12 Наурыз, 2014

Көмегі көп қор

265 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова баспасөз мәслихатын өткізді. Онда шағын және орта бизнеске қатысты мәселелер сөз болды. Брифингке қор басшысымен бірге «Та-Мақ» ЖШС директоры Гүлмира Қоңқашева мен «Астана Флора Интер» ЖК директоры Гүлнәр Бөкебаева да қатысып, өздерінің жұмыстарымен таныс­тырды. Сөз сірәсін бірінші болып бастаған Ләззат Ибрагимова шағын және орта бизнесті тексеруге Елбасы жариялаған мораторий туралы әңгімелеп, бұл игі шара бизнестің дамуына серпін беріп, кәсіпкерлерге көп көмек болатынына тоқталды. Айтқандай, бұл баспасөз мәслихаты бизнестегі нәзік жандарға арналғандай әсер қалдырды. Бүгінгі таңда елде­гі шағын және орта бизнес саласын­дағы әйелдердің дені білім беру ісі мен денсаулық сақтау және та­ғам мен тігін өндірісі саласын таңдай­ды екен. Оның себебі, аталған кәсіп түрлері әйелдерге тән. Мәселен, оқушыларға репетитор болып қызмет көрсеткен әйелдер болашақта шағын мектептер ашып, бизнесін бастайды. Бұл тұрғыда «Даму» қорының көмегі үлкен көрінеді. Өйткені, оларға берілетін несиенің 7 пайызын аталған қор төлейді екен. Сонымен қатар, «Даму» қоры кәсіпкерлердің алған несиесіне де кепіл бола алады. Бұл Л.Ибрагимованың сөзі. Басқарма төрайымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнеске жариялаған мораторийі туралы пікірімен бөлісті. «Бұл мораторий шағын және орта бизнеске үлкен мүмкіндіктер ашады. Ірі бизнес саласы құзырлы ор­ган­дардың тексерісінен қорғана ала­тыны мәлім. Себебі, оларда ма­мандандырылған заң қызметі бар. Ал, бизнесін тек өзі ғана жүр­гі­зетін кәсіпкерлерге бұл тексерулер көптеген қиындықтар туғызуы ық­тимал. Ендігіде, өз ісін енді бастап келе жатқан кәсіпкерлердің осы то­бы қорғауға алынып, аяғынан нық тұ­рып кете алатын болады», деді қор төрайымы. Қазақтың ұлттық тағамдарының бірқатары шетелдерге шығарылып, дұрыс бағаланатыны туралы ежелден айтылып келген. Атап айтқанда, қазы-қарта мен жал-жая батыс елдерінің таңсық тағамдарына, ал қымыз-қымыран шипалы сусынына айналғаны мағлұм. Ал енді, бірер жылдың көлемінде «Арзу» сауда белгісімен тағам өнімдерін шығаратын «Та-Мақ» ЖШС Қазақтың ет тағамына арналған жаймасын Еуропаның тағам сөрелеріне жөнелте бастапты. Сондай-ақ, алдағы уақытта АҚШ нарығына шығаруды да көздеп отырған көрінеді. «Біз өзіміздің өнімдердің 10 пайызын экспортқа шығарамыз. Негізгі тұтынушыларымыз Батыс Еуропа елдері болып табылады. Алдағы уақытта экспортты 22 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Бұл үшін өз өнімдерімізді сапалық тексерістен өткізуге АҚШ-қа жібердік. Алдағы уақытта бұл нарыққа да жайманан өнімдерін шығарамыз», деді Г.Қоңқашева. Жеке кәсіпкер өз басшылығымен өндірілетін «Арзу» сауда белгісінің өнімдерін 14 жылдан бері шығарып келеді. Бүгінгі күнде кәсіпкер шетелдік технологиямен жұмыс істейтін 360 адамнан тұратын зауытты жасақтап үлгерген. Елімізде шағын бизнеспен айналысатын әйелдер көп. Мәселен, жеке кәсіпкерлердің 50 пайызға жуығы нәзік жандар. Ал кәсіпорын басқаратын әйелдердің үлесі 25 пайыз ғана екен. Мұны қордың төрайымы Л.Ибрагимова айтты. Оның сөзіне сенсек, бизнес­те ер-азаматтарға қарағанда әйел­дер­дің жауапкершілігі мол. Сонымен қатар, аса төзімді көрінеді. «Да­му» бағдарламасы аясында кәсіп­керлердің статистикасына келетін болсақ, қаржыландырылатын әрбір төртінші жобаны әйелдер жүзеге асырады, деп қосты ол. «Астана Флора Интер» ЖК ди­ректоры Гүлнар Бөкебаева ша­ғын бизнес құру туралы өз тәжіри­бесімен бөлісті. Оның сөзіне қара­ғанда, компанияның бизнесін қа­лып­тастыруға «Даму» қоры жүзеге асырып жатқан бағдарламалар көп септігін тигізіпті. Олар 3 млн. теңге мемлекеттік грантты жеңіп алып, бизнестің жол картасы бойынша гүл өсіретін жылыжай салып алыпты. Мұнымен қоса, Г.Бөкебаева Германияда машықтанудан өтіп, сол елдің ландшафт саласындағы тәжірибесін оқып-үйреніпті. Енді өз ісін өнеркәсіптік ауқымға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр екен. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».