Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдерге сапарларына тоқталып өтсек. Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен 150-ге жуық іс-шара өткен екен. Президент 10 елге барып, 20 мемлекетаралық саммит пен форумға қатысты.
Мәселен, Мемлекет басшысы биыл Оңтүстік Корея Республикасы мен Түрікменстанға мемлекеттік сапармен барды. Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапар барысында Президент Мун Чжэ Инмен келіссөздер өткізді. Нәтижесінде, 1,7 миллиард доллар болатын 30-дан астам келісімге қол қойылды.
Түрікменстанда экономика, көлік қатынасы, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы және сауда салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 20 құжатқа қол қойылды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Тәжікстанға, Бельгияға және Швейцарияға ресми сапармен барды. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, өзара сауда-саттықты 1 млрд доллардан асыруға уағдаласты. Сонымен қатар қазақ-тәжік қатынастарын жаңа деңгейге шығаратын екіжақты алты келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Қ.Тоқаев 16-17 қыркүйек күндері Тәжікстанның астанасы Душанбеде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысты.
Мемлекет басшысы Бельгияға сапары барысында Король Филиппен және Премьер-министр Александр Де Кроомен келіссөздер жүргізіліп, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құруға уағдаласты.
Бельгияда Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен келіссөз жүргізді. Еуропалық лауазымды тұлғалар Қазақстан мен Еуропалық одақ қатынастарын, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын жоғары бағалады.
Швейцарияда Мемлекет басшысы осы елдің президенті Ги Пармеланмен келіссөздер өткізді. Сапар барысында жалпы құны 300 млн доллардан асатын 6 коммерциялық келісімге және коммерциялық емес 10 құжатқа қол қойылды.
Қазақстан Президентінің қарт құрлыққа сапары екі мәселені анық көрсетіп отыр. Біріншіден, бұл Қ.Тоқаевтың халықаралық аренадағы саяси салмағын көрсетеді. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Еуропа елдері жақсы таниды. Президентіміз үлкен саясаттың Олимпіне шығып, БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарған алғашқы Азияның өкілі ретінде аты қалғаны белгілі.
Екіншіден, Еуропаға сапар Қазақстанның халықаралық саясатта маңызды ойыншыға айналғанын дәлелдеді. Брюссельдің Еуропаның саяси астанасы, ал Швейцарияның әлемдік қаржы орталығы екенін ескерсек, Қазақстанның саяси және экономикалық бағытта белсенді саясат жүргізіп отырғанын аңғарамыз.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына, Түркияға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде Ауғанстандағы ахуалға байланысты аумақтық қауіпсіздік, сондай-ақ интеграциялық бірлестік аясындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Президенттің Түркияға сапары барысында Түркі әлемінің ынтымақтастығына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. 12 қараша күні Ыстанбұл қаласында өткен Саммитте Түркі тілдес мемлекеттер кеңесі Түркі мемлекеттер ұйымы болып қайта құрылды. Сондай-ақ «Түркі әлемі келешегі 2040» стратегиялық құжаты қабылданды.
Бұдан бөлек, елімізге ат басын бұрған шетелдік басшылар да бар. Тоғызыншы территорияға мемлекеттік сапарды қырғыз ағайындар бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ Қазақстанға Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік сапармен келіп, екі ел президенттері Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойды. Айта кетерлігі, Ш.Мирзиёев Өзбекстан президенті ретінде қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастады. Әдетте халықаралық саясатта жаңадан немесе қайтадан сайланған мемлекет басшысының алғашқы сапары сол елдің басымдықтарын білдіру тұрғысынан маңызды саналады.
Мемлекет басшысы күзде өңірлік деңгейдегі екі іргелі жиынға қатысты. Әуелі Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өткен. Аталған іс-шарада Президент ұйымға қатысты күрделі мәселелерді атап көрсетіп, пандемияның салдарымен күресуде ынтымақтастықтың маңызды екеніне ерекше екпін берді. Содан кейін Қ.Тоқаев қатысқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.
Сыртқы саясаттағы маңызды бағыттың тағы бір парасы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Қазан айында АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-кеңесі өтті. Мемлекет басшысы аталған жиынға қатысып отырған делегация басшыларымен кездесті. Кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасылды, АӨСШК шеңберіндегі ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының ағымдағы жай-күйі мен перспективалары талқыланды.
Жаздың соңғы айында бүкіл әлемді дүр сілкінткен оқиға болғаны мәлім. АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарғаннан кейін «Талибан» ұйымы санаулы күннің ішінде билікті өз қолына алды. Осы оқиға байланысты БҰҰ Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және онда аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастырды. Мемлекет басшысы өзі қатысқан барлық халықаралық саммиттерде, конференциялар мен түрлі форматтардағы жиындарда ауған халқын қазіргі ауыртпалықтарымен бетпе-бет қалдыруға болмайтынына назар аударып, әлемдік қоғамдастықты Ауғанстанға мейлінше қолдау көрсетуге және ондағы ауыр гуманитарлық жағдайды түзеуге шақырып келеді. Сондай-ақ Қазақстан Ауғанстанда қиын жағдайда қалған қандастарымызды елге әкелу жұмысына белсене кірісіп отыр.
Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы аясында өткен төрт бірдей іс-шараға – Жалпы саяси дебаттарға, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне, COVID-19 пандемиясы жөніндегі жаһандық саммитке және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстарға онлайн режімде қатысты.
Сонымен қатар Қазақстан астанасы аса жоғары деңгейдегі шетелдік делегацияларды көп қабылдады. Мәселен, биыл Сирия дағдарысы жөніндегі «Астана процесінің» екі раунды өтті. Бірінші келіссөздер шілдеде өтсе, таяуда 21-22 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған жиынға Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіметі және сириялық оппозиция қатысты. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирак өкілдері келді. Тараптар Сириядағы ахуалды, «Астана процесі» аясында бұрын қол жеткізген келісімдерді орындау мақсатында деэскалация аймақтарындағы тұрақтылықты қолдау міндеттерін қарастырды.
Тағы бір маңызды жаңалық, БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы барысында Қазақстан Республикасы 2022-2024 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды. Еліміз гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын құрметтеу мәселелеріне басымдық береді.
Сыртқы саясаттағы мәдени бағыттар бойынша жетістіктеріміз де жетерлік. ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарына сәйкес, тілтанушы, әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы және әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы ұйымның 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енді. ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесінің (ХҮК МАБ) 33-ші сессиясында дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне «Көлсай көлдері» қазақстандық мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қосылды. Осылайша, Қазақстандағы ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының саны 13-ке жетті.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда сыртқы саясатқа басымдық беріп отыр. Оны мынадан да аңғарамыз. Сыртқы істер министрінің лауазымы кеңейіп, Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Өткен айда Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты. Президент әлемде қалыптасып отырған жағдайларға орай, сыртқы саяси жұмыс тәсілдерін қайта саралап, жүйелі шаралар әзірлеу керек екенін жеткізді. Осыған байланысты сыртқы саясаттағы басымдықтарды атап өтті.
Қорыта айтқанда, 2021 жыл сыртқы саясатымыз үшін табысты аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Еліміздің сыртқы саяси аренадағы ықпалдастығы нығайып келеді. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түсті.