12 Наурыз, 2014

Адами алғысымызды айтамыз

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қақаған қаңтар айы болатын. Астана қаласындағы үйімде электр сымының тұйықталуынан таңғы 4-те өрт шықты. Тілсіз жау – өрт салдарынан жылдар бойы жинаған дүние-мүлік күлге айналды. Сөйтіп, отбасымыз апатты жағдайда қалды. Өрттен кейін пәтерімді қалпына келтіруге Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның Астанадағы құрылымдық бөлімшелері, атап айтқанда, АШМ-нің ардагерлер ұйымы басқармасының төрағасы М.Тро­шихин, Ветеринарлық бақылау және Фито-санитарлық қадағалау комитеттері, Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциялары, Астана қаласы базарларындағы ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханалары үлкен көмек көрсетті. Сондай-ақ, жақын туыстарымыз, дос­тарымыз, құда-құдағиларымыз бен жора-жолдастарымыз қолұштарын созды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ пен «Агропродукт» компания­сы, т.б. қолдарынан келген жәрдем­дерін аяған жоқ. Сонымен қа­тар, елор­дадағы Алматы ауданы­ның әкімі Б.Сағын мырза мен осы аудандағы әлеуметтік қамсыз­дандыру бөлімі жанашырлық танытты. Өзім – ауыл шаруашылығы саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ардагермін. Әріптестерім секілді мен де Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігерімді жұмсадым. 2007 жылы өзім бас болып Канададан 1500 бас асыл тұқымды сиыр әкелген болатынмын. Соның 750 басы бүгінде елімізге танымал азамат И.Сауэр басқаратын Ақмола облысындағы «Родина» шаруашылығына берілсе, 750 басы тағы бір танымал азамат Г.Зенченко басқаратын Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко и К» командиттік серіктестігіне берілген еді. Олар бүгінде арнайы әкелінген асыл тұқымды ірі қара малдан жақсы өнім алып, табыстарын еселеп отыр. Жеке өзім және отбасы мүше­лерім қиын жағдайда қалған кезде селқос қарамай, көмек қолын созғандардың бәріне шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, алғыс айтамыз. Өйткені, осындай тамаша адамдардың арқасында еліміз Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында жария еткен жарқын болашаққа қарышты қадаммен аяқ басып келеді. Осындай өз ісінің шеберлерінің жоғары адамгершілік қамқорлығы мен түсіністігінің нәтижесінде Отанымыздың әрі қарай да өркендей беретініне еш күмән жоқ. Башар ҚАЛИЕВ. АСТАНА.