Оқиға • Бүгін, 09:47

Белгілі кәсіпкер әрі блогер Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды

2 мин
оқу үшін

Қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базарханның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Қаралы хабарды продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында растады. Ол марқұмның өзіне «сіңлісіндей жақын адам» болғанын айтып, көңіл айтты. Алайда өлімнің нақты себебі туралы мәлімет берген жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Белгілі кәсіпкер әрі блогер Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында көз жұмды

Фото: Ашық дереккөз

Halyqstan арнасының мәліметінше, блогер Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде көз жұмған болуы мүмкін. Алдын ала ақпарат бойынша, әйелдің жағдайы операция басталмай тұрып нашарлаған. Оқиғадан кейін клиника уақытша жабылғаны да айтылды. Сонымен қатар 2GIS платформасында қолданушылар абдоминопластика кезінде әйелдің қайтыс болғаны туралы пікірлер қалдырған. Бірақ бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.

Кейінірек Threads желісінде марқұмның қызы жазба жариялады. Оның айтуынша, 53 жастағы Сәуле Ермаханова 15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникада липосакция жасау кезінде, жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы операция барысында қайтыс болған.

Қызының сөзінше, дәрігерлер ота ең көбі бір жарым сағатқа созылады деп сендірген. Алайда бірнеше сағат бойы туыстарына ешқандай ақпарат берілмеген.

«Бір сағат өтті. Екі сағат өтті. Үш сағат өтті. Бірақ ешкім нақты жауап бермеді. Анамның өмірден өткенін жанында жүрген туысымызға тек кешкі алты шамасында айтқан», деп жазды ол.

Марқұмның жақындары жедел жәрдемнің не себепті кеш шақырылғанын және әйелді аман алып қалу үшін қандай әрекеттер жасалғанын анықтауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайға қарамастан, клиника жұмысын тоқтатпаған.

«Анамыздың өліміне қатысты барлық мән-жай толық анықталғанға дейін клиниканың қызметі тоқтатылуы керек. Біз әділ тергеу жүргізуді талап етеміз», деді қызы.

Айта кетейік, бұған дейін елордадағы стоматологиялық клиникалардың бірінде ем қабылдап жатқан 20 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар