Экономика • 01 Қаңтар, 2022

Баспана бағасы төмендемейді – дейді жылжымайтын мүлік нарығының тәуелсіз талдаушысы Анна Шацкая

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде құрылыс секторы экономиканың негізгі драйверіне айналды. Рецессияға қарамастан алдыңғы жылы бірінші және екінші нарық үйлері 4,8 және 13,9 пайызға өсті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, былтыр жыл басынан бері бірінші және екінші нарық үйлері 11,7 және 19,5 пайызға қымбаттаған. Қысқасы, баспана нарығы өз бетімен емін-еркін өсіп барады. Қай тұрғыдан да. Осы орайда тұрғын үй нарығының сарапшысы Анна Шацкая тұрғын үй бағасы, проблемалық құрылыстар және БЖЗҚ талаптарының пәтер бағасына әсері туралы айтып берді.

Баспана бағасы төмендемейді –  дейді жылжымайтын мүлік нарығының тәуелсіз талдаушысы Анна Шацкая

– Анна, баспана бағасы былтыр қазан айында 14,6 пайызға өсті және өсім әрі қарай да жалғаса беретін сияқты. Сарап­­шылар баға өсіміне құрылыс мате­­риалдарының қымбаттап кетуі әсер етті дейді. Коронавирустың жаңа шта­­мы­ның пайда болуы, базалық мөл­­шер­леменің көтерілуі және ин­фляцияның әлі де болса жоғарғы күйде бо­луына бай­ланысты 2022 жылы да үй ба­ғасы­ның өсу тәуекелі сақтала ма?

– Құрылыс материалдары бағасының өсуі, әрине, үй құнына әсерін тигізеді. Бірақ базалық ставканың көтерілуі инфляцияны тежеу мақсатында жасалып отыр. Сондықтан бұл шара баға өсіміне кедергі болады. Әрі былтыр азаматтар жаппай зейнетақы қорындағы ақшаларын алды. Биыл олай болмайды. 2022 жылы БЖЗҚ-дағы ақша ағыны 60-70 пайызға құлайды деген болжам бар. Ондай жағдайда тұрғын үйге деген сұраныс та азаяды, тиісінше баға өсімі 8-10 пайыз аралығында болады. Korter.kz жаңа құрылыстар порталының дерегінше, былтыр 11 айда бірінші нарық үйлерінің бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Кей қалаларда өсім қарқыны 30 пайыздан асып түскен.

– Адамдар бәрібір үй бағасының төмен­дегенін күтеді. Қандай жағдайда Қазақстанда үй арзандауы мүмкін? Ол үшін қандай алғышарттар керек?

– Үй бағасы тек елдің экономикалық ахуалы күрт нашарлап, табыс төмендеп кеткен кезде және ипотекалық бағдар­ламалар тығырыққа тірелгенде ғана төмендеуі мүмкін. Екіншіден, өткен жылдың екінші жартысында экономика қалпына келе бастады. Сондықтан 2022 жылы үй бағасының төмендеуін күту қиындау. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аяқталған кезде, яғни 2023 жылы нарық тұралай бастауы ықтимал.

– Қазір тұрғын үй құрылысы қар­қынды жүріп жатыр. Былтыр 9 айда 11,6 млн шаршы метр бас­пана пайдалануға берілген. Бірақ проб­лемалық құры­лыстар саны азай­май тұр. Нұр-Сұл­танның өзінде бірін­ші жарты жыл­дық­та мемлекет 21 проблемалық құры­лысты аяқ­таған. Жыл соңына дейін сондай 57 құрылысты аяқтауы керек болатын. Нелік­тен құрылыс компаниялары жа­уап­­сыздыққа жиі ұрынады және олар­дың бұл әрекеті халықтың әлеу­меттік тұр­мысына қалай әсер етеді?

– Қазақстан тұрғын үй компаниясының бағалауынша, елдегі тұрғын үй құры­лысының 60 пайызы заңсыз және үлестік құрылыстың көлеңкелі схемасы арқылы жүзеге асырылады. Сөйтіп, бастаған істі соңына дейін жеткізеріне еш кепілдік болмайды. Олар салықтан жалтару немесе басқалардан аз төлеу үшін жауап­кершіліктен қашады. Қазір біздің елде үлескерлердің салған ақшасының заңды­лығын бақылайтын жүйе жоқ. Бұл құрылыс салушылардың жауапсыздығын күшейтіп тұр. Нәтижесінде, мыңдаған үлескер үйсіз жүр, қаншама құрылыс аяқталмаған күйі қаңырап қала береді. Сосын оны шешу үшін бюджеттің қаншама қаражаты жұмсалады.

– Бірқатар банктер мен құрылыс компаниялары соңғы кезде цифрлы ипотеканы белсенді түрде енгізе бас­тады. Зейнетақы қорындағы артық сома­ны пайдалану жүйесі де енгізілді. Әрі былтыр ипотекалық несие портфелі 2,8 трлн теңгені құраған. Бұл – эконо­микаға берілген несиенің 17 пайызы. Мұн­дай мүмкіндіктер жиынтығы тұрғын үйге деген қолжетімділікті қанша­лықты көбейтеді?

– Әлбетте, зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану есебінен қолжетімділік біраз өсті. 2021 жылы еркін зейнетақы ақшасы тұрғын үй сұранысының 20 пайы­зын қамтамасыз етті. Ал цифрлы ипотека әзірге қолжетімділікке керемет әсер етіп жатқан жоқ. Өйткені коммерциялық банктердің несие бойынша ставкасы жоғары күйінде қалып отыр. Ипотеканың цифрлы форматы тек үй алу процесін жеңілдетеді.

– Жақында Ерболат Досаев Ұлттық банктің 2023 жылдан бас­тап мем­лекеттік бағдарламаларды қаржы­лан­ды­рудан шыға бастайтынын айтты. «7-20-25» пен «Баспана-хит» бағдарла­ма­­лары да тоқтайды. Оның орнына жа­ңа бағ­дарлама пайда болуы мүмкін бе?

– Әзірге жаңа ипотекалық бағдарла­малардың пайда болуы туралы ресми ақпарат жоқ. Жалпы, «Баспана-хит» тоқтағаннан кейін мемлекет ипотеканың коммерциялық банктердің еншісіне тиетінін ұқтырды. Мемлекеттің аясында кезекте тұрғандар мен әлеуметтік аз қам­тылған азаматтарға арналған бағдар­ламалар қалады.

– Мемлекеттің экономикадан бір­тіндеп кетуі тұрғын үй нарығына пози­тивті өзгеріс әкеле ала ма?

– Коммерциялық ипотеканың әлі күнге дамымай отырғанының бір себебі – ұзақмерзімді қаржыландырудың жоқтығы. Коммерциялық банктер арзан ақшаға ие болмағаннан кейін қолжетімді ипотека ұсына алмай отыр.

– Тұрғын үй бағасының өсуінен спекулянттар табысы қаншалықты артады?

– Қалай болғанда да тұрғын үй нарығы инвестиция үшін тартымды құрал болып қала береді. Егер оны алып-сатуға сәтті пайдалана білсе, банк депозитінен де сенімді әрі ыңғайлы. Әрі үй бағасы өскен сайын көбірек табыс табуға болады. Табысың жоғары болса, бірінші нарықтан үй алуға мүмкіндік бар. 2021 жылы сәт­ті инвестициялар жылдық 50 пайыздан астам табыс әкелді. 2022 жылы өсім қарқынының баяулауына байланысты инвесторлардың сыйақысы әдеттегіден төмен болмақ.

– БЖЗҚ-дағы жеткілікті шектің өзгеруі пәтер бағасына қалай әсер етеді?

– Бұған дейін біз БЖЗҚ-дан шыға­рылатын зейнетақы қаржысы 2022 жылы 50-60 пайызға қысқарады деп болжам айтқан едік. Былтырдың өзінде зейнетақы қорындағы артық соманы пайдалануға байланысты пәтер құны 30 пайызға дейін шарықтап кетті. Енді жеткілікті шектің тағы да 1,8 есе өсіп кетуі тұрғын үй жағ­дайын жақсартқысы келетін қаншама азамат­тың ақшаны алу мүмкіндігін шек­тейді. Егер 2022 жылы артық сомасын пайдалана алатын азамат саны 390 мың деп айтылса, енді олардың саны екі есе қысқарады. Мұндай ереже бойынша енді тек табысы өте жоғары азаматтар ғана артық сомасын шығара алады. Табысы орта азаматтарда ондай мүмкіндік жоқ.

 

Әңгімелескен

Абай АЙМАҒАМБЕТ

«Egemen Qazaqstan»