Зерде • 10 Сәуір, 2025

Жас ұстаз әдебиетті комикспен оқытып жүр

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Телефонға телмірген жас буынды кітап оқуға баулу табандылықты, заманға ілесе білетін тапқырлықты талап етеді. Осы үдеден шыға білген жас мұғалім әдеби туындыларды комикс арқылы оқытады. Ол оқулықтағы шығармаларды жасанды интеллектінің көмегімен балаларға қызық жанрға айналдырған. Жаңа әдісті енгізгелі оқушылардың пәнге бұрынғыдан көбірек қызығатыны байқалыпты.

Жас ұстаз әдебиетті комикспен оқытып жүр

Қостанай қаласындағы №17 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбота Ермағанбетова 5-9 сыныптарға сабақ береді. Оның енгізген ерекше әдісі бойынша оқушылар көркем шығарма кейіпкерлерін сурет арқылы оңай тани алады. Автор шығарма тілін бала жеңіл түсінетіндей етіп өңдеп, шағын мәтінмен толықтырған. Жас педагогтің комиске айналдырған туындыларының қатарында Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Анасын сағынған бала» және Қорқыт Ата, Төлен Әбдік пен Асқар Алтай еңбектері бар. Мұғалім барлық авторлық құқықты Egov.kz порталы арқылы тіркепті.

«Бұл әдіс мәтіндерді оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімдеп, сөйлемдерді қысқартып, материалды оңай әрі түсінікті қабылдауға мүмкіндік жасайды. Осы ретте мен үшін комикстер – қызық формат қана емес, білім алушылардың назарын аударып, сюжеттерді жақсы есте сақтауға көмектесетін құрал», дейді А.Ермағанбетова.

Жас та болса, кейіпкеріміз қазірдің өзінде Қазақстанда, Ресейде және Жапонияда жарияланған 30-дан аса ғылыми мақала мен 5 әдістемелік құралдың авторы атанып үлгерген екен. Ізденімпаз ұстаздың алдын көрген, тамыры тереңде жатқан ұлт руханиятының қазыналарынан нәр алған оқушылары да – облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері.