«Дала әуендерінен жаралған елімнің келбетіне ғашықпын...» – дейді Қазақстан Cуретшілер одағының мүшесі, дизайнер, модельер Галина БЕСПАЛОВА
– Галина Яковлевна, сізге сурет салатын бояу мен құралдарды орыстың айтулы ақын қызы Марина Цветаеваның сіңлісі Анастасия Цветаева сыйлаған екен. Осы бір сәт әлі есіңізде болар?.. – Өзің айтқандай, Марина Цветаеваның сіңлісі, жазушы Анастасия Цветаеваның (1894-1993) өмірі оңай болмаған. 1937 жылдан түрмелерде, лагерьлерде және жер аударуларда жүріп, көп уақытын сталиндік қуғын-сүргінде өткізген. Анастасия Цветаева 1927 жылы «Аштық эпопеясы» атты кітап жазады, бірақ жарияланбады. Сондай-ақ, «SOS, немесе Сарышаянның шарықтауы» деген романы да бар. Қуғын-сүргін жылдарынан соң Анастасия Цветаева 1957-59 жылдары Павлодарда ұлының қолында тұрып, содан 1959 жылы ақталды. Ал жазушының немересі Геннадий Зелениннің өмірі де осында өтті. Біздің қалада Анастасия Цветаеваның музей-үйінің ашылуына жергілікті журналист, ақын Ольга Григорьева үлес қосты. – Сіздің сол музейде тұрған картинаңызды көрдім... – Иә, онда өткен жылдардың елесі, бұрынғы Павлодар қаласы бейнеленген ғой. Тұнып тұрған ностальгия. Сол кездердегі ескі қала – қалбырдағы сүт шығаратын зауыт, аурухана, Ертіс өзені жағасындағы жұпыны үйлер көрініс тапқан. Анам сол сүт зауытында жұмыс жасайтын. Ол кезде мектепке бара қоймаған кезім. Сағымданып болса да есте қалған елес әлі санада бар. Ертіске барып кір жуатынбыз. Жағалауға жиналып қалған құм алтын-күміс түстес түстерге боялып, қызықтыратын. Күні бойы суға шомылып, құмға оранып өскен балалық шақ қандай десеңізші! Ол кездегі Ертістің суы қазіргідей емес, мөп-мөлдір, тап-таза, балықтар шоршып жүретін. Анам жұмысқа кеткенде әжемнің қасында қаламын. Картопты орыстың шөңке-қазанына салып суға пісіреді, сары май қосып алдыңа қойғанда иісі мен дәмі ғажап! Кесте тігіп, тоқыма тоқып отырып, әңгіме айтатын, әжем. Онысы бала болса да есінде қала берсін дегені екен. Біздің үйдің жанында көзі соқыр бір қарт тұрды. Бүкіл қаланың қарттары сол жерге жиналып, әңгіме айтады. Мен де әлгі қарттардың әңгімелеріне құлақ түріп бір бұрышта отыратын едім. – Әжеңіз де, шөңке де, қарттар да – бәрі де сурет тілінде жазылды ғой?.. – Әрине. Осы күнге дейін 800-ден астам картина, көптеген графикалық суреттер салыппын. Оның көпшілігі өз еліміздің, Ресей, Германия, Франция, Израиль, т.б. мемлекеттердің музейлерінде тұр. Өткен демекші, 1956-жылдары Ертіс өзені жағасындағы біздің үйдің қатарындағы қалалық бақ маңында қуғын-сүргінге түсіп, жер аударылып келгендер көрші тұрды. Тіпті, үлкен облыста хатшы болыпты деген бір адам 9 тіл білетін еді. Біз дәлізі ортақ ас үйде Андрей Трухачевтермен көрші тұрдық. Оның шешесі – Анастасия Цветаева Павлодарға жылына екі рет келіп-кететін-ді. Келген сайын үйдегі кішкентай қыздарға ағылшын, француз, неміс тілін үйретеді. Әлі есімде, Трухачевтардың үйінде пианино бар еді. Анастасия Цветаева менің анам Мария Андреевнамен жақсы араласып, әңгімелесіп жүрді. Анастасия салған суреттеріме қызыға қарайтын. Бір жылы Ленинградтан анама шәлі, маған акварель бояулар мен бояужаққыш ала келіпті. Өзің музейден көрдім деп айтып отырған картина Анастасия Цветаева тұрған үйдің суреті. Балалық елестен қалған естелік. Бұл тарихи үй қазір де бар, облыс орталығындағы генерал Дүйсенов көшесінің бойында тұр. – Ал, сіздің ата-анаңыз қазақ жеріне қашан табан тіреген?.. – Анам Мария Андреевна Алтай өлкесінде туған екен. Қазақ жеріне ертеректе қоныс аударып келсе керек. Әкем – Яков Филиппович Беспалов етікші, анам жұмысшы болды. Осы отбасында 1952 жылы 18 наурызда мен дүниеге келдім. Бала кезден Ертістің суына түсіп, құмында ойнап өстім. Мен үшін Отан деген осы қазақ жері, Ертіс өзені, Павлодар, Баянауыл. Қайда барсам да, қайда жүрсем де туған елге, қалама жеткенше асығамын. Туған елге, жерге деген махаббатымды салған суреттерім арқылы жеткізе алғаныма өзімді бақытты санаймын. Дала әуендерінен жаралған елімнің келбетіне ғашықпын. Кішкене күнімде Гүлнәр деген дос қызым айнаның алдына тұрып алып ұзын шашын қос бұрым етіп өретін. Әжесі бауырсақ пісіреді. Дөңгелек үстел. Сандық. Жиналған көрпешелер. Бесік. Қазақы тіршіліктің бәрі осылай көз алдымда. Кейін әрқайсысы натюрморттар және табиғат көріністеріне толы пейзаждар болып қағазға түсті. Емші Үміт апаның да портретін салдым. Ол кісінің бойындағы қазақ әйеліне, қазақ апа-әжелеріне тән бәйбішелік ұлы парасаттылықты қылқаламмен өрнектедім. – Ертіс өзені жағасында өскен қыз қалай суретші болып шықпасын дейсіз ғой?.. – Әрине, бала кезден Ертістің суына жүзіп өстім. Қазір де таңертең ерте тұрып шомылып қайтамын. – Ең алғаш салған суретіңіз есіңізде ме?.. – «Құлпынай». – Алматыда оқып жүргенде атақты суретшілер Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмайловаларды көрген боларсыз?.. – Оқуға түсер кезде павлодарлық суретші Павел Георгиевич Величко қолыма бір парақ қағаз жазып беріп: «Айша Ғалымбаеваға барасың, сенің салған суреттеріңді көріп бағасын береді», деді. Таңдаулы суреттерімді алып ол кісіге бардым. Суреттерімнің бәрін көріп болмай жатып, телефон арқылы біреуге хабарласып: «Маған келіп кетші, сондай қызық, таңғаларлық суреттер бар», деді де «Галя, суреттеріңді сыйға тартшы», дейді. Сенерімді де, сенбесімді де білмей отырмын. Апарған суреттерімнің бәрі дерлік – қазақы тірлік. Ұлты бөлек сары қыздың қазақ тақырыбына салған суреттері Айша апайдың көзіне оттай басылып, жүрегіне жақын келді, білем. Айша апай қарапайым, ашық адам еді ғой... Студенттік шақтарда, егерде мені көшеде көре қалса «Галя, неге келмей кеттің, шеберханаға келіп тұр», дейтін. Не деген кішілік, не деген кісілік десеңші. Ал Гүлфайрус апай да Айша апай сияқты керемет сұлу әйел еді. Жолдасы Сидоркин де суретші болды. Гүлфайрус Исмайлованың сұлулығы мен шығармашылығы су бұрқақтарындай әуелей тынымсыз атқылаған күш-жігер сияқты болып көрінді маған. Сұлулық символы ретінде мәңгі есімде қалды. – Сурет салғанда шығармашылық жұмыстарыңызға қара түсті қолданбайтын көрінесіз... – Әр суретшінің өз құпиясы бар. Мен суретке қарап сурет салмаймын, мүсінші сияқтымын, адамның өзіне қарап отырып саламын. Сонда салған картинаң әрі тез, әрі жарқын, әрі сол күйінде, сол қалпында бояуы қанық шығады. – Галина Яковлевна, сізді суретші-кескіндемеші, график, батик, монументші, модельер деп те атайды... – «Батик» техникасы негізінде «Жібек жолы» атауымен жібектен тігетін әйелдер киімінің жазғы топтамасын жасадым. Ол жобам Алматы қаласында өткен халықаралық дизайнерлер конкурсында бірінші орын алды. Инновациялық Еуразиялық университеттің «Өнердегі жаңалық» атты халықаралық конференцияға Дизайнерлердің бірінші халықаралық конкурсы (Алматы қаласы, 2007 ж.) деген көрмелерге қатыстым. Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» «Жібек жолы» коллекциясының модельдер көрсетіліміне қатысып, «Шабыт» шығармашылық интеллигенциясының мүшесі атандым. Сонымен қатар, «Мейірімді істер» атты халықаралық конкурстың «Мода театры» номинациясы бойынша 1-дәрежелі лауреат дипломы мен сертификатын алдым (Санкт-Петербург қаласы, 2009 ж.). «Цреатіве уорлд» бірінші халықаралық дизайнерлер конкурсының дипломымен марапатталдым. Мен қазақтың ұлттық киімін шетелге барғанда киіп жүрсе, сол адамның қазақстандық деген аты-жөні сияқты көрініп тұрғанын қалаймын. Шығыстық үлгідегі далалық көріністерге толы жазғы көйлектерімнің біразын еліміздегі Жапония, Үндістан елшілігінің әйелдері аса бір қызығушылықпен сатып алды. Шәкіртім Әділжан Мұса қазір батик бағытында көптеген сурет-кескіндерін жасауда. Еліміздің Әнұраны тақырыбына арналған бірқатар сериалар жиынтығымен тамаша кескіндер ойлап тапты. Сонымен қатар, «Наурыз», «Дала балладасы» атты көйлектерімнің үлгілері бар. Бұл коллекциялардың бәрі де Алматыдағы «Сымбат» сән үйінде көрсетілді. Атақты модельер Вячеслав Зайцевтің өзі құрмет көрсетіп, өнер академиясына сабақ беруге шақырды. Біз енді ғана Батыс әлеміне таныла бастадық. Шығыс әлемі – оларға құпия болып келді. Олар қазір Шығыс әлемін тануға құмар. Менің көптеген шығыстық, қазақ халқының салт-дәстүріне сай ұлттық колоритке толы, көргеннің көз жауын алатын эскиздерім бар. Мен қазақ жерінде, қазақ арасында өстім. Айналам, достарым, ортам – қазақ жұрты болған соң, ұлттық салт-дәстүрге сай көйлектер, бұйымдар жасау – әрбір суретші, дизайнердің арманы. Санкт-Петербургте болғанымда, сол жердегі қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп қайттым. Олар мені елден, туған жерден келген қазақ қызындай көріп, құрметтеп күтіп алды. Менің жасаған ұлттық стильдегі бұйымдарымның көрмесін өткізді. Ризашылықтарын білдірді. Тілектестерім де, тапсырыс берушілер де көп. Өкінішке орай, олар интернет арқылы ғана хабарласа алады. Буырқанған ойларымды, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға шеберхана болмай тұр... – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Бүгін, 17:48
Қарағанды облысында алты жасар бала мұзға батып кетті
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10