Аймақтар • 30 Тамыз, 2024

Су тасқыны: Ақтөбеде 100-ден астам отбасы баспаналы болды

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

30 тамызда Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккен 117 отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды. Қобда ауылында 100 үй, одан бөлек Жарық ауылында тағы 17 үй бой көтерді, олардың барлығы да Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынды, деп хабарлайды Egemen.kz

Су тасқыны: Ақтөбеде 100-ден астам отбасы баспаналы болды

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аумағы 80 шаршы метрді құрайтын әр үй автономды жылытуға арналған санитарлық тораптар мен қазандықтарды қоса алғанда,  заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жаңа қоныс иелеріне кілт тапсырған Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров апаттан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет пен жеке кәсіпкерлерден көмек уақытылы берілгенін атап өтті.

«Біз тасқын судан кейін басымызға түскен қиындыққа бей-жай қарамаған кәсіпкерлерге облысымызды қалпына келтіруге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз. Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар қиын кезеңдерде бірігудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қалыпты өмірге оралған жаңа қоныс иелерінің қуанышы біздің өңіріміздің игілігі үшін әрі қарай ынтымақтастықта жұмыс істеуге жігерлендіреді», деп атап өтті Асхат Шахаров.

Жаңа баспана кілтін алғандардың көпшілігі уақытша туыстарының үйінде немесе пәтер жалдап келген. 

«Су тасқыны кезінде үйдің ішіне кірген су 20 сантиметрге дейін көтерілді, біз қолымызда бар дүниемізді  бір сәтте жоғалттық. Меценаттар мен мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа үйге кіріп жатырмыз, жаңа үміт пайда болды. Көрсетілген көмекке өте ризамыз. Бізге үй ұнады, құрылыс процесін бақылап, басы-қасында болдық. Үйімізде жылыту және санитарлық тораптарды қоса алғанда, жайлы өмір сүру үшін бәрі бар», деді Қобда ауданының тұрғыны Жадыра Аяпбергенова.

Қор директоры Марат Айтмағамбетов зардап шеккен отбасыларды қолдаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Біз әрқашан қиын сәттерде адамдарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Баспанасыз қалу - кез келген адам үшін ауыр сынақ. Біздің міндетіміз жайлы және сапалы үйлерді уақытылы салу ғана емес, сонымен қатар адамдардың қалыпты өмірге оралуына, болашаққа деген сенімділікті қалпына келтіруіне көмектесу болды», деді ол.

Айта кетейік, жақын күндері қор тағы да аудандағы 30 үйдің кілтін табыстайды, бұл Ақтөбе облысында 400-ден астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобаны толығымен аяқтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін өңір тұрғындарына Ақтөбе қаласынан 106 пәтер және облыстың түрлі аудандарынан 162 үй берілген.

Жалпы алғанда, Болат Өтемұратов қорының компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде шамамен 12,5 млрд теңге бөлген. Оның 10 млрд теңгеден астамын қайырымдылық қоры берген, ал «Кар-Тел» және RG Gold компаниялары әрқайсысы 1 млрд теңгеден үлес қосқан.