Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Маркетплейсте өнімдерін саудалайды
Бүгінгінің саудагеріне тауарды сату үшін жолға шығып, шетел асудың қажеті шамалы. Атап айтқанда, тауар өндірушілерге ауырды жеңілдетіп, алысты жақындататын цифрлы технологиялар қолғабыс етіп, біршама жұмыс оңтайланды. Сауда және интеграция министрлігі берген мәліметке сүйенсек, Alibaba халықаралық электронды платформасына 100 отандық компания шығарылған. Былтыр жыл соңына дейін тағы 50 компания осы платформа арқылы өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алды. Бұл бағдарламаға қатысқандардың жалпы кірісі 72,5 млн долларға жетті. Экспортты ілгерілету үшін Сыртқы істер министрлігі шетелдегі мекемелерді тарту мақсатында елдік экспорттық бағдарламаларды әзірледі.
Былтыр В2В немесе «Бизнеске арналған бизнес» форматы аясында кездесулер жанданып, Орталық Азия елдерінде (Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан), Әзербайжанда, сондай-ақ Ресейдің Екатеринбург және Қазан қалаларында 9 сауда-экономикалық миссия өткізілді. 50-ден астам экспорттық келісімшартқа қол қойылып, жалпы сомасы 150 млн-нан аса долларды құрайтын уағдаластыққа қол жеткізілді. Шикізаттық емес экспортты дамытуға арналған кешенді шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай кіріс 41 млрд долларға жетеді деп болжанып отыр.
Сауда – кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын сала. Қазір әлемдік ішкі жалпы өнімдегі сауданың үлесі 23%-ды құрайды. Осы саладағы басты тәуекелдердің бірі сауда протекционизмінің күшеюімен байланысты. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауына сәйкес жаһандық тауар айналымы 9%-ға қысқарады. Экономикалық аймақтардың күшеюі, әсіресе Еуропалық одақ және Азия-Тынық мұхиты елдерінде тауар айналымының 60%-ы өңіраралық саудаға бейімделіп жатқанын айта кеткен орынды.
«Бұл үрдістерді ескере отыра сауда дамуындағы бірқатар түйінді мәселеге тоқталғым келеді. Атап айтсақ, заманауи сауда форматтарының жетіспеушілігі және сауда-логистикалық нысандарының арасындағы өзара байланыстың болмауы саладағы өзекті проблемалардың бірі. Сонымен қоса ішкі нарықта сапасы төмен тауарлардың, әсіресе шетелдік тауарлардың басым болуы азаматтарымызды алаңдатады. Бұл отандық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін техникалық реттеу инфрақұрылымын жаңғыртуды қажет етеді. Отандық тауардың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі экспорттың құрамында шикізаттың басымдылығымен байланысты. Бұдан бөлек экспортты ілгерілетуге қатысты инфрақұрылымдағы кедергілер өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығатын жолдарын қиындатады», деген еді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Сыртқы сауда қарқынды
Жаһандық экономикадағы теріс үрдістерге қарамастан былтырғы 9 айда сыртқы саудада айтарлықтай оң серпін байқалады. Мәселен, тауар айналымы алдыңғы жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 72,8 млрд долларға (2020 жылда 64,6 млрд долларды құрады) жетті. Бұл ретте экспорт 20,6%-ға (35,9 млрд доллар) ұлғайғанын айта кету керек.
ЕАЭО аясында тауар айналымы өткен жылы 9 айда 18,5 млрд-қа ұлғайып, бұл алдыңғы кезеңнен 28,4%-ға (2020 жылы 14,4 млрд долларды құрады) артты. Одақ көлеміндегі экспортта 39,2%-ға артып, 5,6 млрд долларды құрады.
Еліміздің бастамасына сәйкес тауарлардың шығарылуын растайтын сертификаттың жаңа түрі, атап айтқанда тез бұзылатын өнімге арналған «сериялық өнім сертификаты» енгізілді. Бұл отандық тауарлардың ЕАЭО нарықтарына таралуын жеңілдетіп, экспорттаушылардың қаржылық шығындарын азайтады. Қазір тауарлар тізбесін кеңейту жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Сауда министрлігінің мәліметі бойынша қазақстандық тауарлардың өткізу нарықтарын кеңейтіп, қолайлы жағдай жасау үшін Иран, Вьетнам және Сербиямен еркін сауда аймағы туралы келісімдер жасалды. Аталған мемлекеттер өз нарықтарында Қазақстан тауарларына неғұрлым жеңіл шарттарын ұсынып отыр. Бұл бағытта қызметтер бойынша Сингапурмен келіссөздер аяқталуға жақын. Құны 800 млн долларға байланысты Израиль, Мысыр және Үндістан елдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Халықаралық сауда жүйесінің толыққанды қатысушысына айналғанын атап өткен абзал.
Шикізаттық емес экспорт көлемі өсті
Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортында да жағымды динамика байқалады. Айталық, былтырғы 9 айдың қорытындысына сәйкес осы бағытта экспорт көлемі 14 млрд долларды құрап, бұл 2020 жылдағы кезеңнен 25,6%-ға көбейді (2020 жылы – 11,2 млрд). Бірінші жартыжылдықтағы қызметтер экспорты алдыңғыға қарағанда 2,4%-ға артып, 2,7 млрд долларға жетті. Тұтастай алғанда, шикізаттық емес экспорттың ұлғаюына Үкімет жүргізіп отырған проактивті экспорт саясатының оң әсер етіп отырғаны анық. Бұл шамамен 20 қаржылық және қаржылық емес құралдарды қамтиды.
Электронды саудаға басымдық беріледі
Электронды сауданы дамыту бойынша да кешенді жұмыс жалғасын тауып жатыр. Бұл арқылы сауданың осы түрінің көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік туып, 1,1 трлн теңгеге жетті. Оның бөлшек саудадағы жалпы көлеміндегі үлесі 9,7%-ды құрады. Былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша электронды сауданың көлемі 981,3 млрд теңгені құрап, 10,7%-ды көрсетті.
Электронды коммерцияның экожүйесін кеңейтіп дамыту шеңберінде электронды сауданы ынталандыру және ШОБ оқыту, тауарларды бөлу және жеткізу инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда. Жауапты ведомство 2025 жылға қарай электронды сауданың үлесін бөлшек тауар айналымының 15%-ына дейін жеткізу межесін қойып отыр.
Саланы дамыту жөніндегі кешенді шаралардың нәтижесінде ІЖӨ үлесіндегі бақылаусыз көлеңкелі сауда төмендейді деп болжануда. Бүгінде оның көлемі шамамен 6%-ға дейін жетеді.
Сонымен қоса халықты қауіпті және зиянды тауарлардан қорғау мақсатында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және техникалық реттеу жөнінде заңдар қабылданып, Е-Тутynushy және «е-аккредиттеу» ақпараттық жүйелері іске қосылды.
Сауда саласын цифрландыру үдерісіне бейімдеу бағытында ШОБ-қа тегін қолдау мен көмек көрсету үшін SmartDuken.kz платформасының жұмысы жолға қойылды. Бұдан басқа салалық талдау платформасын (Trade Data Hub) және тауарлардың Ұлттық каталогын құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл баға белгілеу процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған және тауарларға, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды реттеу құралы ретінде қызмет етеді. Таяу арада оларды іске қосу жоспарланған. Сол секілді азаматтарға арналған цифрлы «әлеуметтік әмиян» құралы енгізілмек. Осы арқылы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету тетігі жетілдіріліп, банк комиссияларын жабуға арналған бюджет шығыстары оңтайланады.