12 Наурыз, 2014

Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

244 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеше бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Мәселен, 2014 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жайы талқыланып, «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, қазіргі маусымның күрделі проблемаларының бірі – көктемгі су тасқынына өңірлердің дайындық жайы пысықталды. Алғашқы екі мәселе бойынша Экономика және бюджеттік жос­парлау министрі Ерболат Досаев баяндады. Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы ел экономикасының негізгі өсу факторлары ішкі сұраныстың өсуі мен экспорт үшін сыртқы жағдайлардың жақсаруы бол­мақ. Айталық, 2014 жылы әлем­дік экономиканың 3,7 пайыз деңгейінде неғұрлым жоғары өсуі күтілуде. Бұл өсу негізінен дамыған елдердегі экономикалық өсуді қалпына келтіру есебінен қамтамасыз етіледі деп болжануда. Халықаралық ұйымдардың есебінше, 2014 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 105,1 АҚШ доллары деңгейінде болады делінген. АҚШ дол­ларының нығаюын ескере отырып, болжамды нақтылау кезінде орташа жылдық баға барреліне 95 АҚШ доллары болып айқындалды. Бұған дейін мұнай бағасы барреліне 90 АҚШ доллары болған еді. 2014 жылы елдің ішкі жалпы өнімінің нақты өсу болжамы бұрынғы 6,0 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Болжамдар бойынша тауарлар экспорты 86,3 млрд. АҚШ долларын, импорт 52,2 млрд. АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Ал инфляция бойынша параметр­лер жылдың соңына болжанған 6-8 пайыз дәлізінде сақталмақ. Доллар бағамының 185 теңгеге дейін ұлғаюына байланыс­ты Ұлттық қордан бөлінетін ке­піл­дендірілген трансферттің 2014 жылға бекітілген мөлшері 1480 млрд. теңгені құрайды немесе бекітілген бюджетпен са­лыс­тырғандағы өсуге байланысты 100 млрд. теңгені құрайды деп кү­­тілуде. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы іске асыру мақсатында, макроэкономикалық көрсеткіштердің 2014 жылға нақ­ты­ланған болжамын есепке ала оты­рып, ағымдағы жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің пара­метрлері нақ­тыланды. Нәти­жесінде, 2014 жыл­ға арналған рес­пуб­ликалық бюд­жеттің тү­сім­дері 6 206,1 млрд. тең­ге көле­мінде немесе бекітілген бюд­­жет­пен салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсумен айқын­далды. Рес­публикалық бюд­жет­тің кіріс­тері (трансферттер түсім­дерін­сіз) бекі­тілген жоспардағы 4 029,4 млрд. тең­геге қарағанда 331,7 млрд. теңгеге ұл­ғайтыла отырып нақтыланды және 4 360,9 млрд. теңгені құрайды», деді Е.Досаев. Мұнымен қоса Е.Досаев жалпы, қосымша қаражат Мемлекет бас­шысының ағымдағы жылғы Жол­дауында, Елбасының Үкіметтің кеңей­тілген отырысында айтқан тап­­сыр­­маларын іске асыруға бағыт­та­латынын атап өтті. Мәселен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақ­сатында нақтыланған рес­пуб­­ли­калық бюджет жобасында 121,6 млрд. теңге қосымша бөлу, оның ішінде ағымдағы жылғы 1 сәуір­ден бастап азаматтық қызмет­шілердің лауазымдық жалақы­сына 10 пайыз мөлшерінде ай сайын­ғы үстемеақыға 63,5 млрд. теңге­ге, зейнетақылық жә­не мемле­кет­тік әлеуметтік төлемдердің мөл­шер­лерін 53,4 млрд. теңгеге, мем­ле­кеттік білім беру тапсырысы шең­берінде оқитын студенттердің стипендия мөлшерін 10 пайызға, жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгеге жоғарылату көзделген. Сондай-ақ «Балапан» бағдарламасының шеңберінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға, тұрғын үй құрылысы дамуының проблемаларын кешенді шешуге қол жеткізу мақсатында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасының шең­берінде коммуналдық инфра­құ­ры­лымның жай-күйін жақсартуға, агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту бағыт­тарына да шығыстар ұлғайтылған. Үкімет отырысының күн тәр­ті­біндегі екінші мәселе – 2014-2015 жыл­­дарға арналған «көлеңкелі эко­но­­микаға» қарсы іс-қимыл бой­ын­ша кешенді жоспар жобасын да Е.Досаев таныстырды. Министрдің ақпараты бойынша, маңыздылығын арттыра түскен Үкіметтің аталмыш кешенді жоспары 60 іс-шараны қамтиды. «2014-2015 жылдары «көлеңкелі экономикамен» күрес жалпы жүйе­лік сипаттағы мәселелерді, сондай-ақ, экономика салаларындағы кө­лең­келі өндірістерді қысқарту бой­ынша шараларды жүзеге асыру­ды көздейді. Жалпы, жүйелік шаралар салықтар мен кедендік төлемдерден жалтарушылармен күреске, қол­ма-қол ақшасыз төлемдерді да­мы­туға, мем­ле­кеттік қаржыларды тиім­­ді басқа­руға, бизнес ортаны жә­не әлемдік тә­жі­рибені есепке ала оты­рып «көлең­келі экономика­ны» ба­ғалауды жетілді­руге ба­ғытталды», деп атап өтті Е.Досаев. Экономика және бюджеттік жос­парлау министрі сонымен қа­тар, экономика салаларындағы көлең­келі өндірісті қысқарту бойынша шаралар мейлінше «көлеңкелі эко­номиканың» үлесі жоғары сала­лар­дағы көлеңкелі айналымды кемі­туді қарастырады. «Бұл сауда, ауыл шаруа­шылығы, көлік, жылжы­май­тын мүлік және өнеркәсіп опера­ция­лары болып табылады», деп нақ­тылады Е.Досаев. Министр мемлекеттік қара­жат­тың бір бөлігінің «көлеңкеге» кетуіне қолайлы жағдай туғы­за­тын мемлекеттік сатып алу сала­сын­дағы қаржылық бұзушы­лықтар мен мем­лекеттік қар­жылық бақылау жүйе­сінің жетілдірілмегендігі еке­нін атап өтті. Сондай-ақ, бұзушы­лық­тарды уақтылы анықтау және тиісті шаралар қабылдау, оның ішін­де жауапкершілікке тарту мақ­сатында жоспар шеңберінде бюджет шығыстарын жоспарлау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін ен­гізу жоспарланып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, оның айтуын­ша, мемлекеттік қара­жат пен мемлекеттің активтерін бас­қару, пайдалану тиімділігін арт­ты­ру шеңберінде мемлекеттік ау­дит жүйесін енгізудің және ұсыным­дар­ды әзірлеудің құқықтық тетігі құ­рылатын болады. Талқыланған мәселелерді қо­ры­тындылай келе, Премьер-Министр С.Ахметов кез келген дамушы ел үшін «көлеңкелі экономикамен» күрестің аса маңыздылығын, оның үстіне біздің алдымызда дамыған отыз елдің ішіне ену міндеті тұр­ғанын атап өтті. Үкімет басшысы өкілетті органдарға кешенді жоспарды жетілдіріп және осы жылғы 13 наурызға дейін Үкіметке келісілген құжат жобасын енгізуді тапсырды. Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе – өңірлердің су тас­қынына дайындығы туралы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко баяндады. Министрдің мә­лі­меті бойынша, су тасқынына дай­ын­дық үшін 87 шақырым жаңа қор­ғаныс дамбылары салынды, 119 ша­қы­рым қолданыстағы бөгеттер жөн­де­ліп, нығайтылды. 92,5 шақырым өзен арналарының түбін үңгу жұ­мыс­тары жүргізілді. Тұтастай ал­ған­да, республика бойынша су тас­қы­ны науқанына 37 мың тонна жа­нар-жағармай, 200 мың тонна инерт­ті материалдар, 700 мың қап және 104 тонна жарғыш құралдар қоры жасалған. «Құрамында 4,5 мың адам және 800-ден астам техника бар азаматтық қорғаныстың екі полкы, құтқарушы жасақтар, апаттық медицина орта­лығы күштері мен құралдары жұ­мыл­дырылған топтар алдын ала қа­лып­тастырылып, жоғары дайындық деңгейіне келтірілді», деп түйді В.Божко. Премьер-Министр жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды табиғаттың төтенше өзгерістерінен қорғау мәселелерін айрықша бақы­лауға алуды тапсырды. «Жағдайға мониторинг жүр­гізу, тұрғындар арасында түсінік жұ­мыстарын ұйымдастыру қажет және Төтенше жағдайлар министрлігі дең­гейінде қабылданған барлық шараларды әкімдіктер мерзімінде жүзеге асыруы тиіс», деді С.Ахметов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».