Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы:
– Кемеңгер суреткеріміз, заманымыздың заңғары Әбіш Кекілбаев ағамыз: «Таяу уақыттарда не жазатынымды ашып айта бермеймін. Алдын ала мағлұмдап қойсам, ойдағыдай шықпай қалатындай», дейтін еді. Алдағы жоспар дегенде сол кісінің осынау ойы еске түсетіні бар.
Біраз-біраз көркем әңгімелердің жобалары жадымызда жүйелеңкіреп жүргендей. Бірер жыл бұрынырақта бастап, тастап кеткен драманың қолжазбасын жоғалтып, жақында таптым. Эсселер мәселесін мәністесем дегендейін ұмтылыс көңіл күйге орайлас оралады да, бәсеңсіп кетеді. Амандық, денсаулық болса, уақыт көрсете жатар.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын:
– Адамзат баласы қашанда алға қарап, алғы күндерге көз салып өмір сүреді, оның ішінде қаламгер қауым үшін үмітіңді үкілеп, арманыңды аялап, түрлі толғаныстарға бару мәңгілік аманат сияқты. Мен үшін өткен жыл табысты жыл болды. «Ай таңбалы арғымақ» атты көлемді жинағым жарық көрді. Бұл кітабыма жаңа шығармаларым енді. Грузин тілінде өлеңдер жинағым шықты. Есілдің жағасына, Нұр-Сұлтанға қоныс аудардым. Осы жылға бір үлкен шығармашылық жоспар жасадық. «Қара орамал» атты КарЛаг тақырыбын қозғаған поэмамды ел-жұрт жақсы біледі. Бұл шығарма әлемнің он жеті тіліне аударылды. Осы поэманың әлем тілдеріндегі нұсқаларын бір альбом етіп шығаруды қолға алдық. Осы жобаның идея авторы, ұлтымыздың қайраткер азаматы, Қарағанды лагері жобасымен жұмыс істеген дос інім, академик, Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ұсыныс жасады. Қазір мен сол жобамен жұмыс істеп отырмын. Алдағы мамыр айындағы қуғын-сүргін құрбандары күніне дейін осы кітапты оқырманның қолына тигізіп, тұсаукесерін жасасақ деген ойымыз бар. Бұдан сырт бірнеше поэма бастап едім. Аталған поэмаларда әлемдік қасиетті кітаптардың аңыздары бойынша толғанып, соны осы заманғы нұсқаға келтіріп жазып жатырмын. Қалғаны шығармашылық құпия. Алла амандығын берсе, ол да аяқтап қалар.
Қуандық Түменбай,
жазушы:
– Оқымай тұра алмайсың, біраз әлемдік әдебиет үлгілерімен таныстым. Соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янның «Өмір мен өлім азабы» атты романының қазақша аудармасын сүйсіне оқыдым. Кітаптың әсері күшті, аудармасы жатық, төгіліп тұр. Барыс жылы тарихта дүмпу жылы болып аты қалған. Біз саяси дүмпуден аулақпыз, әдеби дүмпудің ортасында жүреміз. Өміршең тақырыпты қозғаған бір-екі пъесам бар. Мәселен, «Тальгодағы төртеу»-ді алсақ, онда тек испан пойызының тарлығы емес, өмір дәлізінің тарылып бара жатқаны көрсетіледі. Оқыған мамандар «Қоямыз, өзіңмен бірге қаржыңды ала кел» деп талап қойып тұр. Жазсам деген жоспар бар, бірақ ол – құпия. Пушкиннің «Нағыз талант өткенді емес, болашақты да емес, бүгінгі күнді жазады» деген ұстанымын бағдарға алсақ, жобасы сызылған дүниелер бар. Әңгіме – сүйікті жанрым. Оны «Әңгімең шықпай кетті» деп оқырманнан сөз естігенде ұсынсам деймін. Ел еңсесін көтеріп, бетперде ысырыла бастады. Көз алдыма Чеховтың «Құндақтаулы адамы» көлбеңдеп жүр. Кітапханамда өзім туған 1955 жылы шыққан осы жазушының қап-қалың көне кітабы бар. Барыс жылы осы кітапты бас алмай тағы бір оқығым кеп жүр. «Құндақтаулы адаммен» де, «Ұшқалақпен» де «Алтыншы палатада» жатып ап жүздессем деймін.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын:
