12 Наурыз, 2014

Шымкенттің шынары

479 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Әдетте шынар ағашы жалаңаш жартастың шыңында не қиясында өседі. Және ол жалғыз-жарым ғана болады. Біз қысы қысқа әрі жылы Шымкенттен шығып, шаңғы спортының бір түрі – фристайлдың акробатикасы бойынша жақында Сочи Олимпиадасына қатысқан екі қызды сондай шынарларға балап едік. Соның ішінде жаһанның кіл майталмандары бас қосқан аламанда алдыңғы лектен табылып, алтыншы орынға табан тіреген 18 жасар Жанбота Алдабергеноваға деген ықыласымыз мүлдем бөлек. Жанбо-5 Бұл бір «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге» қараған көк­өзек шағында орын алды. Жа­булап апарған жүйріктеріміз жаб­дықтан көрінбей, жалғыз Де­нис Теннің дүбіріне малда­­нып тұр­ған кез. Сол тұста күтпеген жер­ден Жанбота есімді фристайл­шы қызымыздың жай оғын­дай жарқ ете түскені пәсейген көңілді кенет көтеріп жі­берген жағымды жаңалықтың біріне айналды. Шымкенттен шыққан шымыр қыздың бірнеше белесті ба­ғындырып келіп, қорытындыда алғашқы алтылықтың аумағына тұрақтауы нағыз ерлікке пара-пар жәйт болды. Бүгінде тарих қойнауына к­е­тіп бара жатқан XXII Қысқы Олим­­пия ойындарына оңтүстік өңі­рінен үш спортшы қатысса, со­ның үшеуі де бір бапкердің – Мұ­рат Аблятифовтің шәкірттері екен. Солардың бірі Жанбота еді. Тұлымы жел­бі­реген қызы­мыз өзін жаспын де­меді. Алдың­ғы екі іріктеу сына­ғы­нан да маңдайы жарқырап өте шыққан ол екі финалдық тар­тыстың алғашқысында алтыншы асуға аяқ артты. Тек медальдар үле­сін таласқа салған төрттіктің төре­лігіне ғана қатыса алған жоқ. Ең бір шегелеп айтатын нәрсе, айдай әлемге атын шығарып, атағын аспандатып жатқан Жанботаның спорттың бұл түрімен айналыса бастағанына тым көп уақыт бол­маған. Бар-жоғы 2,5 жыл ғана. Спорт атты сайыстың сыбағасынан титтей ғана хабары бар кез келген адам мұның қас пен көздің арасындай қысқа мерзім екенін айтпай-ақ біледі. Сөйтсек, жас­тайынан спортқа құмартып өскен Жанбота сол кезге дейін гимнастикамен айналысып келіпті. Оны атасы Мәжит 4 жасынан атақ­ты жерлестері Нелли Ким шық­қан спорт мектебіне арқалап тасиды. Орысша бір ауыз сөз білмейтін Жанбота қазақша мүлде «қақпай­тын» Галина Николаева атты жаттықтырушының қолына тап келеді. Бір жылдан кейін ол алғаш­қы жүлдесіне қол жеткі­зе­ді. Үлкен жарыстардың бірінде екінші орын алады деп тұрған сәтте бөрене үстінде орындаған мінсіз секірісі үшін кенеттен бірінші орынға шығады. Осылай сол жарыста екі бірдей бірінші орын беріліп, Жан­бота спорттағы алғашқы ірі жеңісін тойлайды. Бұл 2000-жылдардың басы еді. Ол кездері спортқа мемлекет та­рапынан дәл қазіргідей қаржы бөліне қоймаған. Сондықтан әр спортшы жарысқа қатысу үшін жолақысы мен жатын орны, ішер ас-суы үшін қаражатты өз қал­тасынан шығарады. Осы­ған орай Жанботаның атасы Мә­жит пен әкесі Еркін де тап­қан-таянғандарының бір бөлі­гін сол үшін бөлек жинайды. Үйде ішпей-жемей кетсе де Жан­бо­та­ның жарысына деген 100 мың теңге әрдайым сақтаулы тұрады. Осының арқасында бүлдіршін балапан Ресей, Түркия және Жапония сияқты елдерде өткен көптеген халықаралық жарыстарға қатысып үлгереді. Басында бәрі осылай болып жалғасып кете беретіндей бо­лып көрінген. Жарыстан жарыс­қа тәжірибесі артып, жүл­десінің саны молая түскен Жан­бота Алдабергенова қа­зақ гим­настикасының бір жұлды­зы болып шығатын шаққа жақын­дап келе жатқан. Бәрін бір жат­тық­тырушының бір жолғы кесір­лігі мен қиянаты бұзып жібер­ді. Осыдан үш жылға жуық уа­қыт бұрын Жанбота Санкт-Петер­бург­те өткен халықаралық тур­нирге қатысып, жүлделі орын­дардың бірінен көрінеді. Бірақ бұл құраманы бастап барған бас жаттықтырушыға ұнамайды. Себебі, Жанбота оның осы жа­рысқа қатысқан туған қызынан озып кетіпті. Осыған ыза бол­ған ұстазсымақ оны Нева жағасын­дағы қалаға жалғыз қалдырып кетеді. Тек Алматыдан барған бапкер жәрдемімен елге оралған қыз содан қайтып жаңағы жаттық­тырушыны көргісі келмейді. Бұ­дан хабардар болған атасы мен әкесі сосын Жанботаны фрис­­­тайлға ауыстыруға ұйғарым жасай­ды. Сол жылғы тамыз айын­­­да 15 жасар жеткіншек жеке жат­­­тықтырушысы Галина Ива­­но­внаға жолығып, өзі­нің ойын айтады. Ал ұстазы қатты қина­лып тұрса да, қайсар қыздың айтқанынан қайтпайтынын біл­ген соң, бұған рұқсатын беруге мәжбүр болады. Сөйтіп, оның ра­зылығын алған бұлар №8 қысқы спорт мектебіндегі фристайлдың акробатика түрінен бапкер Мұрат Аблятифовке хабарласады. Бұған дейін үш фристайлшыны баптап жүрген маман қатарға төртінші етіп Жанботаны да алады. Әлбетте, бұрын аяғына шаңғы байлап көрмеген жасөспірім қызға бәрін басынан қайта бас­тау оңайға түспейді. Бұған қоса, Оңтүстік Қазақстанда қысқы спорт түр­лері­нен жаттығуға арна­йы жағдай жасалмаған. Жал­ғыз ғана «Мұз сарайы» бар. Ал фрис­тайл үшін трамплин керек. Сондықтан мұның орнын тол­тыру үшін фристайлшы­лар «Мұз сарайдағы» батутта се­кіреді. Жанбота да өз жат­ты­ғуын өзге әріптестері секіл­ді осында бастайды. Мұрат баста­ған топ толыққанды жатты­ғу­­лар өткізу үшін ара-тұра ақ қар іздеп, Өскеменге тартады. Бұ­дан тысқары Қытай, АҚШ, Швей­цария, Финляндия, Бела­русь, Ита­лия және Украина ел­де­рінде болып, біраз жаттығу­лар өткізеді. Жаратқанның ауыздарына сал­ғаны ма, Жанботаның атасы да, әкесі де сол кездері-ақ оның Сочи Олимпиадасына қатысуы керектігін айта беріпті. Әкесі Еркін тіпті қызының осы Ойындарға барып қайтқанын көрудің өзі үлкен арманы еке­нін жиі аузына алыпты. Мұны естіген Жанботада да ес қал­май­ды. Жалпы салмағы 28 кило болатын жабдықтарын арқа­лап, күн сайын жанкешті жаттығуларын жасаудан бір жалық­пайды. Бұл кісілердің тілегі қабыл болғаны шығар, 2013 жылдың қаңтар айында қай­сар қыз Америкада өткен кезең­дік жарыста жеткілікті ұпай жинап, лицензияны жеңіп алады. Мұны естіген атасының қуанышында шек болмайды. Қазір Шымкенттен шыққан шынар қыздың бірінші кезектегі жанкүйерлері сапында әжесі Назымгүл Сырлыбаева мен анасы Гүлназ Жұмабекқызы бар. Со­сын, әрине, оның ту сыртында ті­леуін тілеп, қабырғалы қалың елі – күллі Оңтүстік өңірі мен барша Қазақстан жұрты тұр. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.