Несіпбек Дәутайұлы екеуміз Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында болдық. Бір аптадай бірге жүрдік. Барлық кездесуде бой-болмысы бөтенше, түр-тұрпаты төтенше, желкесінде желкілдеген желкегі, қос қапталы қайқыланған қалпағы... Дегеніміздей, осынау оқшау кейпінен титімдей де танбаған.
Қазіргі жұртшылығыңыз, бүгінгі оқырманыңыз бұрынғы бір кездердегідей емес. Соны терең сезінетін саңлағыңыз басынан тастамайтын, жұртта жоқ қалпағымен ғана емес, сол қалпақтың астындағы қашанда қалғымайтын, ояу ойларымен де бөлекше баурап, жүректерді жаулап алып жүргені жадымызда жаңғырады.
2016 жыл болу керек, даусыз дарыныңыз Дәутайұлының «Айғыркісі» және «Мінез» атты қос томдығы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған. Соған байланысты «Қараүзген қаламгер» деген мақаламыз жарияланған. Алматыдағы «Ан Арыс» баспасынан шыққан егіз кітаптың алғашқы томына «Құдірет пен қасірет» романы, «Ақкүшік» повесі және «Айғыркісі», «Батыр» атты әңгімелері, екінші томына «Жол», «Ақкөгершін» хикаяттары мен он шақты әңгімесі жинақталған еді. Қос томдық Қордай қыранының қос қанатындай еді. Осы күнгі, заманауи, ұлттық роман бар ма десе, «Құдірет пен қасіретті»; қазіргі қазақ хикаяттары қандай десе, «Ақкүшік» пен «Ақкөгершінді»; әлемдік әдіптегі әңгіме ретінде «Айғыркісі», «Мінез», «Қанқызыл жалқын», «Тәңірінің сыйы» сынды дүниелерін айтатынбыз. Біз. Басқалар да.
Несіпбек Дәутайұлы – қазіргі қазақ прозасына жанрлық жаңғырулар дарытқан дарын, жанрға жаңа өре-өрістер ашқан аймүйіз еді. Ол әлемдік әлеуметтік-психологиялық әдебиеттің жауһар жетістіктері мен ұлттық уызды, дәстүрлі прозаңыздың дүрри-гауһар қазыналарын Қордайдың қыранына ғана тән талантымен шебер үйлестіре, үндестіре, жарастыра жазатындығымен даратұғын.
«Иосиф Сталиннің демі түгесілуге үш күн қалған» деп басталатын «Құдірет пен қасірет» романының авторын біз «Модернист-постмодернист» деуші едік. Әзіл-шынымызды араластырып. Оқтын да оқтын сол Сталиніңізді төбеңізден төтеншелеп төндіреді-ай. «Иосиф Сталиннің демі бітуіне екі күн қалған», «Иосиф Сталиннің өлуіне бір күн қалған» деп, әр тұста үрей үйіріп алады-дағы, оқырманды да, кейіпкерлерін де, өзін де аяусыз қинап, қалтыратады. Опасыздық пен сатқындықтың қалай, қайтіп, неліктен туындап, қабынатын құпияларын қалайынша, қалауынша ашады десеңізші! Ашаршылық атты қасіреттің, он ғасырға зарар-зардаптары бірге баратын опат-абырдың астарлары мен қатпарлары қалам құдіретімен ота жасалғандай осып-осып бейнеленеді.
«Модернист-постмодернист» Дәутайұлының тұспалында сатқындық пен опасыздық ашаршылықтан да, Сталин мен Голощекиннен де, НКВД-дан да қауіптірек секілді сезіледі. Әсіресе дос-
тың сатқындығы. Достың опасыздығы. Қай заманда да. Қандай қоғамда да. Нендей кезеңдерде де.
Досмағамбеттің досы Әбжалдың сатқын, опасыз бейнесін бере білуде Несіпбек шеберліктің шыңына көтеріле алған. Әлемдік әдебиет тұрғысынан топшыласаңыз да. Ақбұлың ауылы адамдарының ашаршылықтан аман қалғанына кектенеді. Жұртына жаппай зауал келтіретін бәле тілейді. «Күні-түні біреуге жамандық ойлап, оның жаңылар, сүрінер тұсын жатпай-тұрмай аңду дертіне ұшыраумен бір мезгілде және мынандай сұмдық нәрсені аңғарды: ол өзінің өн бойында өзге түгілі өзіне-өзі қастандық жасауға да дайын бір сұрқия сезімнің пайда болғаны еді», дейді қараүзген қаламгеріңіз. Одан әрі: «Осындай азаппен жүріп ол өзіне өзінің қастандығынан бәрібір құтылып кетіп жүрді, ал өзгелер мұның қастандығынан құтылған жоқ...» деп түйеді.
Алайда оның қастандығынан қаншама қасірет шегіп, айдалып, азап шегіп жүрсе де Досмағамбет бақытты. Оны Қызбалтай сынды сұлу әйел адам айтқысыз сүйеді. Ал әбжыландай Әбжал күйінеді, күйеді. Романдағы Қызбалтай мен Ақтамақтайын арулар да – жаңалығы көп, жалғандығы, жасандылығы жоқ, тың да тосын тұлғалар. Бірегей бейнелер. Көркемдіктің көкжиегін кеңейткен кейіпкерлер. Дегенбіз.
«Ақкүшік» повесіне де аялдағанбыз. Ақкүшік бейнесі де – постмодернист Дәутайұлының өзіндік өрнекті табысы. Әлем жүзінде әлденеше жүз жазушы ит туралы жазған шығар. Сол жүздеген иттердің арасынан қазақ қаламгері Несіпбектің Ақкүшігі айрықшаланып, алдыңғы лекте аталатыны да анық-дүр. Дәутайұлы өзінің Ақкүшігі арқылы адамдардан артық иттердің әлемдік әйбат тізімін толықтыра түскен. Ал енді «Айғыркісі» әңгімесі хақында небір-небір білікті сыншылар таңдана отырып, талдамалар жазған. Әлімізге қарамай, біз пақырыңыз да өз пікірімізді білдіргенбіз.
Өкінішке қарай, сол 2016 жылы да, 2020 жылы екінші мәрте ұсынылып, қоғамдық пікір, әдеби қауым қызу қолдағанда да, Несіпбек Дәутайұлына Мемлекеттік сыйлық бұйырмады. Бұйыртпады. Әттең-ай...
Жоғарыда айтқанымыздай, 2018 жылы Алматы облысының аудандарынан қайтып келе жатқанымызда ше, Қордайдағы Кенен ауылы маңайына тоқтағанбыз.
– Анау жол Иірсуға апарады, – деді қос қапталы қайқыланған қалпағын қолына алып, күрсініп. – Мына таста жыр-жолбарыс Жамбыл баба отырған. Жанындағы кішірек, қыналы қойтаста Кенен ата отырған. Сырласып...
– Тасқа отырған зиян емес пе? – дедік біз. Жанары буалдырланып, дымқыл жарқылынан жаңылыңқыраған жазушы інімізді жадыратпаққа тырысып. Әзілдеп.
– Осындай, жайдарман жаз болса керек, тас жып-жылы ғой қазір, біз де отырайықшы, – деді Несіпбек сонда... Қайран-ай...
Менің туған ауылым Таупістеліде Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бауы бар. Мәрмәр тасқа: Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған. Әрбір үш жыл сайын мұнда «Таупістелі тағылымы» атты арнайы басқосу өтеді. 2019 жылғы басқосуға түрік, өзбек, қырғыз қаламгерлері қатысқан.
Қазақтың жиырмашақты жазушылары мен ақындарын, журналистерін Есенғали Раушанов пен Несіпбек Дәутайұлы сынды дарындар бастап келген. Екеуі де Көкбұлақ өзені бойындағы жиында небір-небір ойларын ортаға салып, жұртты оятқан.
Бүгінде екеуі де бақи дүниеде...
Таупістелі ауылындағы Шерхан мен Насыр бауында қос таланттың қол ұстасып жүрген жолымен өтетін өскін жастар жаутаңдай қарап: «Ата, Несіпбек пен Есенғали ағалардың іздерін көрсетіңізші» деседі.
Олардың қайран қазақ әдебиетіндегі іздері мен істері, асыл-ақық мұралары – мәңгілік. Дейміз. Күбірлеп. Кеудемізді күрсін кернеп.
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы