12 Наурыз, 2014

Паралимпиадаға елімізден бес спортшы қатысуда

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12-03-SoshuСочиде қысқы Паралимпиада ойындары өтуде. Оған  Қазақстаннан жолмада алған бес спортшымыз қатысуда. Бұл туралы Paralympic.kz хабарлады. Паралимпиада мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтетін жарыс. Ол төрт жылда бір рет өтеді. Биылғы Паралимпиада ойындары 7 наурыз күні басталды. Ол 19 наурызға дейін жалғасады. Бұл сынға биыл әлемнің 45 елінен 1650 мүгедек спортшы қатысуда. Соның ішінде алғаш рет Паралимпиада ойындарына қатысып жатқан елдер де бар. Мәселен, Бразилия, Түркия мен Өзбекстан елдерінің спортшыларын айтуға болады. Қазір қолда бар мәліметтерге қарағанда, спортшылар слежхоккей (отырып ойнайтын хоккей), керлинг, шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысынан 72 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Ал біздің елге келсек, биылғы ойындарға Қазақстаннан алғаш рет бес спортшымыз қатысуда. Естеріңізде болса, 1994 жылы Лиллехамерде (Норвегия), 1998 жылғы Наганода (Жапония), 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен ойындарға Қазақстаннан тек бір спортшы ғана жолдама алғаны белгілі. 2006 жылы Туринде өткен жарыста (Италия) екі жолдама иеленгенбіз.  Сол кезде жолдама алған спортшылардың барлығы шаңғышылар еді. Ал биылғы Сочи Паралимпиадасына алғаш рет еліміз биатлон спортынан да лицензия алды. Қазақстан Паралимпиада комитетінің деректеріне қарағанда, біздің спортшылар Сочи сынына жолдаманы Канада, Финляндия, Германияда өткен іріктеу жарыстарында жеңіп алған. Енді Паралимпиадаға қатысып жатқан спортшыларымызға келсек, оған біздің елден екі әйел, үш ер адам қатысуда. Ең жасы 23-те болса, жасы үлкені 51-де. Паралимпиадаға жолдама алғандардың ең жасы  - Жаңыл Балтабаева.  Ол шаңғышылар арасындағы  LW12 бағдарламасы бойынша жарысқа қатысуда. Жаңыл бала кезінен мүгедек. Спортпен 13 жасынан бері айналысуда.  2013 жылғы Қазақстан чемпионы. Келесі спортшымыз Қайрат Қанапиннің көзі нашар көреді. Оның жасы 38-де.  Жұмыс барысында көзінен жарақат алған екен.  Ол биатлон мен шаңғы жарысына қатысуда. Содан кейін 41 жастағы Александр Колядин деген спортшымыз да шаңғының LW4 (тізеден төмен немесе жоғары протезі бар спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша бақ сынасуда. Әйелдер арасында 46 жастағы Елена Мазуренко шаңғышылардың  LW6 (қолы протезделген спортшылар арасындағы жарыс) бағдарламасы бойынша жарыс жолына шығады. Ол спорт шебері әріҚазақстан чемпионы. Паралимпиадаға біздің елден  51 жастағы Ерлан Омаров та қатысуда. Ол шаңғыдан  LW2  бағдарламасы бойынша күш сынасуда. Жалпы, еліміз спортшылары  осы кезге дейін бес қысқы Паралимпиадаға қатысқанымен, бірде-бір медаль алмаған екен.  Осыған байланысты біздің мемлекетіміз Сочи Паралимпиадасында алтын алған спортшыға 50 000, күміс алған отандасымызға 35 000, қола алған спортшыға 25 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындады. Қазір елімізде 600 000-ға жуық мүгедек адам болса, соның 15 мыңы спортпен шұғылданады Дастан Кенжалин. Дереккөз. http://www.paralympic.kz. Фото: 112.ua.