12 Наурыз, 2014

Рамазан БАПОВ

932 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бапов-2Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. КСРО және Қа­зақстанның халық артисі, танымал балет артисі, балетмейстер Рамазан Салықұлы Бапов 67 жасқа қараған шағында дүние салды. Р.Бапов 1947 жылғы 16 жел­тоқ­санда Алматы қаласында дүниеге келді. 1966 жылы КСРО Үлкен теа­тры жанындағы Мәскеу хореография училищесін үздік тәмамдады. Шығармашылық қызметін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында бастады. 1966-1988 жылдары Абай атындағы МАОБТ балет солисі ретінде театр сахнасында ұмытылмас образдарды сомдады. Бишінің жеке дебюті 1968 жыл­­дың 30 қаңтарындағы Б.Аса­фь­евтің «Бақшасарай су бұр­қағы» балетіндегі Вацлав­тың партия­сы болды. Содан кейін П.И.Чай­ковскийдің «Ақ­қу көлі» және «Ұйқыдағы ару», А.Аданның «Жизель», Х.Ле­­венсхольдтің «Силь­фида», Л.Минкустың «Бая­дерка», А.Глазуновтың «Рай­монда», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», И.Стра­винскийдің «Пуль­чинелла», Е. Брусиловскийдің «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу», Қ.Қо­жамияровтың «Чин-Томур», Ғ.Жұ­банованың «Хиросима» және «Аққұс туралы аңыз», М.Са­ғатовтың «Әлия», Т.Мың­баевтың «Фрескалар» және тағы басқа балеттердегі жетекші партияларды сомдады. Р.Бапов ұзақ жылдар бойы Қазақстан балет сах­насындағы ең жарқын және талантты биші­лер­­дің бірі болды. Тума талант иесінің шығармашылық жо­лы – ше­берліктің биіктігіне ұш­­­қыр­лықпен шығудың үлгі­сі іс­петтес, сахнаға әр­бір шы­ғуы жоғары кәсіби ше­бер­­лік­тің, әуезділіктің, сахналық көрік­тілік­тің айқын көрінісі. Рамазан Салықұлы өмі­рінің ұзақ жылын педагоги­калық қызметке арнады. Оның шәкірттері көптеген халық­аралық байқаулардың лауреаттары, бүгінгі күні әлемдік сахналарда өнер көрсетуде. Р.Баповтың Қазақстанның хореография өнеріндегі сар­қылмас еңбегі бірнеше рет жоғары үкіметтік марапаттармен атап өтілді. Оған Қазақ КСР-інің және КСРО халық артисі атақтары, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, сондай-ақ «Құрмет белгісі» ордені мен  «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Аса дарынды балет артисі Рамазан Баповтың жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасының Үкіметі.  

