі жарымжан балалар үш түрлі ереже бойынша өздерінің әлеуетін танытты. Атқа салт мініп жүру, желу, кедергілерді бағындыру және қаданы айналу сияқты жаттығуларды орындауда барлығы да ұпайлар жинап, сый-сияпаттарға ие болды. Жарыста өзінің ептілігін ең жо­ғары деңгейде көрсете білген бала­ның бірі – Фаик Насибов. Он бес жастағы Фаик иппотерапия емін екі жылдан бері қабылдап келе­ді. Ал жеті жасар бүлдіршін Ма­рия Семьянова жарыстың ең кіш­кентай қатысушысы болса да, өз қор­қынышын жеңіп, атқа мініп жүруді меңгергендігін көрсетті. Ті­рек-қимыл жүйесі қызметінің бұзы­луымен ауыратын баланың анасы Светлана Григорьева бес жыл бойы емделгенде нәтиже бермеген бала денсаулығы иппотерапияның арқа­сында бес айдың ішінде оңала бас­тағанын айтады. Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айта кеткен ләзім, Винное ауы­лындағы жабық манеж құры­лысына облыс бюджетінен 180 мил­лион теңге бөлінсе, жыл сай­ын сырқат балаларды емдеу­ге де бюджеттен қаржы қарас­ты­рылып отыр. Оған дейін аталған орталық демеушілердің қаражаты арқылы жұмыс істеген болатын. Мемлекеттік қолдаудың нәти­же­сінде дәрігерлер шарасыздық та­нытқан түрлі науқастарды қолдау аясы кеңейе түсті. Бұл ретте Қа­зақ­стан – әлемде иппотерапияны қаржыландырып, қолдап отырған тұңғыш мемлекет болып саналады. Әрине, үлкен жігер мен жүйке­ні қажет ететін орталық қызмет­керлерінің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Былтыр Винное ауылындағы иппотерапия орталығы Астанада өткен он үздік әлеуметтік жобаның санатына ілікті. Бұл – орталықтың ғана емес, облыстың да жарқын жеңісі. Өскеменде «Үлбі» халыққа әлеу­меттік қызмет көрсету аумақ­тық орталығының жанынан ашыл­ған жүйке дертіне шалдыққан бала­ларға арналған күндізгі орталық қызметкерлерінің айтуынша, иппотерапия қызметіне жүгінгісі келетін ата-аналар қатары жыл сайын артып келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза «Алматы ақшамы» газетіне берген сұхбатында былай деген еді: «Менің спортым – ат. Баяғы бабам бокстаспай-ақ, коньки, шаңғы теппей-ақ, штанга көтермей-ақ, атпен жүріп, көкпар тартып шыныққан екен ғой. Ауылда атым бар. Екі-үш сағат атпен жүріп қайтсаң, соның өзі үлкен ем-дом. Мына ішек-қарныңда қатып қалған пәле-пәтірдің бәрі жібиді. Біздің ішегіміз қурап қалған. Ашаршылықта туғанбыз. Шешеміздің емшегінде бізге беретін сүт жоқ. Кішкентай талқанды шүберекке түйіп, оны суға малып, сөлін аузымызға тамызады екен. Ол анаңның сүті емес, талқанның суы ғой. Сол арқылы кірпік кимылдатып, тірі қалған адаммын. Ал отыз екінші жылы мен ғана емес, миллиондаған бала дүниеге келді. Сонан кейін соғыс жылдарына тап келдік. Тағы ашаршылық. Соғыстан кейін де оңған заман болған жоқ. 1948 жылға дейін карточкамен өмір сүрді жұрт. 1948 жылы интернатта аузымызды толтырып нан жегеніміз есімізде. Қара нанды тоя жеп едік. Аузымыз толғанша, аямай тығып жегенбіз. Соған мәз болдық. Соның арқасында мына ішектің бәрі ауруға ұшыраған. Ал оның бірден-бір емі – сол атқа мінген. Адамның бойындағы барлық ауруды жазады. Өліп қалған клеткаларың қайтадан тіріле бастайды. Және соны сезесің». Шерағаңның шер тарқатқан сөзінен көп дүниені ұғуға болады. * * * Биыл – Жылқы жылы. «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, біз арғымақтан жаралғанбыз» деген екен Асқар Сүлейменов. Жылқы туралы Сүлейменовтен бұрынғы сөз сүлейлері де айтқан, кейінгілер де қалысқан емес. Барлығы түбін түсіріп айтады. Өйткені, жылқы араласқан сөздің дәмі, ортаның сәні кіреді. Сәйгүлік – сәніміз. Бәсіресі бәйге шыққан баланың бағы бес елі. От пен суды қазақ пен жылқы бірге кешті. ...Әркім өз атасын айтады ғой. Қазақтың атасы – Қамбар! Отанымыздың шалғай шығы­сында, Алтайдың атан асқарында мыңжылдықтар бойы Берел бауырына басып жатқан көне тас қорғандардың астынан қасиетіңнен айналайын бабаларымызбен бірге жылқы жарықтық та табылғаны белгілі. Жаздың жайма-шуақ кү­нін­де осы ұлы өркениетті көрудің сәті түскен. Археолог азаматтарымыз жер­ленген адамның қасында­ғы жылқы саны оның әлеуметтік дәре­жесін, дәргейіне қанша ел құ­ла­ғанын білдіреді деп жатты. Пат­шалар жазығын жылқымен бір­ге жастанып жатқан жаужүрек бабалар қорғанының қасында ойдан ой боталады: ер қанатын ертеде көрге де бірге ала кетіпті. Бұл жылқы жануарына деген ұлы ма­хаббат, кіршіксіз сенім, риясыз достық қой! Шығыстың тағы бір таңғажайып мүйісі Ақбауырды алайық. Қола дәуірінен бері қарай салынған тастағы таңбалар мен петроглифтерде жылқылар бейнеленген. Және жай жайылып жүрген жуас жылқы емес. Қасқыр мен бұғы қуып жүрген жылқылар қашалған. Ғылыми түсініктеме жазғысы келген әлдекімдер, оны «жыртқыш жылқылар» депті. Құдай-ау, бұлар тарпаңдар ғой. Бүгін бүкіл әлем бұршақ салып мойындап отырған «Жылқының отаны – Қазақ елі» деген сөздің тасқа басылған мөрі ғой! Тұяғын тарпып, кең даланың апшысын қуырған жабайы жылқылар Шығыстан тарағанының көрінісі емес пе! Ендеше, иппотерапияның осы өлкеден бастау алуында да белгілі заңдылық бар сияқты. Иә, жөні бөлек жылқы туралы іркілмей айта беруге болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы.