Оқиға • 31 Желтоқсан, 2021

Биыл жыл еншісіндегі жаңалықтар

909 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әр жыл өзінің атаулы күндерімен, тарихи оқиғаларымен, жаңа жобаларымен һәм жаңалықтарымен келеді. 2022 жыл елдің әдеби-рухани өмірінде түрлі оқиғалар болмақ. Әлқисса.

Биыл жыл еншісіндегі жаңалықтар

Қаламгер тойы – халық тойы

Көзі ашық, көкірек көзі ояу оқырман Қасым Аманжоловты қалай қадірлесе, Сырбай Мәуле­новті де соншалық қастер тұтар еді. Себебі оның кез келген өлеңін оқи қалған адам тұтанып кетер оқ дәрідей отты өлеңдерінің демінен қан майданда алдаспандай жарқылдаған өршіл рухты сезер еді.

Біз кейде ақындарымыздың потенциалдық қуатын жырларына қарап емес, жарнамасына қарай баға беріп жатамыз. Ол қате үрдіс. Дабырасы жоқ ақын дарынсыз ақын деген сөз емес. Бүгінде жас буын Сырбай Мәу­ленов жайлы толық біледі десек өтірік айтқан болар едік. Аға буын әрине, олардың жырла­рын жастап өсті, жаттап ер жетті. Бір ғана «Соғыстан қайтқан солдат­тарының» өзі неге тұрады?!

Айтпағымыз, сол қазақ жыры­ның сырлы Сырбайы биыл ғасыр биігіне көтерілмек. Мерейлі 100 жылдық дөңгелек датада ақын тұлғасы айрықша насихатталса дейміз.  Біз көбіне Сырбай Мәу­леновті соғыс тақырыбына соққанда ғана еске алатындаймыз. Ақын жыры – оның барынша көп оқылғандығымен өміршең. Сырбай жырын классиктер қата­рынан ысырмай жас ұрпаққа әр кез насихаттап тұр­ғанымыз жөн.

Ақын туралы 1996 жылы абыз ақын Мұзафар Әлімбаевтың құрастыруымен «Жыр тұлпары, сыр сұңқары Сырағаң» атты естеліктер жинағы шықса,  2012 жылы  шайырдың  90 жылдығына орай бес томдық жинағы баспадан жарық көріпті.

Әлі де ақын хақында айтылар сөз жетерлік. Биыл Мәуленов мерейтойы жер-жерде өз дең­гейін­де кеңінен атап өтіліп, жыл бойы атқарылар жоспарлы жұ­мыстар Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен жан-жақты жүйелі жүзеге асады деп сенеміз.

* * *

«Махаббат, қызық мол жылдар» романы оқырман арасында күні бүгінге дейін көп оқылды. Тіпті бір жылдарда махаббат тақырыбын арқау еткен шығарманы парақтамаған, оқиғаларын талқыламаған, Ер­болды кінәламаған жастар кемде-кем болды. Ал сонау 1970 жылы баспадан жаңа шыққан кітаптың қоғамды қалай дүр сілкіндіргенін біз елестете алмасақ та романның республиканың түкпір-түкпіріне жайылған атағын естеліктерден оқып таңғалдық.

Шығарманың ел ішінде кең таралып, оқырманның қолы­нан түспей оқылуы – жазушы бақыты дейміз. Ал көзінің тірі­сінде жазушы бақытын сезініп һәм еңбегі бағалануы кез келген шығармашыл жанға бұйыра бермейтін бақ. Биыл осы жазушы бақыты мен бағы бұйырған Әзілхан Нұршайықовтың туға­нына 100 жыл толады.

Әзілхан Нұршайықовтың бір аты жазушы-журналист болса, бір аты майдангер. Талай боздақтың тағдырын оққа ұшырған сұм соғыста Отан алдындағы парызын орындап жүрген қаламгер сол кезеңде де жазудан қол үз­ген жоқ. Өлеңдері мен очерк, пуб­лицистикалық мақалалары май­дан газеттерінде жарияланып тұрған.

Автордың шығармашылық жолына қарап отырсақ, заманның қиындығына қарамастан оқтын-оқтын жарияланып тұрған мақа­ла-очерктер, әңгімелер жинақ­тарын байқаймыз. Әзілхан Нұр­шайықовтың өмір жолындағы сандаған еңбектерді шолып отырып, жазушының еңбекқорлығын ерекше бағалайсың.

Шығармашылығының шыр­қау биігі кезеңінде жазылған «Ақиқат пен аңыз» роман дилогиясы Әзілхан Нұршайықовқа 1980 жылы Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сый­лы­ғының лауреаты атағы берілген еді.

Жазушы-журналист, Қазақ­станның халық жазушысы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың қазақ әдебиеті мен журналистикасында алар орны ерекше. Қаламгердің биылғы 100 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтіліп, шығармалары қайта кітап болып басылады деп ойлаймыз.

Қандай кітаптар басылып шығады?

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің хабарлауынша, 2022 жылы мемлекеттік бюджеттен жалпы кітап шығару саласына 1 млрд 31 млн теңге бөлінген. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу­ға бөлінген қаржы 300 млн теңгені құрайды. Айта ке­тейік, мемлекеттік сатып алу­ға өтініштер әр жылдың 1 ақ­пан мен 1 мамыр аралығында қабыл­данады. Ал 2022 жылы 2019-2020 жылдары мемлекеттік сатып алумен қабылданған түрлі аталым бойынша 70 кітап басылып шығады. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Баспа ісі басқармасының басшысы Әлия Бекбатырованың айтуынша, биыл бұдан өзге де жоспардағы мерейтойлық және басқа да жанр­дағы кітаптар шы­ғарылмақ.

Айта кетейік, елімізде қазір кітап шығаратын жалғыз бағдар­лама бар. Ол екі бағыт бойынша яғни сатып алу және шығару мен тарату салалары аясында жүргізіледі. Сатып алу бағытында автор құқығы 3 немесе 5 жылға сатып алынып, әр баспа табағына 255 мың теңгеден қаламақы төле­неді. Сондай-ақ автор баспаны өзі таңдай алмайды. Ал шығару мен тарату бағытында автор өзі баспа таңдап (таңдамаған жағдайда бас­палар арасында конкурс жария­ланып, яғни тендер өткізілді), келісімшартқа отырады.

Еске салсақ, былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялаған еді. Бұл бастама жалғасын тауып, жаңа басталған 2022 жыл да «Балалар әдебиеті жылы» болмақ. Яғни осы жылы балаларға арналған шығармалар жарық көріп, тың жобалар қолға алынады деп сенеміз.