БАЛЕТ ӨНЕРІНДЕГІ ҚҰБЫЛЫС

Балет өнерінің ғажайып өкілі Рамазан Бапов секілді талант иесі  кенеттен өмірден озды. Біз аяулы азаматтан ерте айы­рылып қаламыз деп ойлаған жоқ едік. Ол ешкімге ұқсамайтын өзіндік келбет пен шеберлік иесі-тін. Рамазан өнердегі ғұмырында ұлттық балет репертуарын байытып, қазақ сахнасын салтанатқа бөлеген жан болды. Сөйтіп, сан алуан рөлдерімен өзінің дарынын паш етті. Табиғаттың берген ғажайып талантымен жетекші рөлдердің барлығын да биік, өте биік деңгейде орындап, көрермендердің керемет қошеметіне бөленді. Рамазан талантының күші оған «Аққу көлі», «Ұйқыдағы ару», «Щелкунчик», «Дон Ки­хот», «Спар­так» сияқты клас­сикалық қойы­лымдардың же­текші рөлдерінде жарқырауға мүмкіндік берді. Ол балет өне­рінің биігіне қарай самғады, шеберлік шыңына шырқады. Сөйтіп, сонау 70-жылдары тар­тымдылығымен, талантымен, тектілігімен қазақ ұлттық хореографиясына құбылыс болып қосылды. Әлемдік деңгейдегі өнер­дің ғажайып майталманы өзінің қайталанбас талантымен еліміздегі балет өнерінің өрлеуіне үлкен үлес қосты. Ақиқатында, ол балет өнерінің жауһары-тын. Өз ісінің шебері болды. Ол сахнаға шыққан сайын нағыз өнер иесі екені қауырсындай жеңіл қимылынан, ғажайып артистизмінен айқын байқалып тұрушы еді. Өмірде тамаша адам болды. Бірге өскен замандастар едік. Өнерде де, өмірде де қатар жүрген, сахнаның қызығы мен қиыншылықтарын бірге еңсеріп, қиналған, қуанған кездеріміз жадымызда. Жақсы істеріне, көпшілдігіне куәміз. Еңбекқор болатын. Осы қасиетімен балет өнерінің биігіне көтеріліп, қабілетін шыңдады да әрі тамаша шәкірттер даярлады. Қазір Баповтың өнерін қуған жастар көп. Оны ұстазым деп құрметтейтін ізбасарлары жеткілікті. Өнеріне қол соққан халқы мол. Рамазанмен бірге Мәскеудегі Үлкен театр жанындағы хорео­графиялық училищеде бірге оқыған біздер оның жарқын бейнесін қалай ұмытпақпыз. Онымен бірге балет мектебінде дәріс алған ҚР халық артисі Зарема Қастеева, ҚР еңбек сіңірген артисі Райхан Оңғарова, профессор Людмила Кремер сынды өнердегі замандастары Рамазан Бапов сынды орны толмас жақсы дос­тан ерте айырылып қалғанымызға өкінеміз. Раушан БАЙСЕЙІТОВА, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.  

АСҚАҚ РУХҚА ТҰНҒАН ӨНЕР

Қазақ балет тарихында жалғыз өзі ғана Кеңес Ода­ғының халық әртісі атанған Ра­мазан Бапов тұтастай тарихи кезеңді құрайды.Оның орындауындағы балет кейіп­керлерін ұмыту мүмкін емес. Бәрі-бәрі көрерменнің көз алдында. 1975 жылы Спартакты сахнаға шығарар алдындағы тынымсыз жаттығуына куә болғанымыз бар. Кейін өзі туралы дайындалған телехабарға қатысып, сұхбаттасқанымыз есімде.  Туған елінің адал перзенті еді. Әлемнің қай бұрышында жүр­се де атамекенінің ата­ғын аспандатып, абыройын биіктетті, мерейін өсірді.Өн­ бойынан ізгілік төгілген жігіттің ұлттық өнеріміздің көк­жиегін кеңейтіп, бүкіл саналы ғұмырын  би патшалығының қызық-қуанышына арнағаны міне, енді ескерткішке, шежіреге айналды. Әлемдік деңгейдегі ұлы тұл­ғалар Рамазанды жоғары бағалады. Аңызға айналған Майя  Плисецкаяны арнайы із­деп барғанымда, ең алдымен  Рама­зан Баповты атап, содан кейін ғана әңгімелескен еді. «Мені  Бапов­тың  ерекше  қасиеті, музыканы жан дүниесімен қабылдап, көрер­менге сезімін жеткізе білетіні таңғалдырды», деп бишінің  жарқ-жұрқ әсерге, сұлулыққа, асқақ рух­қа тұнған  кеңістіктегі қалқу әді­сіне тоқтала  сөйлегеніне куә болғанмын. Өзінің шығармашылық жолында ешкімге еліктемеген, рухани мұрамызға өлшеусіз үлес қосқан Рамазанның қайталанбас бейнесі көрермендер көкейінде көпке дейін сақталатыны анық. Топырағы торқа  болсын асыл азаматтың... Мағира  ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы.