Аймақтар • 30 Желтоқсан, 2021

Ауылға ажар берген әлеуметтік жобалар

605 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыр бойында мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында атқа­рыл­ған бастама көп. Билік пен бизнес байланысының жаңа фор­матының шарапатын әсіресе шалғай ауылдағылар көріп отыр. Ел Тәуел­­сіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыста аталған се­рік­­тестік аясында бой көтерген бірқатар әлеуметтік нысандар ашыл­­ды.

Ауылға ажар берген әлеуметтік жобалар

Осындай шаралардың алғаш­қы­сы облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықованың қатысуымен Жаңа­қор­ған ауданындағы Төмен­арық ауылдық округінде өтті. Ауылдағы спорт кешенін «Айару» ЖК салған. Он екі адамды жұмыспен қамтыған кешенде 170-ке жуық балаға еркін күрес, дзюдо және баскетболмен айна­лысуға мүмкіндік туып отыр.

Төменарық – аудандағы ең іргелі елді ме­кен­нің бірі. Алты мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы спорт мектебі тоқсаныншы жылдары жабылып қалған еді. Сол кезеңдегі қиындықтан бірлігін бұзбай аман шыққан ауылда шешімін таппаған мәселе жоқтың қасы.

– Ауылды қақ жарып темір жол желісі өтіп жатқанын көрдіңіздер ғой. Биыл сол жолдың арғы бетінде 9 көше асфальтталды. Келесі жылы тағы 11 көше жоспарда тұр дегенді естіп отыр­мыз. Соңғы 5-6 жылда ауыл көшелеріне спорт алаңдары салынып, денешынықтырумен ай­на­­лысатын балалар қатары көбей­геніне қуан­ған­быз. Енді мына жабық спорт кешені сол қуа­ны­шы­мызды еселеп отыр, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Құтжанов.

Облыс әкімі ауылға спорт ке­ше­нін сыйлаған кә­сіп­кермен пікір­лесіп, жаңа ғимаратта жаттығып жатқан жасөспірімдермен сөйлесті. Ақсақалдардың ауылды дамыту бағытындағы ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Аудандағы ең шалғай ауыл Қандөзде де билік пен бизнес әріптестігінің аясында спорт кешені қолданысқа беріліп отыр. Бүгінде мұнда 126 бала спорттың 3 түрі бойынша жаттығады. Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, олардың кезегіне қарай шешілетінін айтты.

Гүлшара Наушақызы тұрғындармен жүздесуде өңір­де­гі 2 156 баланы қамтитын мем­лекет­тік спорттық тапсырысты қаржыландыруға биыл 212 млн теңге қаралса, келер жылы қар­жы­ны 638 млн теңгеге ұлғайту жоспарда бар екенін және осы арқылы 4 312 баланы бұқаралық спортқа тарту көзделгенін айтып өтті. Ауыл спортын көтеруге атсалысып, жеке қаражаты есебінен нысан салып мүдделестік танытқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Аудандағы Жаңарық елді­ мекенінде де ауылдық дәрі­гер­лік амбу­латория ашылды. Өңір басшысы ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым ба­ғыт­­тарының бірі екенін, жаңа дәрі­герлік амбулатория ауыл тұр­ғын­дарына медициналық көмекті қол­жетімді етуге мүмкіндік бере­тінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы өткен жылғы Жол­да­уында денсаулық сақтаудың тиімді моделін құру арқылы 3 жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осы тапсырмаға сәйкес аймақтың барлық аудандарында медициналық нысандар жаңадан салынуда. Былтыр Жалағаш ауданында 100 төсектік заманауи орталық ауру­хананы пайдалануға берсек, осы жылы тамыз айында облыс орталығынан модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Жыл соңына дейін Қазалы ауданынан 250 келушіге арналған емхананы ел игілігіне табыстайтын боламыз,– деді Г.Әбдіқалықова.

Облыстағы іскер азаматтар ара­сында ешкімнен өтініш, тапсырма күтпей-ақ ауылдастарына қолдан келген көмегін көрсетіп отырғандар аз емес. Солардың бірі – Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының жетекшісі Дәулет Жұмбеков. Облыс басшысы ауданға сапа­рында қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасыға бас­пана салып берген кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

Аудандағы Керделі ауылдық округінде Бағлан Әшірбеков атты іскер азамат мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында спорттық сауық­тыру кешенін салып бітірді. Онда күрес, таэквандо, баскетбол, шахмат және ауыр атлетика үйірмелері бар. Жаңа нысанның 11 тұрақты жұ­мыспен қамтығанын және қосыңыз.

– Соңғы 5 жылда мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тік шеңберінде Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пай­да­лануға беріліп, спортшыларымыздың жеңістері еселене түсті, – деді облыс әкімі. – Бүгін тағы бір ке­шен­ді қолданысқа бергелі тұрмыз. Бұл ауылды да­мы­туға айрықша көңіл бөлініп отырғандығының дәлелі. Осы спорт кешенінен шыңдалған жастары­мыз түрлі додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шың­да­рын бағындырып, көк Туымызды желбірете берсін.

Шиелідегі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясындағы шаралардың бірінде Тұран елді мекені «көгілдір отынға» қосылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындар қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты.

Жыл басынан бері Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттері мен осы аудандағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына табиғи газ жетсе, аз күнде «көгілдір отынға» Қазалы қаласын қосу жоспарлануда.

 

Қызылорда облысы