Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев Білім күні қарсаңында аталған акцияның өтіп отырғанының маңызы зор екенін айтты.
«Шыны керек, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, қазір мектепке қажет оқу құралдарын сатып алу – жағдайы орта отбасылардың өзіне қымбатқа түсіп отыр. Оның үстіне дәл оқу басталарда барлық ата-ана баласын мектепке дайындап, базар деген қазандай қайнап жатыр. Сондай кезде нарық заңдылығына сай, сұраныс артып, баға да өседі. Сондықтан кейбір ата-аналар балаларына оқуға қажетті дүниелерді толық сатып әпере алмауы мүмкін. Қоғам болғаннан кейін әлеуметтік деңгейі әр түрлі адам болады. Мүмкіндігінше, жағдайы төмен азаматтарға қоғам болып көмектесу – парыз. Мұндай акцияның жұртшылықтың бір-біріне деген жанашырлығы мен мейірімділік сезімін оятуда маңызы үлкен. Бұл ретте қазақ жерін мекен еткен қаншама диаспора өкілдерінің де қайырымдылыққа қосып отырған үлесі мол. Өйткені бәріміз де бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан Қазақстан дейтін алып мемлекеттің азаматымыз. Сол үшін де балалардың жүзіне қуаныш сыйлау баршамыздың міндетіміз», деді ол.
Өз кезегінде балаларына мектепке қажетті оқу-құралдарын дайындап берген қайырымды жандарға алғысын жаудырған, алайда аты-жөнін атауды жөн санамаған көпбалалы ананың да «Мектепке жол» акциясына дән риза екенін жүзінен байқадық.
«Отбасылық табысымыз көп емес. Бірақ жыл сайын осындай ізгі жандардың арқасында балаларымызды сабаққа дайындаудан онша қиналмаймыз. Шынымды айтсам, қазір мектеп жасындағы балаларға бар жағдай жасалып жатыр. Ешқандай ата-ана да, оқушы да далада қалмайды. Бір жағынан, бұл қайырымдылық акциясы ешкімді бөліп-жарып отырған жоқ. Барлық баланы тең көреді. Соның өзі көңілге – демеу. Осындайда өзіңнің мемлекетке, қоғамға керек екеніңді сезінесің. Сондықтан балаларыма «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген бабалар өсиетін үнемі ұғындырып отырамын», деді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жомарт жан» орталығының жоспарына сәйкес өткен «Мектепке жол» акциясына қалалық славян, корей, өзбек, түрік, әзербайжан, грузин, ұйғыр, күрді, еврей, шешен-ингуш, татар-башқұрт, грек этномәдени бірлестіктері белсене қатысып, ізгілікті іс-шараға бір кісідей атсалысты. Бұған қоса, шымкенттік этномәдени бірлестіктердің белсенділері көпбалалы отбасылардың балаларын қажетті оқу құралдарымен қамтуды әлі де жалғастыруды көздеп отыр.
ШЫМКЕНТ