АЛАШТЫҢ ҰЛЫ, НАМЫСТЫҢ ҚҰЛЫ
деген тақырыпта Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған тарихи-танымдық мәслихат өтті
Ағымдағы жылы қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО аясында тойланатыны халқымыздың зор беделінің айғағындай. Осы мерейдің бір шаттығы Қарасай ауданының мәдениет үйінде жалғасып, мәслихатқа өңірдегі соғыс және еңбек ардагерлері, елімізге танымал әдебиет, мәдениет және қоғам қайраткерлері, жалпы жұртшылық қатысты.
Жиынның басты мақсаты – батырдың биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету еді. Өйткені, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы елі ардақ тұтқан, өзінің азаматтық борышына әрдайым адал болған, елжандылық қасиетімен ерекшеленген асқақ тұлға екені даусыз.
“Алаштың ұлы, намыстың құлы” деген тақырыптағы тарихи-танымдық жиында Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов сөйлеп, баяндамасында өмірі аңыз бен ақиқатқа толы батырдың бірегей тұлғасын жан-жақты ашып көрсетуге ұмтылды. Бұл шараның жыл ішінде Жетісу өңірінде әлі де кеңінен көрініс табатынын атап айтты.
Батыр мұрасын зерттеуші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы “Бауыржан Момышұлының әдеби мұрасы” деген тақырыпта кең көлемде баяндама жасады. Ол өз сөзінде биыл ғасырлық мерейтойы аталып жатқан Баукеңнің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу жұмыстарының бұдан бірнеше жыл бұрын басталғанына тоқталды. Оған қолдау көрсеткен Серік Үмбетов Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған тұста бауыржантану жобасын қолға алып, арнайы редакция құруға бастамашы болған екен. Редакцияны басқаруға көрнекті ғалым, абайтанушы М.Мырзахметов жетекшілік жасап, батырдың 30 томдық бай жазба мұрасын жарыққа шығаруға күш салғаны, қазіргі кезде осы елеулі жұмыстың айтарлықтай еңсерілгені айтылды.
Ұлы Отан соғысы миллиондаған боздақтардың өмірін қиып, адамзат тарихындағы сұрапыл алапатымен есте қалды. Елін, жерін фашизмнен қорғаған жауынгерлер ерліктің, қаһармандықтың теңдессіз үлгісін көрсетті. Жан алып, жан беріскен кезеңде жаудан әскери ақыл-айласын асырған тапқыр батыр Бауыржан Момышұлының қайталанбайтын асқақ тұлғасы жайлы Мекемтас аға мәнді әңгімелер қозғады.
Бауыржанның өзі “Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, тарихтың түкпірінен сөз келгенде” дегеніндей, бүгінгі күні оның Отан үшін сіңірген еңбегі, ел басына күн туған сәттегі тапқырлығы, батырлығы мен батылдығы, ерлігі мен елжандылығы жайлы әсерлі әңгімені жұрт ықыластана тыңдады. Сонымен қатар, батырдың небір ауыр шайқастарда жауынгерлерді алға қойған мақсатқа жетуге жігерлендіріп, тұйықтан жол таба білген шеберлігі де талдап айтылды. Даңқты қолбасшының өмірінде Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқас ерекше орын алады. Қазақстандық 316-шы атқыштар дивизиясы ұрысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, әр сүйем жер үшін шайқас жүргізді. Соның арқасында Мәскеу түбіндегі ұрыста Гитлердің “жаужүрек армиясы” туралы аңыздың күлі көкке ұшты. Осылайша шайқасқан 28 панфиловшы Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ие болса, оның 10-ы Жетісу жерінің түлектері еді. Аталған дивизия құрамында Бауыржан Момышұлы ұрыс жүргізу теориясына жаңалық енгізген және оны жүзеге асырған талантты қолбасшы ретінде танылды. Бірақ, әділетсіздік салдарынан оның теңдессіз ерлігі лайықты бағаланбады, биліктегі басшылардың қараулығынан бүкіл халқымыздың намысына нұқсан келгендей күй кештік.
Батырдың 80 жылдық мерейтойына орай тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен барша қазақстандықтар ұзақ уақыт зарыға күткен әділет ақыры ту көтеріп, Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осы жоғары награданы тапсырар сәтте Елбасы: “Баукеңнің жұлдызды болған күні – қазақтың жұлдызы жанған күн” дегенін біз ешуақытта ұмытпауға тиіспіз. Осы сөз арқылы халқымыздың қаһарман ұлының есімі тіпті асқақтай түсті.
Жұртшылық Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне, шығармашылығына, адами биік қасиеттеріне, көрнекті жазушылардың құнды туындылары мен батырдың өз шығармалары арқылы ден қойды. Баяндамашы бұдан он жыл бұрын Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының 90 жылдық мерейтойы аталып өткенін, елімізде ең алғаш рет оның парасатты тұлғасына лайық еңселі ескерткіш орнатылғанын атап өтті. Қаладағы жаңадан салынған үлкен атшабар алаңына батырдың есімі беріліп, әдеби, мәдени шараға еліміздің түкпір-түкпірінен халық жиналып, дүркіреп той өткені де еске түсірілді.
Даңқты батыр Қазақстанға да, Ресейге де ортақ тұлға болғандықтан, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында Волоколамск қаласында генерал И.В.Панфилов пен Бауыржан Момышұлына ескерткіш орнатылса, биыл Мәскеуде “Легендарный батыр” жинағы жарық көргені тіпті зор қуаныш екенін мақтанышпен жеткізді. Бұл да батырдың халықаралық деңгейдегі биік беделінің, асқақ тұлғасының нақты дәлелі. Бүгінде 100 жылдығына орай қолға алынған зерттеу жинағы түгелімен баспаға тапсырылған.
Басқосуда ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Халық Қаһарманының әдеби бай мұрасын отбасынан алып зерделегені және өзі де жүздесу сәттерінде көңілге тоқып, көкейге түйген көптеген деректерін жария еткені туралы қызықты әңгімелерін ортаға салды.
Жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлы батыр өмірінен сырға толы естеліктерін тізсе, Қорғаныс министрлігі әскери құрлық институты әскери тактика кафедрасының аға оқытушысы, полковник Андрей Докучаев мұрағатта сақталған құжаттар арқылы отты жылдардағы батырдың ерен ерлігі мен тапқырлығына тоқталды.
Көпшілік алдында сөз алған Қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Берік Шаханов, Баукеңнің ұлы, жазушы Бақытжан Момышұлы және басқа да шешендер сөйлеп, батырдың лайықты бағалануына өлшеусіз еңбек сіңірген Елбасының теңдессіз еңбегіне ризашылық білдірді.
Тарихи-танымдық мәслихатты қорытындылаған облыс әкімі Серік Үмбетов Жетісу төрінде даңқты қолбасшының 100 жылдық мерейтойы басталғанын айтып, батырдың ұлы Бақытжанның иығына зерлі шапан жапты, дәстүрге сай темір тұлпардың кілтін тапсырды.
Жиналған қауым Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы өнерпаздарының концертін тамашалап, дастарқаннан дәм татты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.