– Отызыншы жылдар ойраны тұсында жазықсыз жапа шегіп жазаланғандар туралы зерттеу кітабымды бастыру, «Тәңіри шежіре» моңғолдың құпия шежіресін жан-жақты сараптап талдаған әйгілі жазушы Г.Аюурзанның еңбегін оқырманға ұсыну, «Түс секілді ғұмыр» кинороманымды және «Көлеңкенің сүгіреті», «Анадолы жырлары», «Станбұл жазбалары» шығармаларымды айналымға беру, «Анти өлшем» қатарлы әдеби сараптаманы толықтап бастыру, тарихи сериалдар бойынша Оспан батыр жайлы жаңа еңбекті де тиянақтау.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы:
– Биыл бірталай шаруаны жүзеге асырмақ ойдамын. Біреулер алдын ала жоспар құру шығармашылық адамына сірә, жараспайды-ау, жазылатын тақырыптың төтеннен, ойламаған жерден сарт ете қалғанына не жетсін деп жатады. Жыл соңында «Бөгет бұзылған күн» атты прозалық жинағым жарық көрді. «Жұлдыз» журналы «Оны мазаламаңыздаршы» атты повесімді басты... Әңгіме – оң жамбасына келіңкірейтін жанр. Ал құпиясы – сан алуан. Осыны келер жылы да тереңірек қаузай түскім келеді. «Фолиант» баспасына соңғы кезде жазылған он әңгімеден тұратын «Он әңгіме» атты шағын жинағымды тапсырдым. Қалтаға салып жүріп, кез келген жерде оқи беретін дүние болса деймін-дағы. «Есть рай и не земле» атты орыс тіліндегі романым оқырман қолына тиіп қалар деген үміттемін.
Оңайгүл Тұржан,
ақын:
– Өмірден ерте озған мифолог-ғалым Серікбол Қондыбайдың «Қазақ даласы және герман тәңірлері» атты еңбегін талдаған монографиямды аяқтауым керек. «Имиджелогия» атты ЖОО білім алушыларына арналған оқулығымның екінші басылымы жарық көруге тиіс. Менің ғылыми жетекшілігімдегі докторантым докторлық диссертациясын қорғауға дайындық үстінде. Бұйыртса, 2022 жылдың басында қорғауға шығады деп күтіп отырмыз. Бұл да менің жауапкершілігімдегі үлкен жұмыстың бірі. «Жүзеге асып кетсе екен» дейтін басқа жоспарларым да бар. Ал өлең жазуды жоспарлау қиын, мен жоспарлағанмен ол жазылмай қоюы мүмкін. Бұл аса тәкаппар әлем ғой. Солай бола тұрса да, бастап жазып жатқан бір драмалық дастаным бар. Демеуші табылса қазіргі таңда көлемі 20 баспа табаққа жақындап қалған жаңа жыр жинағымды шығарсам деймін.
Нұрдәулет Ақыш,
жазушы:
– Сауалдың өзі көңілге «Келесі 2022 жылды аман-есен аяқтайсыз» деген сенімді ұялатып тұр ғой. Сондықтан шығармашылық жоспарымның екі түрлі екенін айтайын. Біріншісі – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері әрі әдебиеттанушы ғалым ретінде «Қазақ балалар әдебиетінің қысқаша тарихын» жазып, баспаға ұсыну. Екіншісі – биыл бірінші томы шыққалы жатқан «Алтынсарин алауы» атты романымның екінші томын жазуды жалғастыру. Ұлы ағартушының өмірін тілге тиек ететін бұл көлемді шығарманың алдағы жылы аяқтай алам ба, жоқ па, ол жағы өзіме де беймәлім. Әрине, жыл аяғына дейін нүктесін қойсам, жақсы болар еді. Қалай болған күнде де көңілдегі көрікті ойды базардағы нарық бұзбай-ақ қойса екен деп тілеймін.
Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ,
жазушы:
– Барыс жылы – менің жылым. Сондықтан ақырын жүріп анық басатын, кейде арындап алға ұмтылатын сәттер болады. Өткен жыл мен үшін жаман болған жоқ. Шығармашылығым лайықты бағаланып жатыр. Әдеби ортам мен оқырмандарыма алғысым шексіз. Бұл жылы тағы бір тарихи тақырыпқа қалам тартсам деймін. Ол көптен ойда жүрген дүние. Бір жылда біте қоймас. Қазір деректер жинап жатырмын.
Қалқаман САРИН,
ақын:
– 2022 жылдың мендегі жалғыз жоспары – жазу! Жазу! Жазу! Тек қана Жазу!.. Қаламгер үшін басқа қандай жоспар болуы мүмкін?! Өкінішке қарай, ақын-жазушылар жазған дүниесін жариялау, жарыққа шығару қамымен қанша уақытын шығындайды.
Бейбіт Сарыбай,
жазушы:
– Тым үлкен жоспарларым жоқ. Амандық болса, оқуға тиісті кітаптар бар, солардың ішінде Халлед Хоссеинидің «Батпырауық қуған бала» атты романын оқып шығуым керек. Осы сияқты он кітапты оқу жоспарымда тұр. Сонымен бірге, төрт әңгіменің нобайы бар, соларды жазатын шығармын. Оның идеясын, мазмұнын қазір айтпай-ақ қояйын. Кейде тіршілік үшін әртүрлі сценарийлер жазамыз. Көп уақытымыз соған кетіп жатыр.
Есболат Айдабосын,
жазушы:
– Өріс жаңартатын кезім келген секілді. Өріс жаңартқанда поэзия немесе драматургияға кетпеймін, осы проза жанрында қала беремін. Тек бұрын әңгіме, хикаяттар жазсам енді романға барғым келеді. Тақырып тұрғысынан да солай. Бұрын ауыл өмірін көбірек жазсам, енді қала адамдары басты кейіпкерім болады деп отырмын. Әрине, мұның бәрі 2022 жылы жазылып, оқырманға ұсынылмауы мүмкін. Бірақ басталатыны анық. Нақты не жазарымды әзірге айтпаймын, реалистік бағыттағы дүние болады. Ол шығармаларда осы күнгі өзіміз естіп, көріп, біреу сынап, біреу бас ұрып жүрген тұлғалардың бейнесі болады.
Саян ЕСЖАН,
ақын:
– Барыс жылы шығармашылықтағы табыс жылы болса екен деймін. Алда жоспар көп, әрине. Әуелі өлеңдер мен аудармалардан құралған кезекті жинағымды шығармақпын. Бұдан бөлек, «58-10» тарихи биографиялық еңбек жазып жатырмын. 2022 жылы жарыққа шығарам деген ниетім бар.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы:
– Жоспарлы түрде жұмыс жасағанға келісемін. «Осы уақыт аралығында осыны істеймін» деген мұратың мен бағдарың болмаса, шабыт келгенде болмаса өз уақыты келгенде деп жүріп талай қаламгердің опық жегенінде білеміз. Себебі анық ой мен ісің үндеспесе қалам суып қалады. Сол үшін келер жылы жазуға ниет еткен бірді-екілі әңгімені жазу жоспарда тұр. Содан соң өткен жылдары әлем әдебиеті жауһарларынан тәржімалаған аударма әңгімелерді, кейінгі жылдардағы сыни еңбектер мен зерттеу мақалаларымды жинақтап екі кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмын. Келер жылдан қайыр күтеміз. Жаңа дәуірдің жаңаша кейпін танытатын шығармалармен толықса құба-құп.
Мерей Қарт,
ақын:
– Әдебиет – уақыт кеңістігіндегі ең баяу дамитын үлкен әлем. Ақын-жазушының бағасын уақыт береді. Екшейді, елейді. Шығармашылық кез келген адам жоспарлы түрде жұмыс жасауы заңды құбылыс. Осы жылы кезекті жыр жинағымды оқырман қауымға ұсынсам деген ой бар.
Жәудір НАРТАЙ,
жазушы:
– Биыл мен үшін көп оқып, көп ізденетін жыл деп ойлаймын. Шығармашылық деген құр шабыттан тұрмайтынына көзім жетті. Прозада шабыт сыртқы жарқылы ғана. Жазушы болам деген кісіге үлкен дайындық, білім, тәртіп пен ішкі түйсік қажет. Осы күнге дейін бірде бір шығармамды әдеби бәйгеге қоспаппын, биыл бағымды сынап көргім келеді.