Руханият • 29 Желтоқсан, 2021

Ұлттық философия: рухани дәстүрлер инновациясы

948 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаһандық сын-тегеуріндер кезеңінде ұлттық болмысты сақтап қалу, заманауи қоғамның сұранысына орай дәстүрлерді инновациялау, биоэтика, ақыл-ой эволюциясына қатысты мәселелер «Философиялық Конгресс» қоғамдық бірлестігі, Философия, саясаттану және дінтану институты мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия, саясаттану және дінтану факультетінің ұйымдастыруымен өткен «Жаһандық трансформациялар дәуіріндегі Тәуелсіз Қазақстан философиясы» ІІІ конгресінде талқыланды.

Ұлттық философия: рухани дәстүрлер инновациясы

Ғалымдардың кәсіби басқо­суын Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, академик Серік Сейдуманов ашып, философияның қоғам санасына әсері, рухани-мәдени кеңістікте, ғылым-білім және тәрбие салаларында, идеологиялық үдерісте ерекше рөлге ие екендігіне тоқ­талды. Серік Сейдуманов атап өткендей, әлеуметтік-мәдени өзге­рістердің медиаторы және рухани-адамгершілік өзгерістердің катализаторы бола отырып, философия адам мен қоғам өмірінің құндылықтарын нығайтуда интеллектуалды бағдар ұстана оты­рып, дамуына ықпал етеді. Ұлт­тық философияның тарихы, ру­хани, мәдени мол қоры те­рең­де жатыр. Бұл жетістіктер диа­лек­тикалық логика мен фара­би­танудың белгілі ғылыми мек­теп­тері, ғылыми әдіснамасы, елі­міз­дің әлеуметтік-саяси өмірі мен әлеу­меттік-гуманитарлық да­муы­ның қазіргі түйткілдерін зер­де­леуге арналған ғылыми еңбек­терден тұрады. Дағдарыстан ке­йінгі кезең – қоғамның дүние­танымдық көзқарасы мен мазмұ­нын реттейтін ең маңызды ру­ха­ни-интеллектуалдық құбы­лыс екендігін екшейтін уақыт. Осы кезде философия мо­биль­ді бола отырып, қазіргі заман­ның кедергілерін еңсеруді, адам­гер­шілік қағидаларын жоғары дең­гейге көтеруге қызмет етеді.

Бүгінде қазақ философтары­ның әлемдік ғылым кеңістігінде­гі еңбегі орасан. ҰҒА академик­те­рі Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысанбаев, Досмұхамед Кіші­беков, тағы да басқа ғалымдар өр­ке­ниет пен мәдениетке, дін мен ділге, тұлға мен қоғамға бір­тұтас дүниетанымдық және әдіс­намалық негіз болатын фило­софияның қыры мен сырын еңбек­теріне арқау етті. Жиын барысында Италия, сондай-ақ Ресей, Бела­русь, Қырғызстан, Өзбекстан Республикасы Философия және әлеуметтану институтының басшылары, ғалымдар Қазақстан философтарының әлемдік өрке­ниетке қосқан үлесі хақында пікірлерін білдірді.

Тәуелсіздік жылдарында Қа­зақ­стан философиясының шығар­машылық әлеуеті өскелең ұрпақ­тың жаңа құндылықтары жүйесі­не бағытталуымен қатар ұлттық философияның шыққан тегін зерт­теу, антология, сана-сезім, өзін-өзі тану, ғылым, мәдениет, дін, яғни заманауи қоғамның бар­лық саласын зерттеумен айна­лысып келеді. Жиынның моде­раторы, институттың бас ғы­лы­ми қызметкері, философия ғы­­лымдарының докторы, про­фес­сор Аяжан Сағиқызы атап өт­­­кендей, технологиялық жаң­ғы­ру кезеңінде әлемде, қоғам өмі­­рінде бұрын-соңды болмаған оқ­и­ғалар орын алуда. Ғылым, фи­ло­софия, сәйкесінше адамзат үшін де түйткілді мәселелер бар. Адам дамымайынша, бар­лық инновациялық үрдіс құл­дырауға жақын, салдары зор. Пре­зидент Жолдауында адам капиталы, ғылым, білім, қоғам өмірінің әлеуметтік-гуманитарлық саласын дамытуға көңіл бөлінген. Осы ретте трансгуманизм, постадамзаттық идея, роботтандыру, адамзат өмі­рінің барлық саласы рухани, гу­манитарлық бастамаларды қажет етеді. Адам жанын дамыту заманауи қоғамның стратегиялық міндеті. Ғылым, білім, техноло­гия, цифрландыруда рухани ин­новациялық басымдық керек. Ал әлеуметтік-гуманитарлық ғы­лым­ды дамыту мен рухани тәрбие мәселесі қашанда өзекті.

Философияның жобалық мақ­саты болашаққа, адам дамуына бағытталған іс-тәжірибеге не­гіз­­­деледі. «Философиялық Кон­гресс» вице-президенті, филосо­фия ғылымдарының докторы, про­­фессор Сергей Колчигин «Тәуел­­сіздікке дейінгі жылдарда фило­софияның шығармашылық мінде­­ті бостандық мәселесіне басым­­дық берді. Осы ретте қоғам­дағы тарихи өзгерістер соңғы 30 жылда Қазақстан философиясы ғылы­мынан терең зерттеулерді талап етті. Ойлау онжылдығындағы бі­рінші кезең бүтіндей әлемтану идея­сына арналды. Тәуелсіздігін алған ел үшін әлемнің бір бөл­шегі ретінде мәдени кеңістікті қам­туға ұмтылысымен байланыс­ты. Осы тұста қазақстандық диалек­тикалық логиканы дамытудың, дүниетанымдық, интегралды ­фи­­­ло­­софияның негіздері әзірле­ніп, Шығыс пен Батыс мәселесі­не, екін­­шіден, Еуразиялық фе­но­мен­ді зерттеуге көңіл бөліне бас­­тады. Осы бағытта материалдар топ­­тамасы жарыққа шықты. Еура­зия контексінің пайда болуы адам­дарды біріктіру идеясымен бай­ла­нысты болды. Ол Еуропа және Азия елдерін ғана емес, еура­зиялық руханиятты қамтиды. 2003 жылы академик Жабайхан Әбділдин философтарды руханиятты зерттеуге шақырды. Ол «жан теориясы» қажет деп атап өтті. Үшіншіден, осы руханият мә­селесіне арналып, бүгінгі күні жан-жақты зерттеліп келеді. Осы кезде ғалымдардың этика жобасы әзірленді. Әсіресе қазақтың дәстүрлі мәдениеті философиясы зерттелді. Осылайша, отандық философия болашаққа қадам басып, ол теориялық тұрғы­дан ғана емес, қоғам өмірінің бар­лық саласында көрініс берді.

Тәуелсіз Қазақстан фило­со­фия­сының қазіргі заманғы түйткіл­ді мәселелеріне институттың Фи­лософия орталығының директоры, философия ғылымдарының док­торы, профессор Серік Нұрмұра­тов сипаттама берді. Ең бастысы, фи­ло­софияның мемлекеттік тіл­де жазылып, қазақ тілінде сөйлеуі маңызды. Философия қоғамға дүниетаным, даналық ретінде, танымның бір әдістемесі ретін­де таныс болуы керек. «Салада қандай жетістікке жеттік, қалай дамып келеді?» деген сауалдар төңірегінде ой тастаған Серік Нұрмұратов «Отандық философия тәуелсіздік кезеңінде бірша­ма ширықты, көптеген мәселе­ні айқындай бастады. Соның ішін­де ұлттық философияның орны бөлек», деп атап өтті. Бүгінде ұлт­тық философияны дұрыс тү­сін­бейтіндер бар. Негізінде ұлттық философия белгілі бір әлеуметтік, демографиялық, мәдени ортада жүйеленеді. Өзіндік рухани келбетін танытуы тиіс. Кант, Гегельсіз неміс философиясы танылар ма еді. Олар француздың, ағылшынның философиясына, Аристотель, Платонға сүйене біл­ді. Десек те, неміс халқының таби­ғатын, психологиясын, рухани байлығын, дәстүрін жинақтап әлемге жарқыратты. Владимир Соловьев пен Николай Бердяевты мысалға алар болсақ, олар орыс халқының рухани байлығына зер салды. Бұдан ұлттық фило­софия әлемдік философияны жарқыра­та көрсете алатын қозғаушы күш­ке тең екенін көреміз. Ал оның өзе­гін этнофилософия құ­райды. Тәуелсіздік жылдарында біраз тұлғаларымызды таны­та алдық. Бұл бір құптарлық іс дейтін болсақ, отыз жылдық кезең алғашқы баспалдақ іспетті. Ал ал­дағы кезеңде тереңдетілген, салыстырмалықты басшылыққа алатын қадамдар қажет. Әлемге рухани байлығымызды танытуда философиялық мәдениетті, ойлауды дамыту – уақыт талабы. Даналығы бар халық терең ойлы, сапалы халыққа айналуы керек. Ал ол жарқын болашағымызды айқын бедерлейтін болады.

Қазақстан философиясында­ғы трендтер, мәселелер және бо­лашағын қозғай отырып, тәуел­сіздіктің 30 жылы ішінде күрделі кезеңдерден өткендігін ҰҒА кор­респондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, институттың бас ғылыми қызметкері Наталья Сейтахметова негізге алды. «Құндылықтар, ғы­лым парадигмалары өзгеріске ұшырады. Бұрынғы жазылған­дар, маркстік-лениндік, тарихи және диалектикалық материализм, атеистік қағидалар жаппай сынға алынды. Осылайша, философияда идеологиялық вакуум пайда болды. Осындай тур­булентті философиялық шындық жағдайында бұрынғы когнитивті қағидалар, әдістемелер мен ғы­лыми негіздерді қайта қарау қа­жет­тілігі туды. Алайда қысқа мер­зім ішінде мұны қалай жүзеге асыруға болатын еді? Сондықтан бұған дейін жазылған ең үздік еңбек­терді сақтап қалу қажеттігі туды. Кеңестік фило­софия – бүтіндей интеллектуал­ды ойдың феномені, оның бар­лығында тоталитаризм сипаты бар деп айта алмаймыз», дей­ді Наталья Сейтахметова. Фи­ло­со­фия осы салада еңбек еткен ғалымдар өмірінің мәніне айнал­ды. Олардың арқасында фило­софиялық матрицалар құрылып, жаңа бағыттар пайда болды. Бү­гінгі философияның ерекшелігі ілгерінді және демократиялық бағыт ұстанып отырған әлеуметтік және мәдени қағидаттарға негіз­делгенімен байланысты.

Білім беру процесіндегі фило­софияның өзектілігіне Әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ Фило­со­­фия және саясаттану факуль­те­­тінің деканы, философия ғы­лымдарының кандидаты, доцент Бекжан Мейрбаев тоқталып өтті. «Ұлттық университетте бір­неше онжылдықтың мәдени, әлеу­меттік-саяси ахуалын бейнелеуге қабілетті философиялық білім беру дәстүрі өткен ғасырдың ор­тасында қанат жая бастады. «Фи­лософия» мамандығы бойын­ша бакалавриаттың алғашқы бағ­дарламалары ҚазҰУ-да ашылды. Қазақстандық білім беру жүйесінде алғашқы магистр-философтар университет дипломын 1998 жылы алды. 2010 жылдан бастап бұл оқу орны философия докторы (PhD) дәрежесін алуға жетелейтін докторантура бағдарламаларын ұсынып келеді. Философиялық білім, қаншалықты іргелі болса да, толық мағынасында мамандықты игердім деп айтуға мүмкіндік бер­мейді. Философия алдында тұрған міндеттер дүниетанымдық сипатта. Егер философия классикалық анықтама бойынша ойға енген дәуір болса, онда бұл ой біздің шындық пен руханиятымызды бейнелейді. Бүгінгі философия, қоғамдағы білім, ғылым, этика және әлеуметтік мәселелердің ір­гелі мәселелерін шешеді. Демо­кратиялық қоғамда философия еркін рефлексия ретінде дами алды, ол – тәуелсіздіктің жемісі.

 

АЛМАТЫ