12 Наурыз, 2014

Саңлақ

999 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
«Ана, қараңдар, театр партия ұйымының хатшысы жезөкшелер үйiнiң бастығын қалай құбылтады, ә! – деп сақ-сақ күледi әйгiлi Асанәлi Әшiмов» (М.Фриш, «Дон-Жуанның думаны», Селестина рөлiнде – Сәбира Майқанова, 1968 жыл). «Өмiрден озған ардақты артистерiмiзбен бiрге олар әрлеп, әдiптеген әдемi рөлдер де бiрге «өле ме» деймiн. Көрермен сағынышы өз алдына, көп қойылымдар жетiм қалып, кiсi жүрегiн мұңға бөлеген­­­дей. Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев қазалары ерiксiз осы ойға жетелейдi. Олар барда бiртүрлi қызық едi-ау, келiстi едi-ау, сиқыры мол, шұғылалы сахна» (1995 жыл. Қарашаның 11 жұлдызы). «Толғанайды жер тарпыған тұлпардай дүбiрлетiп толғайды-ау кеп, қайран бiздiң Сәбира апа! Сiлтесiн қарашы, көсiлуiн бақшы сабазыңның. Темперамент. Дыхание. Вдохновение. Топырақтың дәл өзiнен өнiп шыққан хас талантың осы. Шын асылың, бар абзалың осындай-ақ болар. Түрi бөлек зауық. Жөнi өзге шабытыңның, апатай!» (11 ақпан, 1978 жыл). Сабира Майканова Осынау әр жылдарғы үзiк-үзiк ойлардың бiрiн үнемi қалтамнан түспейтiн қойын кiтапшамнан, екiншiсiн сыншының сырласына айналған көне күнделiгiмнен, үшiншiсiн артист есiмдерi жазылып, олар ойнайтын рөлдердiң тiзiмi тiркелiп, әр қойылым алдында қолыңызға тиетiн кәдiмгi театр бағдарламаларының iшi-сыртына түскен түйінді ойлардан тергiштедiм. Бұл бұрыннан дағдымда бар нәрсе. Ежелден, ертеректен, тiптi шәкiрт жылдарымнан бергi тұрақты әдет. Иә, артист еңбегiнiң ұзын-ырғасы қас-қағым-ақ сәт! Арқалы анамыздың соңына қалдырған сахналық мол мұра­­­ларын, кино-телетаспалардағы «тiрi» бейнелерiн қасақана санамалап, әл­де­қашан аты аңызға айналған аса танымал iрi талант иесiн халқына тәптiштеп жатудан ол кiсiнiң биiк, тым биiк тұлғасын сәл кiшiрейтiп алмау үшiн де, шынайы жанның пенделiк, адамдық, адалдық, тұстарынан сөз бастадық, ағайын! Алпыс жылдан астам сахналық ғұмырында әзіз актриса тындырған күрделi тiрлiктi талдап, талқылап, талғап шықпақ түгiл, тек солардың атын атап, түсiн түстеп, құр тiзiм түгесудiң өзiне ғана тап осы жазғандарымыздың көлемi мүлдем тарлық етерi хақ. Әр рөлi бiр кiтап, әр жұмысы жатқан дария жыр едi ғой. Сахна сынды зәулiм атаудың қақ төрi­не қақыратып, жан жүрегi шыншыл сезiм­­­­дер селiнен сан сөгiлiп, мың құбы­­лып шыға келгенде, кезiнде, зәулiм залда отырып шиыршық атпас, шапалақ ұрмас қай­­­сымыз қалып едiк, қадiрлi ел-жұрты-ау! Жанр бiткеннiң ең биiк шыңында думан құрып, ойын-сауықтың отын үрлеуде алдына жан салуды өзiне кiнә тұтар кешегi Сәбираның салқар да шалқар шын шабытын әдiлет көзiнен қалай тұмшаларсыз. Алымды сахнагердiң қай қапталынан көз салсаңыз да өркештi бейнелер легi, құдiреттi кесек кейiпкерлер тобы жадыңызға оралып, дәп бiр ежелгi ертегiлер елiнен қуана қол бұлғап тұрған ескi таныстарыңдай жылы ұшырар едi. Ұлты, рухы, түр-түсi, тұрмыс-салты, мiнез-құлқы әрқилы әйелдер кескiнi, өздерi шыққан түп-тамырларын туған төл