Қазақстан • 31 Желтоқсан, 2021

Табыс сыры – тың технологияда

261 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Егемендіктің елең-алаңын­да Қазақстан «алдымен – экономи­ка, содан соң саясат» ұс­та­нымына ба­сым­дық бе­ріп, әуелі алыс-беріс пен барыс-ке­лісті құнттауға көш­кені белгілі. Нарық за­маны­ның талабы сол, озық елдердің қа­тары­нан көрінуді көзде­сең – ұсынатын қызметің мен сататын тауарың бәсе­кеге қабілетті болуы тиіс. Қуан­тарлы­ғы, жаһандық эко­но­­ми­ка­дағы жағымсыз үр­діс­терге қарамастан елі­­міз­дің сырт­қы сауда­­дағы қар­қыны бә­сең­деген жоқ.

Табыс сыры –  тың технологияда

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Маркетплейсте өнімдерін саудалайды

Бүгінгінің саудагеріне тауарды сату үшін жолға шығып, шетел асудың қажеті шамалы. Атап айт­қанда, тауар өндірушілерге ауыр­ды жеңілдетіп, алысты жақын­дататын цифрлы технологиялар қолғабыс етіп, біршама жұмыс оңтайланды. Сауда және интеграция министрлігі берген мәліметке сүйенсек, Alibaba халықаралық электронды платформасына 100 отандық компания шығарылған. Былтыр жыл соңына дейін тағы 50 компания осы платформа арқылы өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алды. Бұл бағдарламаға қатысқандардың жалпы кірісі 72,5 млн долларға жетті. Экспортты ілгерілету үшін Сыртқы істер министрлігі шетелдегі мекемелерді тарту мақсатында елдік экспорттық бағдарламаларды әзірледі.

Былтыр В2В немесе «Бизнеске арналған бизнес» форматы аясын­да кездесулер жанданып, Ор­талық Азия елдерінде (Тәжікстан, Түрік­менстан және Өзбекстан), Әзер­байжанда, сондай-ақ Ресейдің Ека­теринбург және Қазан қала­ларында 9 сауда-экономикалық миссия өт­кізілді. 50-ден астам экспорттық келісімшартқа қол қойылып, жалпы сомасы 150 млн-нан аса долларды құрайтын уағдаластыққа қол жеткізілді. Шикізаттық емес экспортты дамытуға арналған кешенді шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай кіріс 41 млрд долларға жетеді деп болжанып отыр. 

Сауда – кез келген елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын­да маңызды рөл атқаратын сала. Қазір әлемдік ішкі жалпы өнім­дегі сауданың үлесі 23%-ды құ­рай­ды. Осы саладағы басты тәуе­­­келдердің бірі сауда про­тек­­цио­­низмінің күшеюімен бай­ланыс­ты. Дүниежүзілік банк сарапшы­лары­ның бағалауына сәйкес жаһандық тауар айналымы 9%-ға қысқарады. Эко­номикалық аймақтардың кү­шеюі, әсіресе Еуропалық одақ және Азия-Тынық мұхиты елдерін­де тауар айналымының 60%-ы өңір­аралық саудаға бейімделіп жат­қанын айта кеткен орынды.

«Бұл үрдістерді ескере отыра сауда дамуындағы бірқатар түйінді мәселеге тоқталғым келеді. Атап айтсақ, заманауи сауда фор­маттарының жетіспеушілігі және сауда-логистикалық нысандарының арасындағы өзара байланыстың болмауы саладағы өзекті проб­ле­­ма­лардың бірі. Сонымен қоса ішкі нарықта сапасы төмен тауар­­­лардың, әсіресе шетелдік тауар­лардың басым болуы азаматтарымызды алаңдатады. Бұл отандық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық реттеу инфра­құрылымын жаңғыртуды қажет етеді. Отандық тауардың сыртқы на­рық­тағы бәсекеге қабілеттілігі экс­порт­тың құрамында шикізаттың басым­дылығымен байланысты. Бұ­дан бөлек экспортты ілгерілетуге қатыс­ты инфрақұрылымдағы ке­дер­­гі­лер өндірушілердің сыртқы на­рық­тарға шығатын жолдарын қиын­датады», деген еді Сауда және ин­теграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Сыртқы сауда қарқынды

Жаһандық экономикадағы теріс үрдістерге қарамастан былтырғы 9 айда сыртқы саудада айтарлықтай оң серпін байқалады. Мәселен, тауар айналымы алдыңғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 72,8 млрд долларға (2020 жылда 64,6 млрд долларды құрады) жетті. Бұл ретте экспорт 20,6%-ға (35,9 млрд доллар) ұлғайғанын айта кету керек. 

ЕАЭО аясында тауар айналымы өткен жылы 9 айда 18,5 млрд-қа ұлғайып, бұл алдыңғы кезеңнен 28,4%-ға (2020 жылы 14,4 млрд долларды құрады) артты. Одақ көлеміндегі экспортта 39,2%-ға артып, 5,6 млрд долларды құрады.

Еліміздің бастамасына сәйкес тауарлардың шығарылуын растайтын сертификаттың жаңа түрі, атап айтқанда тез бұзылатын өнім­ге арналған «сериялық өнім сер­ти­фикаты» енгізілді. Бұл отан­дық тауарлардың ЕАЭО нарық­тарына таралуын жеңілдетіп, экс­порт­­таушылардың қаржылық шы­ғын­дарын азайтады. Қазір тауарлар тізбесін кеңейту жөнінде келіс­сөздер жүргізіліп жатыр.

Сауда министрлігінің мәлі­меті бойынша қазақстандық тауарлар­дың өткізу нарықтарын кеңейтіп, қолайлы жағдай жасау үшін Иран, Вьетнам және Сербиямен еркін сауда аймағы туралы келісімдер жасал­ды. Аталған мемлекеттер өз на­рық­тарында Қазақстан тауарларына неғұрлым жеңіл шарттарын ұсынып отыр. Бұл бағытта қызметтер бо­йынша Сингапурмен келіссөздер аяқталуға жақын. Құны 800 млн долларға байланысты Израиль, Мысыр және Үндістан елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Халықаралық сауда жүйесінің толық­қанды қатысушысына айнал­ғанын атап өткен абзал.

Шикізаттық емес экспорт көлемі өсті

Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортында да жағымды динамика байқалады. Айталық, былтырғы 9 айдың қорытындысына сәйкес осы бағытта экспорт көлемі 14 млрд долларды құрап, бұл 2020 жылдағы кезеңнен 25,6%-ға көбейді (2020 жылы – 11,2 млрд). Бірінші жартыжылдықтағы қызметтер экспорты алдыңғыға қарағанда 2,4%-ға артып, 2,7 млрд долларға жетті. Тұ­тас­тай алғанда, шикізаттық емес экспорттың ұлғаюына Үкімет жүр­гізіп отырған проактивті экспорт саясатының оң әсер етіп отырғаны анық. Бұл шамамен 20 қаржылық және қаржылық емес құралдарды қамтиды.

Электронды саудаға басымдық беріледі

Электронды сауданы дамыту бойынша да кешенді жұмыс жалғасын тауып жатыр. Бұл арқылы сауданың осы түрінің көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік туып, 1,1 трлн теңгеге жетті. Оның бөлшек саудадағы жалпы көлеміндегі үлесі 9,7%-ды құрады. Былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша электронды сауданың көлемі 981,3 млрд теңгені құрап, 10,7%-ды көрсетті.

Электронды коммерцияның экожүйесін кеңейтіп дамыту шең­бе­рінде электронды сауданы ын­та­лан­дыру және ШОБ оқыту, тауар­ларды бөлу және жеткізу инфра­құрылымын дамыту бойынша жос­парлы жұмыс жалғасуда. Жауапты ведомство 2025 жылға қарай электронды сауданың үлесін бөлшек тауар айналымының 15%-ына дейін жеткізу межесін қойып отыр.

Саланы дамыту жөніндегі кешен­ді шаралардың нәтижесінде ІЖӨ үлесіндегі бақылаусыз көлең­келі сауда төмендейді деп болжануда. Бүгінде оның көлемі шамамен 6%-ға дейін жетеді.

Сонымен қоса халықты қауіпті және зиянды тауарлардан қорғау мақ­сатында тұтынушылардың құ­қық­­тарын қорғау және техника­лық реттеу жөнінде заңдар қабыл­данып, Е-Тутynushy және «е-аккре­диттеу» ақпараттық жүйелері іске қосылды.

Сауда саласын цифрландыру үдерісіне бейімдеу бағытында ШОБ-қа тегін қолдау мен көмек көрсету үшін SmartDuken.kz платформасының жұмысы жолға қойылды. Бұдан басқа салалық талдау платформасын (Trade Data Hub) және тауарлардың Ұлттық каталогын құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл баға белгілеу процестерінің ашықтығын арт­тыруға бағытталған және тауар­ларға, оның ішінде әлеуметтік ма­ңы­зы бар азық-түлік тауарлары­на бағаларды реттеу құралы ретінде қыз­мет етеді. Таяу арада оларды іске қосу жоспарланған. Сол секіл­ді азаматтарға арналған цифрлы «әлеуметтік әмиян» құралы енгі­зілмек. Осы арқылы азаматтарға әлеу­меттік көмек көрсету тетігі жетіл­діріліп, банк комиссияларын жабуға арналған бюджет шығыстары оңтайланады.