Кеше Астанада «1540 қарарының өңірлік және жаһандық қарусыздану мен таратпау үдерістеріне үлесі – 1540 қарарының 10 жылдық мерейтойына» тақырыбында «Орталық Азия+» пішінінде екі күндік семинар басталды.
Бұл халықаралық ауқымды шараны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасымен (UNODA) және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1540 комитетімен (1540 комитет) бірлесіп ұйымдастыруда.
Семинар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің өкілдерін, сондай-ақ, 30-дан астам Азия мемлекеттерін қоса алғанда, «Орталық Азия+» пішінінде өтіп жатыр. Бұл шараға мемлекет өкілдерінен бөлек, бірқатар халықаралық және өңірлік ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ, ТМД, ЕО, МАГАТЭ, ХҚТҰ (Химия қаруына тыйым салу жөніндегі ұйым) ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Атап өтетін жайт – бұл халықаралық басқосу 1540 қарарының 10 жылдық мерейі және Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Сондықтан барлық мүдделі тараптар үшін 1540 қарары бойынша ұлттық деңгейде тәжірибелерімен бөлісіп, оның өңірлік және жаһандық қарусыздану және таратпау саласына қосып отырған үлесін бағамдау, сондай-ақ, таратпау және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар енгізуге тамаша мүмкіндік болып табылады.
1540 қарары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан осы Бас ұйым Жарғысының 6-бабына сәйкес 2004 жылдың 24 сәуірінде қабылданған болатын. Аталған қарар барлық мемлекеттерді ядролық, химиялық немесе биологиялық қару түрлерін жасауға, сатып алуға, өндіруге, иеленуге, тасуға, қайта беру немесе қолдануға әрекеттенетін мемлекеттік емес субъектілерді қолдаудың кез келген түрінен бас тартуға және өздерінің ұлттық процедураларына сәйкес тиісті заңдарды қабылдап, тиімді қолдануға міндеттейді.
1540 қарар қабылдануымен байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы комитеті құрылған болатын. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін мемлекеттердің қарар талабын орындауы туралы ақпараттандырып отыруы тиіс.
Қазақстан таратпау саласындағы саясатын дәйектілікпен жүргізіп, 1540 қарарының ережелерін тиімді жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдап келеді. 2011 жылы Қазақстан 1540 қарарының міндеттерін орындау бойынша осындай шараны өңірлік деңгейде ұйымдастырған болатын.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне кандидат, егер осы лауазымға сайланған жағдайда БҰҰ-ның аталған маңызды органы аясында ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы мәселелерді одан әрі ілгерілету ниетінде.
Сәулебек БІРЖАН.