топырақтарынан нақ бiр қазақтың ұлы қызы, ұлтымыздың өрелi өнерпазы Сәбира арқылы ғана тапқандай. Көбiнше, көпке танымал бояулары қалыңырақ белең алып жататын сәттерде, есiл Сәкең ұрпағын аялап аһ ұрған аналарды толғап бiр кеткенде, бейне бiр ботасын iздеп боздаған ару анадай аңырар едi. Ұлжан, Зейнеп, Толғанай, Мақпал, Салиха, Мөржан, Кесария, Люси, Тхань, Евдокия Ивановна… санай берсең, ұзын тiзiм жалғаса бермек, ұласа түспек. Құп, қазақ әйелдерiнiң психологиясына, тұрмыс-тiршiлiгiне жасынан қанық болып өстi делiк. Ал, өз репертуарындағы грузин, вьетнам, эстон, испан, фин, түрiк, өзбек, қырғыз, орыс әйелдерiнiң жан-дүниелерiндегi нәзiк реңктерді сахна сырын сауат жағына келгенде сараңдау, оқымаған өнер иесi қалай ғана сәттi игере алған. Гәп ұлы актрисаның өмiр мектебiнен өрнек, өнеге табуында. Оның табиғи дары­­­ны ен даланың, сайын сахараның ерке самалын еске түсiрер едi. Есiлушi едi-ау! Кө­сiлушi едi-ау, жарықтық! Бәрi­мiз табынатын реалистiк, шынайы да ғажап шыншыл жолды берiк ұстанған өнерпаз бойынан байтақ даланың төл исi толассыз аңқып жатар едi! Жан дарқандығы, талант молдығы, мiнез кеңдiгi тұла бойында «айғай салып», айғайлап емес-ау, үнсiз «шыңғырып» жатар едi. Сәбира Майқанқызы өнерiнiң де өзгеден ерекшелiгi осында. Себеп? Әр сауалдың өз жауабы боларын ескерсек, осынау көл-көсiр жатқан рухани көп байлық қайдан бастау алған? Ол кешегi бiр қазақ сахна өнерiнiң еңселi тұлғалары Ж. Шанин, Қ.Қуанышбаев, И. Байзақов, С.Қожамқұлов, Е.Өмiрзақов, Қ.Байсейiтов, Қ.Жандарбеков, Қ.Ба­дыров, Ш.Айманов, С.Телғараев, Қ.Қар­мысов есiмдерiмен тығыз байланысты жатқан өзгеше сыр, айрықша әлем. Ағалар рухының әсерi… Солар әкелген рухани дәстүрдiң «қоңыр салқыны». Рухани ұстаздарының табиғи дәрiсi… С. Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов мектебiн көрiп өскен зерделi кiсiнiң тәрбие танып, тағылым түймеуi, солардың аманатына адал болмауы намақұл болар едi. Ол – өнердегi, өмiрдегi бар ғұмырын айшықтап тұрған екi қасиетке табынып өткен тәрiздi. Сәбира Майқанқызы! Дара тұлға! Ол турашыл, бiрбеткей, әдiл мiнездiң адамы едi. Қажет болғанда өзгенiң қайғысын өзiнiкiндей көрiп өксiп жылайтын мейiрiмдiлiгi, адалдығы, жомарттығы. Бүкiл саналы өмiрiн осы төңiрекке тоғыстыруға тырысып өткен суреткер ананың өнерi де барынша мөлдiр едi. Сәкең сахнада не жасаса да, қалай құбылтса да жараса берер едi. Жалғандық, жылтырақтық табы қылаң бермесiне талай рет сiз де куә болғансыз, қадiрлi көрермен, оқырман қауым! Әманда әдiлдiк жағына оң иығын берiп тұрар ұлы актриса екiжүздiлiк, сатқындық сияқты келеңсiз мiнез-құлықтарға тұлабойымен қарсы тұрарынан халқы да хабардар. Керiмсал, қазақы мiнез ғажап адамды қуаныса қарсы алған ауыл ағаларының жыр ғып айтқан сан естелiгiне талай рет кенелгенбiз. Ер-азаматқа жетпей жатар кеңдiк пен ел көңiлiн көтерген «тек» деп тыйып тастары бар, «тәйт» деп түйiп тастары жетерлiк, сөзi дуалы, аузы уәлi анамыздың қадiрiне дендей түскендеймiз, бағасына жеткендеймiз. Бұрындары да бiлушi едiк. Бiрақ, әлi арамызда жүре берердей көрiнетiн, әзiл-оспақтап, ойындағысын орып айтатын әз апамыз кенет бәрiмiздi тастады да… «...Хош, әкемнің сол сағына күткен қызы – мен Сәбира едім... Өмір осылайша қызыққа толы, қайғы-қасіретсіз өте берер ме еді, қайтер еді? Егер әкем мен бір жасқа толмай дүниеден өтіп кетпесе... Отызға жетпей опат болған қайран менің адал анашым. Менде балалық шақ, жастық шақ болмай өткен жанмын. Әке-шеше тәрбиесі, еркін өмір дегеннің не екенін білмей өскен адаммын. Балалық шағымда жақсылық көрмей өскенмін десем де болады... Бұл кездер менің жеті-сегіз жастардағы сәби шағым, панасыз, жалаң аяқ, жалаңбас, аш жүрген жылдарым... Қалай өлмей тірі қалғанмын?.. Жарық дүниеге «шыр етіп» түскен күннен бастап, кінәсіз де күнәсіз сәбидің көрген құқайы, яғни менің өмірім адам айтқысыз тіршілік қиянаттарына толы болды. Иә, өз басым алуан-алуан жәйттерді бастан кешірген бақытты артисткамын. Артист ретінде не жасадың дегенде айтылар сырлар осы тақылеттес. Ұлжан, Зейнеп, Мөржан, Толғанай, Елена, Салихаларды толғағанда шабыт қанатына қайта отырғандай боламын... Мен қаламы төселген жазушы емеспін. Төпеп өлең жазатын ақын да емен. Бірақ, сезімтал жүрегім ағынан жарылып, осы жолдарды қағазға түсіртіп отыр. Мені жарық дүниеге әкелуші, әуелі бір жаратушы, сосыңғы бар алғысым өзімді осынау жарық дүниеге келтірген әкем мен анама бағышталмақ». Болашақ жазылар кітабының сұлба­сын осылайша ойша құрастыра бастаған екен кезінде, қайран сырқат Сәбира. Ха­лықтың сүйікті тұлғасына айналған, өнер өрінде өз өрнегі бар тума талант, КСРО және Қазақстанның халық арти­сі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ең­бек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» орден­­­дері­нің иегері Сәбира Майқанова 1914 жылы күз айының қоңыр шуағында Қызыл­орда өлкесі, Сырдария ауданының Қоға­лыкөл кеңшарында дүниеге келген. Сыр қазақтың небір өнер тумаларын дүниеге әкелген киелі тал бесік. Өнер­дегі әріптесі Асанәлі Әшімов аға­­­­­мыз: «Сәкеңнің туып-өскен жері – Сыр өңірі. Сырға талай мәрте бардық», деп еске ала келіп: «Бұл өлкенің жер жағ­дайын, табиғатын жақсы білеміз. Жаз­дыкүнгі аптап апшыңды қуырып, керім­сал есіп, көз аштырмай құм суырып тұрады. Сондайда Сәкең: «Мұның құмы да дәрі ғой» деп жұртты ду күлдіретін. Бірде Сырдария ауданына, Сәкеңнің туған же­ріне жолымыз түсті. Басшыларға хабар жетпеген бе, әлде ауылда болмаған ба, әйтеуір, дұрыс қарсы алмады. Сонда Сәкең қатты ашуланып: «Әдіре қалғыр, ел емес қой...», деп бұлқан-талқан боп жүр­ді. Біз ішімізден тынып, үндей алмай, басу айтқансыдық. Кешкісін басшылар Сәби­ра апамыздан, бәрімізден қойын сойып, қол қусырып, кешірім сұрап жат­­ты. Ондайда Сәкең сәні кіріп, көңілі көкке көте­ріліп, сол баяғы сахнадағыдай зор үнімен саңқылдап: «Е, бәсе, біздің ел­дің жігіттері осылай болса керек қой, біздің театр басшыларынан бір білместік кеткен деп едім ғой!», дей сала салтанатпен сөйлеп кететін», деп толғана еске алады. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, Сәбира апамыз тек Майқан мен Дәнегүлдің сүйікті перзенті ғана емес, ол кісі елі сүйген халқының асыл перзенті болды. Алла тағала жастай әке-шешеден айырса да, оны халқынан айырмады. Тағдыр тауқыметі мен машақаты азапқа салса да, бойындағы таланты мен жігерінің арқасында көпшілік қауымның көзайымына айналды. Шынайы дарынымен көрерменін ғашық етті, тәнті етті. Сәбира Майқанова ойнаған рөлдердің ешқайсысы назардан тыс қалмады, әрдайым ел алдында болды. Оған оның қасында жүрген, бірге болған өнердегі, өмірдегі жақын әріптестері мен достарының сөздері дәлел. «Әлі есімде, 1964 жылдың жаз айында М.Әуе­зов атындағы академиялық драма театры Мәскеуде ойын қойды. Талай өнерпаздың шандозын танып, өнерін көріп, түйсігін сезініп қалған қырағы көрермендер бұл жолы сахарадай кең, қазақ жанындай жайсаң өнерге тап болды. Сәбира ойнаған рөлдерінің баршасы мәскеулік көрермендерді шын тебірентті. Олар дүрліге қол соқты. Сахнаға бейнелеп қана емес, көрсетіп қана емес, бас кейіпкердің өзімен біте қайнасып, өз басынан өткендей өміршең етіп әрекеттену актрисаның төл қасиеті болды. Мұны да өнер сарапшылары аңғармай қалған жоқ. Талант иесіне Еңбек Қызыл Ту орденін тапсырды. Халық құрметі мұнымен шектелмеді. Ал Сәбира болса, қадір тұтқан өз халқына өнерін ғана көрсетіп қойған жоқ, бұған жанқиярлық қызметін қосты. С. Майқанова өзінің жеке басының өнегесімен өзгелерге де үлгі болды. Ол көп жылдар театр партия­сының хатшысы, облыстық партия коми­­­тетінің мүшесі болды. Үлкен қайрат иесіне осы міндет қаншама жауапкер­шілікті жүктейді десеңізші. 1965 жылы мамыр айында Қазақ драма театры бауырлас Татар республикасында гастрольде болды. Қазаннан шығып, жер-жерді аралап кетті. Көрген жұрт таңдай қағып: «Ана – Жер-Ананы» қойыңыздар, біз Сәбира Майқанованың ойынын көргіміз келеді, Толғанайды көргіміз келеді?!» – деп қиыла өтініш жасаған деп жазды кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Махпуза Байзақова. Сондай-ақ, халқымыздың бетке ұстар актрисасы Сәбира Майқанова туралы КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов «Жас Алаш» газетінің 2004 жылғы 24 қаңтардағы №10 санында «Қазақ актрисаларының Қаллекиі» деген мақаласында Сәбира апамызбен өнер әлемінде өзінің бірге жүрген кездерінен сыр шертіп, естеліктер айтқан. «Сәкеңде арнайы актерлік білім жоқ еді. Сонда да болса оны сахналас құрбылары Бикен, Шолпан, Хадишалар «Самородок – сары алтын» дейтін. Ол шынында да сахнаның сары алтыны болатын. Қандай бейнені қолға алмасын, әбден иін қандырып, шынайы ойнайтын, өзі де сол бейнеге еніп кететін. Басқаны айтпағанның өзінде «Ана – Жер-Анадағы» Толғанайы қандай десеңізші! Осындай алып ана бейнесін сомдау үшін сондай жүрегі нәзік актриса керек еді. Сахнада қаптаған жебедей қадалған сын көздер, ауыр тыныстаған көрермен алдында үш сағат бойы толғанып, тебіреніп, арпалыс күйін кешу үшін адамға қаншалықты күш-жігер керек екендігін бағамдай беріңіз. Бір жылы Уфада ма екен, Сәкең бір күнде Толғанайды екі рет ойнаған жағдайы болғанын айтып еді, сонда жеті сағат бойы «азап апатына» енудің қандай екенін тағы бір рет көз алдыңызға елестетіңізші. Бақытымызға қарай, бұл образ Сәбираның ешкімге ұқсамайтын мәңгілік өнері арқылы қазақ сахнасының алтын қорына енді. Әрине, бірінші ерлігі – сахнада отыз жыл ойнаған Толғанайы ғой». Ал актриса Сәбира Майқанованың өзі бұл жайында: «Мен ойнаған рөлдердің басым көпшілігі аналар. Бір ескертетін жайт бұл аналардың барлығы да ауыр ахуалды көтереді. Баласынан айырылады, не жарын жоғалтады. Осындай ауыр кейіпкерлерді бейнелеу көп жаттығуды тілейтіні анық. Көбіне мен бұл бейнелерді бір-біріне ұқсатып алмасам екен, көрермен көңіліне жаңа бір сыр қоссам екен деп ізденуші едім. Осының өзі менің алдыма қыруар талап қойды, талмай шыңдады», – дейді. Көкірегін кернеген Толғанай мұңы, Толғанай зары өзінің де жекелеген сыры, өкініші, сағынышы қабаттаса үндесіп, өмір мен өнердің ұзақ жолындағы реніш пен қуаныштары бірде мұңайтып, бірде қуантты. Дарияның суын қанша ұрттағанмен тауыса алмайтыныңыз сияқты сахна мұхитына айналған С.Майқанованың өнердегі өлшеусіз өнерін тауысып айта алмайсыз. Оның Толғанайы өз алдына бір төбе десек, оның басқа спектакльдерде ойнаған негізгі рөлдері де өз алдына бір төбе. Ұлттық драматургияның небір күрделі образдарын жасауда Сәбира Майқанованың актерлік шеберлігі тайға таңба басқандай анық танылып тұрар еді. Сәбира Майқанова алғашқы актерлік жолын Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Алтынай рөлін ойнаудан бастады. Одан соң жас замандас құрбыларының бейнесін кескіндеді, үлкен жүректі аяулы аналардың бейнелерін сахналады. Театрда қойылған классикалық туындылардың барлығында дерлік басты рөлдерде ойнап, сахнада аналар бейнесінің тұтас галереясын жасады. Мәселен, М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» – Мөржан, Б.Майлиннің «Майданындағы» Мамық, Ш.Хұсайыновтың «Алдар Көсесіндегі» Дәмелі, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Мақпал, Роза (Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В.М.Киршон, «Астық»), Рая (М. Әуезов), «Алма бақ»), Гүлжәмила (М. Әуезов, Ә.Тәжібаев, «Аққайың»), Любовь Яровая (К.А.Тренев, осы аттас пьеса), Зейнеп (С.Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Кесария (О.Ш.Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И.П. Куприянов «Вьетнам жұлдызы») – оңайлықпен қайталанбас образдар, сирек характерлер. Майқанованың актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтығымен ерекшеленеді. С.Майқанова классикалық туындылар бойынша Ж.Б.Фрозина (Мольер, «Сараң»), Мария Антоновна (Н.В.Гоголь, «Ревизор»), Кабаниха мен Купчиха (А.Н. Островский «Найзағай» мен «Жазықсыз жапа шеккендер»), (А.Чехов «Сүйікті менің ағатайымда», «Ваня ағайында» Марина) рөлдерін тамаша кескіндеді. 1936 және 1958 жылдары Мәскеу қала­сын­да өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954 жылдан кино­ға да түсті. «Махаббат дастаны» (Мақ­пал), «Қыз бен жігіт» (Гүлбарша), «Біз осында тұрамыз» (Торғын), «Құйма» (Дәмет­кен), «Қыз Жібек» (Қамқа), «Қозы Көр­пеш – Баян сұлу», «Ботагөз», т.б көркем­фильмдеріндегі рөлдері көрермендер көңілінен шықты. «Қайран Сәкеңнің қапысыз көңі­лі-ай! Қайда жолымыз түспесін, әзіл әңгі­месін, күлдіргі сөздерін қайталаудан жалық­пайтын. Қайталау емес, әр айтқанда түрлендіріп, кісі жалықтырмайтындай жеткізеді ғой. Ұлылықтың бастау алар жері қарапайымдылық десек, Сәбира актрисаның өнері де өмірінің өзіндей еді. Жай әңгімесінің, қарапайым қимыл-әрекетінің өзі тұнып тұрған өнеге болатын. Өнерде ғана емес, өмірде де шешен болған Сәкең мына заманға жеткенде қандай бағытта, қандай күйде болар еді деп те ойлаймын. Орысшаға шорқақ болғанымен, табиғи зерде мен ұлттық сананы сабақтастырып жіберетін логикасы, қиыннан қиыстыруы керемет-тін. Бір жолы шығармашылық саладағы бас­тауыш партия ұйымының басшыларын Қонаев қабылдаған ғой. Әр хатшыға 15 минут сөйлеу тиесілі екен. Сәкеңе 15 минут деген бұйым болып па, ол кісінің ең қысқа сөзінің өзі 45 минутпен шектелетін. Өз орталарымыздағы отырыстарда тост айтпастан бұрын «Ал, сендер тамақ алып отыра беріңдер, менің біраз сөйлеуіме тура келіп тұр», – деп ескертіп қоятын. Мен де: «Ал, енді Құдайберген сияқтыларың ұйықтай беріңдер» деп қалжыңдайтынмын. Сонымен, сол биік кабинеттегі жауапты жиналыста ол кісі өзінің үйреншікті баяғы мәнеріне салып, біраз көсілген ғой. Сәкең 20 минут сөйлеген соң жиналыс төрағасы тоқтатпақ болғанда, Димекең сөзін бөлдірмепті. Соңынан сөз алған Қонаев Сәкеңнің сөзінен бірнеше мәрте мысал келтіріп ұзақ-ұзақ толғапты» деп ағынан жарылады атақты Асанәлі Әшімов. Қазақта «алыптан алып туады» деген сөз бар. Ана деген құдіретті асылдың екінші мағынасы – ізгілік, мейірбандылық, бекзаттық болса, оны әркім хал-қадерінше құдай берген өлшеммен бойға дарытып ғұмыр кешеді. Сәбира апайдың мектебінен өткен, ақылын тыңдап өскен актриса Рахилям Машурова: «Табиғат берген дарқан дарын иесінің адамдармен қоян-қолтық араласып кетуі, сенімен танымаса да жөргегінен білетіндей ақтарылуы, аузын ашса көмейі көрінетін жомарттығы, адамға жұғымдылығы, елге қайырымдылығы, баласындай бауырына басып, шәкіртіндей баулып, елпең қағып елпілдеп, титтей бір қиналып қапалансаң қол ұшын беруге асығатын қағілездігін көргенде мен ғаламат таңғалушы ем...», – деп тәнті болады. Рас. Еске түсiре бастасаңыз сыр көп. Комедия саласында да Сәбең қырғын шеберлiк толғайтын. Өзбек драматургі С.Ахмадтың «Келiндер көтерiлiсi», «Күйеу» атты комедияларында рахаттана ойнаған Сәбира апамыз өзгеше «стиль» танытты. Әлгi «Күйеу» атты қойылымда денесiмен дене болғандай, тырсылдата киген киiмiнде, оны аз десеңiз, сахнаға велосипед мiнiп шықсын, қолында жел үрлейтiн насосы… мұнда күлмесең, қайда күлерсiң! Қыран-топан, залдың «шегi» түйiлiп қалды. Iлгерiректегi сөз еткен «Дон Жуанның думанында» бас кейiпкермен (А.Әшiмов) қылыштаса жөнелген Майқанқызын көрiп ол жолы да күлкiден орнымыздан тұра алмай қалғанбыз. Марқұм анамыз шабыттың, нағыз зауықтың, ойын-сауықтың адамы едi. Шынайылығы өмiрдiң өзiндей едi-ау! Әйтпесе, спорт киiмi, қылыш, велосипед жабдықтары Сәбира апамның табиғи болмысынан аса үйлесiм таба кетуi екi талай нәрсе ғой, өзi. Абзал актрисаның өнерiн ұстап тұрған және не iстесе де оны көңiлден шығарып тұрған қасиетi – тек оның сол шыншылдығы, қасақана көлгiрсiмеуi. Сосын бiр «жорта» келiп, сүйкiмдi мақтанатыны бар едi. «Iшпен ойнаймыз ғой, бiз кейбi­реулер сияқты көзбен ойнамаймыз», деп көтерiлiп-көтерiлiп барып, артынша қызуы кемiген сүттiң көбiгiндей қайтадан сабасына түсетiн, марқұм. Сын, ескертпеге көмбiстiгi кемшiн едi. Есiмде қалғаны, А.Жағанованың «Жан алқымда» атты пьесасының талқылауында кәдiмгi қазақы кемпiрден гөрi өзгешерек, өркениетке жақындау егде адамның iс-әрекетiне байланысты, әлi де болса баяғы таяқ ұстаған әжелердiң аясынан шыға алмай жатқандығын айта бастағаным сол едi, Сәбира апамның түсi бұзыла бердi. Сөйлеп тұрып байқағаным, ұрсып тастаудан да кет әрi емес. Жұқалап-ақ бiтiрдiм. Соның өзiнде жақпай қалдым. Екеуара екi-үш диалог «отставкаға» кеттi. Жым-жылас боп мен жүрмiн. Бiр күнi үлкен жүрек шыдамады ғой бiлем: «Әй, Әшiр мiншi, (сыншы дегенi) неге жазбайсың әлгi айтқандарыңды газетiңнiң бiрiне. Сәбира Майқанқызы великий артист, ел бiледi», – деп салсын. Мәссаған! Шыдау мүмкiн емес, сәби қабағын түйiп, өз-өзiнен қыстығып тұрған кiсiге төзу қайда? Бас салып мейiрiмдi ананың мойнынан қалай құшақтай алғанымды бiлмеймiн. Ана құшағы неткен ғажап едi! Қосыла күлiп жатырмыз. Сөйтiп, өзiм жақсы көрген бүкiл қазақ сахнасының алып анасымен осылайша «татуластық». «Жақсының көңiлi шәйi орамал кепкенше» деген осы болса керек. Үлкен жүректi актриса өмiрiнiң соңғы жылдарында жайсыз жабысқан сырқатымен алысып, көп күндерiн төсекке таңылумен өткiздi. Сонау отыз екiншi жылдан өзi алпыс жыл әлетiнде өнер толғаған қара шаңырағынан қол үзiп қалған ұлы әрiптестерiн, сахналас аға-iнiлерiн, құрбы-сiңлiлерiн бiр сәт те ұмытпағаны еске түседi. 94-тiң қыс айларында сексен жыл­дығын өткiзуге денсаулығы жара­маған ұлы актрисаға Бикендейiн өнерлi сiңлiсi баспасөз бетiнде естелiкке толы жүрек тебiрентерлiк хат жариялады. Сахна саңлақтары Қ.Бадыров, Ф.Шәрiпова, жазушы-драматург Б.Мұқаи Сәкеңе деген iңкәр көңiлдерiндегi жылы сөздерiн титтей де аяп қалмады. Дiмкәстанып қалған кiсiге күш-қайрат берер шын мәнiндегi қымбат сезiм, жақсы сөздер едi. Амал қайсы? Дендеп алған қатерлi дерт оның ұлы құлаққа, үлкен жүрекке жетуiне мүмкiндiк бердi ме? Бермедi ме? Ол жағы беймәлiм. Бiрақ, талантты қызының таза табиғатын елi, жұрты бiлдi. Көп ұзамай өзiнiң сексен жылдығына да (үйреншiктi сахнасына) өзiне бiткен өр қимылымен ойқастап шыға алмаған қалпы қазақ өнерiнiң асыл перзентi, ұлан-ғайыр қара орман халқымен мәңгiлiкке қош айтысқалы да көп жылдың жүзi өттi. Иә, Сәбира өнегесі – таусылмас аңыз. Сәбира апамыздың сүйікті перзенттері Розасы, Тимуры, Арыны қайтыс болғанда, басына түскен зор қайғыға хас батырларша қарсы тұрып, қайыспай, майыспай төтеп берген еді. Тағдырмен тайталасқа түскендей, қолына іліккен рөлдерді құлпырта түскен. Өзіндік қайталанбас тұлғасымен ерекшеленген. Бұл күндері соңында қалған тұяғы Гүлдар қыз ғана тынымсыз. Шешесінен алған мол ғибраттарын насихаттауға барын салуда. Соның нәтижесінде, таяуда ғана Алматы, Астана ұлттық кітапханаларында ғылыми-шығармашылық конференциялар ұйымдастырылды. М.Әуезов театр ұжымы биылғы жылғы өздерінің «Театр көктемі» атты дәстүрлі фестивалін ұлы актрисаның есімімен байланыстырмақ. Осы мақаланың иесі «Сәбира Майқанова» атты кітабын баспадан шығарып, оқырман қауымға ұсынғалы да бірқыдыру уақыты өтті. Сахна саңлағының өмірден өткеніне 19 жылдың жүзі болды. Әйткенмен, осы кісіні еске алу жөніндегі іс-шаралар өткізу жайында мемлекет тарапынан жасалынар әрекет әзірге баяу. Кей кездері өмірден өткені кеше ғана болса да, топырағы кеппей жатқан қайсыбір жандарға тиесілі құрмет жасалып жатыр емес пе? Ал біздің Сәбира апамыз да қазақтан шыққан тым сирек тұлғалардың бірі емес пе еді? Сәбира Майқанова есімін естігенде, жас ұрпақ үшін халқының тағдырын, тауқыметін бір адамдай арқалаған, күйзелісі мен күйінішін өз басынан өткерген, сезіну, түйсіну арқылы соны адамзат санасына, жетесіне, жан дүниесіне рухани болмысымен, артистік жолының өзіндік машақатымен жеткізе білген киелі өнер деп аталатын қара шаңырақтың қайратты қызы екенін танып-білуіміз керек. Сондықтан да, Сәбира Майқанованың биылғы 100 жылдық мерейтойы дүркіреп өтуі тиіс. Осыған орай, республика, облыс, аудан, қала көлемінде, мектеп оқушылары мен студенттер арасында Сәбира салып кеткен көркемсөз дәстүрлерінен байқау өткізуге болады. Олай дейтініміз, Сәбира апамыз ойнаған әрбір рөлде ұрпақ санасына жететіндей қазақтың небір нәрлі, нақышты сөздері жатыр. Осы ұлағатты мақамдарды жас ұрпақ сахна төрінде әспеттеп жатса, ұлт руханиятына, тілімізге деген құрметтің бір көрінісі болар еді. Республикамыздағы мәдениет ғимараттарының біріне ұлы өнер иесінің есімін беріп жатсақ, ұлт пен ұрпақтың сергектігі болары сөзсіз. Алып актрисаның өнердегі жүріп өткен өнегелі өмірінен сыр шертіп, оны өскелең ұрпаққа танытуда Сәбира Май­қановамен бірге жүрген, көзін көр­ген әріптестері, достары, сахна саң­­­­­­лақта­­­рының жазған естелік толғаулары ерек­ше қымбат. Өйткені, сол кісілердің көрген білгендері арқылы жас ұрпақ Майқа­нова әлемімен тікелей танысады. Шына­йы да шыншыл шебердің қандай болға­нын ұғынады. Сонымен ғана шектеліп қалмай, Сәбира арқылы, ол сомдаған образ­дарды білу арқылы, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған тарихта аты аңызға айналған ұлы Аналар кейіп­терімен таныса алады. Сөзімізді белгілі ақын Сейфолла Оспанның Сәбира Май­қа­новаға арналған өлең жолдарымен аяқтасақ: Алып Ана, асыл Ана, дүр Ана, Кім екенін, халқым, менен сұрама. Жасап өткен небір Ана бейнесін, Жанды осылай демеуге әсте бола ма, Болса өзі сахналық ғұлама!!! Әшiрбек СЫҒАЙ, профессор.