Қоғам • 31 Желтоқсан, 2021

Адам құқығы – ең басты құндылық

12182 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған 150 елдің қатарына қосылды. Енді еліміздегі ең қатал жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру болып қалды. Яғни Қылмыстық кодекстегі ең ауыр жаза – 47-бап – «Өлім жазасы» толығымен алынып тасталды. Осылайша, еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң жүзінде дәлелдеді.

 

Адам құқығы –  ең басты құндылық

Кезең-кезеңмен

жүргізілген келелі іс

Шынтуайтына келгенде, бұл Қазақстанның әлемдік қоғам­дастықтың тең мүшесі ретінде, құқықтық жүйемізді қалыптастыру мен ізгілендіру кезеңіндегі өте өзекті және маңызды қадамы болып саналады. Бұл бағытта Елбасы 2003 жылдың 17 желтоқсанында қол қойған өлім жазасына мерзім­сіз мораторий енгізу туралы Жар­лықтың да алар орны ерекше.

2019 жылы 7 қарашада Женева­да өткен БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Қазақстан билігінің адам құқығы ахуалына байланыс­ты есебі тыңдалды. Қазақстандық делегацияны бастап барған Әділет министрі Марат Бекетаев еліміздің халықаралық қоғамдастық алдында алған міндеттемелерін орын­дауға қатысты баяндама жа­саған. Қазақстан есебін тыңдаған кейбір мемлекет сайлау заңнамасын же­тіл­діруге, азаптау фактілерін то­лық зерттеуге, бейбіт жиналу құ­қы­­ғын шектемеуге қатысты бір­неше ұсыныс-кеңестерін білдірген еді. Осы кеңестердің ең басында  өлім жазасынан бас тарту тұрды.

Халықаралық құқық қорғау­шылар Қазақстанды өлім жазасынан мүлде бас тартуға бұдан бұрын да шақырып келген болатын. Осыдан кейін 2019 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне азаматтық және сая­си құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бас­тауды тапсырды. Ал 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркен­деуінің берік негізі» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында қылмыстық заңның нормаларын Хаттамамен үйлестіруді жүктеді. Екі айдан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ел Президенті Қазақстанда өлім жазасы толығымен жойылуға тиіс екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы 2021 жылдың 29 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық акті­леріне өлім жазасын жою мәсе­лесі бойынша өзгерістер мен то­лық­тыру енгізу туралы» заңды қабылдаудағы басты мақсат та осы – өлім жазасын жою­ды көз­дейтін қабылданған халық­ара­лық құқықтық міндет­те­мелерге сәй­кес ұлттық заңна­маны үй­лес­тіру. Ал мұндай халық­ара­лық құжат – Қазақстан 2021 жылғы 2 қаң­тарда ратифика­ция­лаған, өлім жазасын жоюға бағытталған Аза­мат­тық және саяси құқықтар тура­лы халықаралық пактіге тір­келген Екінші Факультативтік Хат­тама. Бұл – өлім жазасын жою­ға бағыт­талған маңызды акті­лердің бірі.

Бір ескерте кететін жайт, ха­лық­­аралық хаттама өлім жазасын жою үшін қажетті шаралар қа­был­­д­ауға міндеттейді, бірақ ескер­ту жасалған жағ­дайда қол­дан­уға мүмкіндік бе­ре­ді. Қазақ­стан осы­ны пайдаланып, ратификациялау кезінде тиісті ес­керту арқылы қабылдады. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекс­тің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекс­тің 17 бабында сақталған. Бар­лық санкцияға балама ретінде өмір бойы бас бостан­ды­ғынан айы­ру көзделген. 

Алайда қоғамда өлім жазасын жақтайтындар да, қолда­майтындар да бар. Басқа-басқа сәбилердің көз жасына қалған педофильдерге қатысты сөз бол­ғанда жұрттың пікірі екіге жарылады. «Азғындарға жаза біреу ғана болу керек. Ол – өлім жазасы. Әділдіктің ережесі осы ғана» дегенді әлеуметтік желі­ден талай рет оқып жүрміз. Тіпті демо­кратиялық елдің төресі саналатын АҚШ-тың 28 штатында өлім жазасы әлі күнге дейін бар. Әлемде дамыған ел тізі­міне енсе де осынау қатал жаза­дан түбе­гей­лі бас тартпаған мемлекет­тер­­дің қатарында Син­гапур мен Жапонияны кезіктіруге болады.

Әрине, заңға әділетті, әділетсіз деген анықтама бере алмаймыз. Себебі заң – норма, қалып. Алай­да заңды ізгілендіреміз деп ұлт­тық құқығымызды жоғалтып ал­маймыз ба? Құқықтық қоғам құру жолында өлім жазасынан бас тарту нені білдіреді? Өлім жа­засын жоюды көздейтін заңға бай­ланысты көптің көкейінде жүр­ген осы сұрақтарды бірнеше са­рап­шы маманға қойып көрген едік.

 «Гуманизмге жол ашқан маңызды қадам»

Бас прокурордың аға көмек­шісі – Бас про­ку­­рор­дың Парламенттегі өкілі Мейрамбай Кемалов: «Еліміз өлім жазасын жою арқылы өзінің ең басты бай­лығы – адам, жоғары құн­­ды­лығы – оның өмірі еке­нін тағы бір рет дәлелдеп бер­ді», дейді. Оның айтуынша, елі­міз Адам құқықтарының жал­пыға бірдей декларациясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосыла келіп, өзіне алған міндеттемелердің жүгін көтеріп отыр. Сол арқылы – адамзат қа­лып­­тастырған гуманизм идея­лары­ның елімізде әрі қарай өр­кен­деп, өрістеуіне жол ашты.

«Тарихқа үңілсек, қазақтың дәстүрлі құқығын зерделесек, билер сотының тәжірибесіне тоқ­тал­сақ, ешқашан өлім жазасын әділ­дікті орнатушы ең үстем қағи­дат ретінде қаралмағанын көре­міз. Қазақта Әйтеке биден қал­ған мынадай ұлағатты сөз бар. «Өмір өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» дейді. Өлім жаза­сы сирек болатын. Онда да тек бүкіл халық жиналған құрыл­тай­да бекітілетін. Оны тарихи мұралар да көрсетіп отыр. Ака­демик-заңгер Салық Зиманов мұра ретінде әзірлеп, кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен билер соты туралы 10 томдықты, өзге мұрағат­тар­ды қарай отырып, кісі өлтіру құн арқылы өтеліп отырғанына көз жеткіземіз. Ол туралы Шоқан Уәлиханов та өзінің сот реформасы туралы жазбаларында көрсетеді. Кешегі күнге келсек, бұрын өлім жазасы бірқатар қылмыс үшін, соның ішінде қасақана адам өлтіру үшін болды. Ол кезде қасақана адам өлтіру қазіргіден үш есе көп еді. Жылына орта есеппен 2,5-3 мың қасақана кісі өлтіру қылмысы тіркелетін. Соңғы жылдары бұл сан 700-800-ден аспайды. Бұл дегеніміз – өлім жазасының қоғамда қыл­мыс­тылықты ұстап тұру факторы, оның өршіп кетуіне жол бер­меу құралы ретіндегі қарау орынсыз екенін дәлелдейді», дейді Бас прокурордың аға көмекшісі.

 «Бұл – заңды құбылыс»

«Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуын ізгілікке жасалған нақты қадам әрі заңды құбылыс деп қабылдауымыз қажет», дейді «Адам құқығына арналған хар­тия» қоғамдық қорының атқару­шы директоры Жеміс Тұрмағам­бетова. «Өздеріңізге белгілі, бұдан бұрын еліміз өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген Екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын. Осыған орай тиісті құжаттың қабылдануы – заңдылық. Қылмыстық кодекс­те 17 қылмыс құрамы бойынша қолданылатын өлім жазасына балама ретінде өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын қолдану ұсынылған. Қазақстан 2003 жылдың желтоқсан айында өлім жазасы туралы үкімдер­д­і орындауға мораторий жариялаған­нан бері бұл жаза түрі елімізде мүлде қолданылған емес. Жалпы, тарихқа көз салсаңыздар, қазақ халқында өлім жазасы болмаған. Қазақтың байырғы ғұрыптық заңы «Жеті жарғыда» мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар ғана өлім жазасына кесілген. Ал өлген адам үшін жазалаудың ең көп қолданған түрі – құн төлеу», дейді ол. Қоғамда «Өлім жазасына кесілген адамды өмір бойы түзеу мекемесінде ұстау мемлекетке артық шығын емес пе?» деген де пікірлер айтылып жататыны белгілі. Осы сауалды Ж.Тұрмағамбетоваға қойған кезде ол: «Адам өмірін ешқандай да материалдық құндылықпен есеп­теуге болмайды. Себебі өмір­дің өзі құнсыз, ол – адамның ең қымбат дүниесі. Шыны керек, өлім жазасына қатысты қазіргі қоғам­ның көзқарасы мен ой-пікір­лерін естігенде кейде өзім де таңғала­мын. Қит етсе, «ату керек», «өлтіру керек» деп жабыла кетеді. Бұл дұрыс емес! Халқы­мыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін негізге ал­ған заңдар жүйе­сінде де адамның бас­ты құнды­лығы – өміріне үлкен құр­мет­пен қараған. Сондықтан дала заңы­­ның осы әділ шешімдерін де естен шығармағанымыз жөн», деді.

 

Өлім жазасы – адамгершілікке жат

Ал Қазақстандағы Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл Эль­вира Әзімова: «Өлім жазасын алып тастау – Қазақстанның қыл­мыстық сая­сатты ізгілендіруге ба­ғыт­талған маңызды қадамы. Ха­лық­­аралық құжаттарда өлім жазасы жазаның өте қатал, адам­гершілікке жатпайтын ең жат түрі деп танылады. Бұл ретте өлім жазасын тағайындау кезінде сот қателерін жасау тәуекелдері бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сон­дай-ақ жоғары жазаны сақтау қыл­мыстың төмендеуіне әсер етпей­тінін дәлелдейтін деректер бар. Өлім жазасын сақтау немесе жою мәселесі әрқашан қоғамда қарама-қайшы пікірлер тудыратыны да баршаға белгілі. Өйткені көп адам өлім жазасын аса ауыр қылмыстарға ең қолайлы жауап деп санайды. Сонымен қатар адамды мемлекет аты­н­ан өмірден айыру адам құқық­тарын қорғау мәселесі тұрғысынан тиімді болып табылмайды», дейді Э.Әзімова.

Омбудсмен өз ойын одан әрі былай өрбітті: «Жеті жарғыда» өлім жазасы неғұрлым ауыр қыл­мыстар үшін жаза ретінде қол­даныл­ған. Бірақ бұл жаза сирек іске асырылатын. Билер өлім жаза­сын қолданудың әрбір жағдайы жаңа қылмысқа, барымтаға, өзін-өзі айып­тауға және басқа да ерікті әре­кет­терге себеп болуы мүмкін деген нақты түсінікке ие болды, сон­дық­тан татуластыру рәсімдерін және өмірден айырумен байланыс­ты емес басқа да жазалау шараларын қол­дануға басымдық берілді», дейді ол.

ТҮЙІН. Қазақстанда өлім жазасы туралы үкім соңғы рет 2016 жылы шығарылған. Алматы қаласында полиция бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Р.Күлекбаевты қалалық сот өлім жазасына кескен еді. Алайда өлім жазасын қолдануға мораторий жарияланғандықтан, үкім өзгеріп, қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Осының өзі еліміз үшін адамның өмір сүру құқығы – қоғамның негізгі құндылығы екендігін айғақтайды.