Қоғам • 04 Қаңтар, 2022

Бала бақыты бәрінен биік

3223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «2022 жыл Балалар жылы» деп жарияланды. Тәуелсіз ел болғалы балаларға арнайылап ден қойып, маңыз беріп жатқанымыз осы шығар. Біреуін ескереміз, біреуін ескермейміз, жыл сайын балаларға қатысты қаншама құқық бұзушылық, қылмыс, оқыс оқиғалар болып жатады. Шын мәнінде соның барлығы терең зерделеуді, тегеурінді тәртіпті қажет етеді. Бүгін балаға мән бермеу – еліңнің ертеңіне тоңтеріс қараумен бірдей. 

 

Бала бақыты бәрінен биік

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мемлекет басшысы жаңа жыл­дық құттықтауында бала­ларға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтты. «Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табыс­ты болашағының сенімді кепілі. Сондықтан келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» деген Президент бұл жерде әңгіме ұрандар мен мерекелік іс-шаралар туралы емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, балалық шақты қорғау бойынша нақты шаралар туралы болып отырғанын атап өтті.

2021 жылы жүргізілген Ұлттық халық санағының қорытындысы бо­йын­ша жалпы халық саны 19 169 550 адам болды. Соның 33,97 пайы­зы – 17 жасқа дейінгі балалар. Білім және ғылым министрлігі бала­ның мектепке дейінгі білім алу құқы­ғы мен ерте дамуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр. Соның ішінде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98,8 пайыз деңгейінде екен. Балалардың құқықтарын қорғау коми­тетінің төрағасы Есенғазы Иман­ғалиевтің айтуынша, 110 818 бала – мектеп жасындағы ерекше білім қа­жет­тіліктері бар балалар санатында. Олардың 83 916-ы білім алып жатыр.

2021 жылы Парламент Мәжілі­сі «Бала құқығын қорғау мәселе­леріне қатысты Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне өзгеріс­тер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Аталған заң жобасында барлық мұқтаж балаларды сауықтырудан өткізуді қамтамасыз ететін; суицид­тің алдын алатын және профилак­тика жүргізетін; мектептерде буллинг бо­йынша профилактика өткізетін бір­қатар маңызды бастамалар бар. Сонымен қатар ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған 6 жасқа дейінгі балалар мен жетім балаларды сәбилер үйінен балалар үйіне өткізу жасын ұл­ғайтуға қол жеткіздік», дейді Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы­ның түзілуіне қоғам белсенділері де көп үлес қосқан. Олар мәселені сүт бетінен қалқымай, 220 елдімекенге барып, проблемаларды көзбен көрген соң барып іске кіріскен. Нәтижесін­де, заң жобасын жасақтаудан бөлек, 130 балалар мекемесі жөндеуден өт­кізілген. Депутаттың сөзінше, әсіресе кибербуллинг мәселесі аса өзек­ті болып тұр. Жел сөздің әсерінен өз-өзіне қол жұмсау дерегі азаяр емес. 2021 жылдың 6 айының өзінде балалар арасында 193 суицид оқиғасы болып, соның 105-і қайғылы аяқталған.

Министрліктің дерегінше, респуб­ликада 16 мың оқушы мектебі жоқ елдімекендерде тұрады және оқу орнына дейін тасымалдауды қажет етеді. Олардың қауіпсіздігі де ерекше бақылауда, ал мектеп автобусы ең қауіпсіз көлік болуы керек.

Балалар тақырыбының ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесі өте өзекті проблема саналады. Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, қазір елімізде 23 063 жетім бала болса, соның 18 805-і отбасыларда екен.

«Жыл сайын балалар үйінің саны азайып келеді және біз бұған қуаныш­тымыз. Сонымен, жетім балаларға арналған 96 ұйымда 4 254 оқушы тәрбиеленіп жатыр» дейді ол.

Бала мәселесіне бүкіл әлем аса сақтықпен қарайды. БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының 1989 жылғы 20 қара­ша­дағы 44/25 қарарымен Балалар құқықтары туралы конвенция қабылданды. Кон­венция 1990 жылы 2 қыркүйекте күшіне енді. Қазақстан конвенцияны 1994 жылы бекітті. Енді соған сай әрекет етіп, 5 жылда 1 мәрте тиісті құ­қық­тық баяндаманы ұсынып отыруы тиіс.

Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ару­жан Саин­ның айтуынша, келіп түсе­тін ша­ғым­дар өте көп. Негізінен мүмкіндігі шек­­теулі балалардың меди­циналық қыз­мет пен дәрі-дәрмекті алуына қа­тыс­ты әлеуметтік көмек, білім, алиментке байланысты арыз-шағым жиі түседі.

«Бірақ мемлекет деңгейіндегі терең жүйелік өзгерістерді қажет етіп тұрған, балалар құқығын жаппай бұзатын проблемалар бар. Түсініксіз жоспарлау, аналитикалық зерттеулердің жоқтығы, процестердің дұрыс жолға қойылмауы және ведомствоаралық ынтымақтастықтың болмауы кері әсер туғызады. Мысалы, егер ерте анық­тау, ертерек араласу және сауықтыру болғанда, тиісті медициналық скринингтер, диагностика мен емдеу шаралары жүргізілгенде біз тым құрыса бір баланы мүгедек болудан сақтап қалар едік. Көп жағдайда мұның бәрі заңның дұрыс жетілдірілмеуінен туындай­ды. Нор­мативтік-құқықтық актілер дең­гейін­де бәрі де дұрыс жазылған. Бірақ сол актілер дұрыс орындалмайды. Бұл рет­те проблеманың түпкі өзегін жер­гі­лік­ті ат­қарушы органдардан іздеу керек», деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Біз әлдебір шалғай ауылда баланың зор­лық-зомбылыққа ұшырағанын, қала­ның қақ ортасында балконнан құлап кет­­кенін, қоғамда көпе-көрінеу құқығы бұ­зыл­ғанын, кибербуллингтің құрбаны бол­­ғанын қаламаймыз. Әр адам, әр бала мемлекет деген үлкен машинаның бір-бір механизмі десек, көкірегі аяулы арман мен мақсатқа толы баланың өмір­де бір ғана мәрте жасып қалуының өзі апат­қа әкеп соқ­тырарын бағамдауға болады.

Бала лайықты тәрбие алсын, бала ұлт­тық тамырынан ажырамасын, заман­ға бейім болсын, бос уақытын пай­далы өткізсін, қажетті ем-домын еш ке­дер­гісіз алсын, арман-қиялының шын­дыққа айналарына сенсін. 2022 жыл бала құқығына қатысты мемле­кет­­тің батыл қимылдары жүзеге асатын берекелі, тиімді жыл болады деген сенім басым.