Қоғам • 30 Желтоқсан, 2021

Қоныс аударушыларды қолдау қажет

391 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың өзекті мәселелері Nur Otan партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Қоныс аударушыларды қолдау қажет

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеген­дей, 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін еліміздің еңбек күші артық өңірінен еңбек күші тапшы аймағына 9,1 мың отбасы қоныс аударып, 10,9 мың азамат жұмысқа ор­наластырыл­ған. «Қоныс аударушыларды бас­панамен қамтамасыз ету үшін кейін сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй ұсыну тетігі іске асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында 2019-2020 жылдары 1 003 үй, 2020 жылы Павлодар облысында 307 пәтер сатып алынды», деді вице-министр.

Алайда Кеңес төрағасы, Мәжі­ліс депутаты Елнұр Бей­сен­баев аталған тұрғын үйлер­дің сапасына қатысты аза­мат­тардан көп шағым түсіп жат­қанына назар аудартып, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жауапкершілік­пен қарау қажеттігін атап өтті. Мысалы, биылғы қаңтардан қазан айына дейін Түркістан облысынан солтүстік өңірлерге 417 отбасы немесе 2 мыңдай адам көшіп барған. Nur Otan-ның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін еді деп есептейді. Ол ішкі көші-қонды ынталандыру үшін бірқатар ұсынысты ортаға салды. Ішкі көші-қонды үйлестіріп отыру үшін тікелей желі ашу қажет. Сайт ашып, мәліметтердің барлығы барынша қолжетімді болуы үшін барлық деректі бір базаға жинақтаған жөн. Мүмкіндігіне қарай солтүстік өңірлердің әкімдіктері біздің облыстың халық тығыз қоныстанған аудан­дарынан фронт-офис түрін­де өз өкілдіктерін ашуы тиіс. Бұл тек қоныс аудару про­цесін жеделдетіп қана қой­май­ды, сонымен қатар болашақ қоныс аудару­шылар үшін де едәуір же­ңілдік туғызады», деді Б.Тәжібаев.

Қоныс аударушылардың басым бөлігі ауыл шаруашы­лы­ғын­да жұмыс істегісі келетін­дік­тен, нұротандықтар олар үшін 1-2%-пен жеңілдетілген несие әзірлеуді ұсынды.

Кеңес мүшелері Nur Otan-ның еңбек саласындағы сайлау­алды уәделерінің орындалу барысын да қарастырды. Биыл 730 мыңнан астам адам «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы болған, «Бастау бизнес» жобасын бітірушілер саны 33 мыңнан асқан. 5 мың­нан астам жұмыс­сыз азамат enbek.kz Электрон­ды еңбек биржасы арқылы қыс­қа мер­зімді курстардан өт­кен. «Пан­демияға қарамастан, елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайды. Еңбек даулары мен шиеліністерін шешу тәртібін оңтайландыру бойынша заңнамаға түзетулер пакеті әзірленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42,5-тен 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы мәлімдеді. Бұл да партияның сайлауалды бағдарламасымен ұштасып отыр», деді Кеңес төрағасы.