Көрік кеудесін орден мен медаль жапқан, жанары ойлы, сәйгүлік мүсіндес жып-жылы жүзді жарқын фотобейне. «Жуков жақсы көретіндей кім бұл?». Біздің таңданысты бірден түсінген мекеме басшысы Нұрлан Меңдешов: «Бұл адамның аты – Кенжебай Мәденов. 1925 жылы осы өлкеде туған. Маршал Жуковтың естелігінде аты аталып, бас қолбасшы оның ерлігін сүйсіне дәріптеген» деді.
Расында солай екен. Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков 1970 жылы Мәскеуде жарық көрген «Воспоминания и размышления» атты мемуарының 626-бетінде: «Шайқаста танкілер мен өздігінен жүретін зеңбіректерді іске қосуға тура келді. Олардың оқпандарынан зуылдай ұшқан снарядтар Ратушаның зіл батпан шойын қақпасын қақырата құлатып, үй алдындағы алаңқайды түтінді пердемен тұмшалап тастады. Осы сәтті шебер пайдаланып, мұнда ең бірінші болып лейтенант К.Мәденовтің взводы басып кірді...» деп жазыпты.
Осылай атақты қолбасшының назарына іліккен қазақ жігіті жайлы алғаш қалам тартқан Клаус Похе мен Ганс Олига атты неміс журналистері екен. Бұл екі адам бірігіп жазып, 1948 жылы Мәскеудегі «Воениздат» баспаханасында жарық көрген «Берлинге шабуыл» атты кітапта, «немістердің Рейхстагтан кейінгі жүрегі – Империя кеңсесі Ратушаға бірінші болып жеңіс туын қадаған Мәденов атты қазақ еді» деп ерекше атап өтсе, соғыс жылдары «Правда» газетінің әскери тілшісі болған Мартын Иванович Мержанов 1963 жылы Мәскеуде жарық көрген «Так это было» атты жорық жазбасында: «Берлин ратушасына үдере шабуыл жасаған тұста қолма-қол ұрыс салған лейтенант Мәденовтің взводы батыл шабуыл жасап, басып кірді. Ұрыс екі сағаттан астам уақытқа созылды» депті.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеуші П.С.Беланның 1979 жылы Алматыда жарық көрген «Участие казахстанцев в завершающих сражениях Великой отечественной войны» атты еңбегінің 169-бетінде лейтенант К.Мәденов бастаған жауынгерлердің ратушаға шабуылы жайлы толық баяндап: «Каждую комнату приходилось брать с боем. Кенжебай Маденов войну закончил кавалером тринадцати правительственных наград и ныне живет и работает в Уральской области» деп жазыпты.
Ал қазақ қаламгерлері тарапынан Мәденов жайлы алғаш қалам тербеген жазушы Әнес Сарай екен. Ол кісі «Лениншіл жас» газетінің 1970 жылғы 30 сәуірдегі нөмірінде «Маршал мақтаған қазақ» атты мақала жазса, тарих ғылымдарының докторы Керейхан Аманжолов 1985 жылы жарық көрген «Шайқаста шыңдалған достық» атты кітабының 85-бетінде: «Берлинге алғашқылардың бірі болып Орал облысының азаматы Кенжебай Мәденов кірді. Фашистердің Рейхстагтан кейінгі бір ордасы ратушаны алуда ерлігімен көзге түсті. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды» депті. Сол сияқты, академик, тарихшы Манаш Қозыбаев 1993 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген «История Казахстана» атты еңбегінің 199-бетінде: «...Знамя 1008-го стрелкового полка на крыше ратуши в Берлине водрузили молодые офицеры из Приуралья К.Маденов и Р.Караманов» деген жолдарды кездестіруге болады.
* * *
Ендеше, атақты қолбасшының назарын аударып, шетел және қазақ қаламгерлерінің ізденуіне түрткі болған Кенжебай Мәденов кім? Бұл сұраққа жауапты алыстан іздемей-ақ тапқандаймыз. 1970 жылы жеңістің 25 жылдық датасына орай «Қазақстан коммунисі» басылымының №6 санына «Батыр гвардияшылар» деген атпен кейіпкеріміз К.Мәденовтің естелігі жарияланыпты. Осы естелікте, ол өзінің Өтеген, Алтынбай, Жаулыбай деген ағалары болғаны жайлы баяндаса, жазушы Ғабдол Сланов: «Мәденовтер отбасынан ағалы-інілі төрт жігіт майданға аттанған. Үлкені Өтеген Мәденов 1945 жылы жараланып елге оралса, екінші ұл Алтынбай 44-тің күзінде Балтық бойындағы шайқаста қаза тауыпты. Кенжебайдың өзіне тетелес ағасы Жаулыбай да 1942 жылы Старая Русса маңында шақит кеткен еді» деп жазады. Ал үйдің кенжесі Кенжебай 1943 жылдың басында майданға шақырылып, арнайы дайындықтан өткен соң қараша айында 3-ші Украин майданы 57-ші гвардиялық дивизиясы 170-ші полктың құрамында соғысқа араласады.
Батыр атамыз Мәденовтың өмір жолын зерттеген қаламгер-журналист Жанболат Аупбаев келтірген мәліметке үңілсек, кезекті шайқаста аяғынан ауыр жараланып, госпитальға түскен Кенжекең сауығып шыққан соң 5-ші тегеурінді армияның құрамында Молдавиядағы ұрыстарға қатысады. 1944 жылы взвод командирлерін даярлайтын курсқа барады. Лейтенант шенін алған ол 1-ші Беларусь майданы 266-шы дивизияның 1008-ші полкіне бөлінеді. Мұнда взвод командирі болып тағайындалып, Варшаваны азат ету әскери қимылдарына қатысып, 1945 жылы 23 сәуірде Берлинге табан тіреп тоқтайды.
Жоғарыдағы М.Қозыбаев естелігінде Мәденовпен бірге есімі атап өтілген Рахметолла Қараманов туралы Ұлы Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында қазіргі Атырау облысы Жылыой аудандық газетіне естелік жарияланған екен. Онда Берлинге шабуылдау барысына тоқталып: «...Біздің батальонға жас лейтенант келді. Бұл жігіт жерлесім Кенжебай Мәденов екен. Бір күні екеумізді батальон командирі капитан Н.В.Бовылов шақырып алып: «Анау қарсы алдымыздағы зәулім үйді көріп тұрсыңдар ма? «Империя кеңсесі» деп аталатын фашистердің Рейхстагтан кейінгі атақты ордасы ратуша бұл. Қорғанысы өте күшті. Бұл ғимаратқа басып кіріп, ішін эсэс баскесерлерінен тазартып, шатырына ту тігуді Мәденов басқаратын взвод жауынгерлеріне тапсырамын. Естеріңде болсын, шабуыл барысында жалғыз болмайсыңдар. Сендерді артиллерия қолдайды. Бірақ негізгі жауапкершілік өздеріңде» деді. Ратуша көп қабатты, қызылқоңыр зәулім үй екен. Көзбен шамалағанда ғимараттың қақпасына дейінгі аралық 40-50 метрдей. Оқ жаңбырдай себелеп тұрды. Бұл қорғасын нөсерінің күштілігі сондай, асфальт секілді етіп төселген тастарды тесіп өте алмай жоғары шоршып түсіп жатыр. Өстіп тұрғанымызда бізге танкілер мен өздігінен жүретін зеңбірек расчеттері көмекке келді. Өзара ақылдасып, ой бөліскен артиллеристер бір мезетте «Империя үйіне» үсті-үстіне ызылдатып снаряд жаудыра бастады. Осы сәтті пайдаланып Мәденовтің взводы бірінші қабатқа басып кірді. Әр бөлме үшін қызу ұрыс жүрді. Өйткені бұл үйді қорғап тұрған немістің таңдаулы бөлімдері екен» дейді. Осы шайқаста Кенжебаймен бірге ерлік көрсеткені үшін Рахметолла да Қызыл Ту орденімен марапатталыпты.
Екінші бір дерек: 1981 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан Ғ.Слановтың көптомдық шығармалар жинағының 6-томының «Айдаһардың ордасы» атты бөлімінде: «Фашизм ордасын талқандауға советтің төрт армиясы – 1-ші, 2-ші Белорус, 1-ші, 2-ші Украин және 41 600 зеңбірек пен миномет, 6 700 танк пен жылжымалы зеңбірек, 8 мыңдай самолет Берлинге төнді. Апрельдің 16-нан майдың 2-іне дейін белшеден қан кешкен шайқаста 20 жастағы Мәденов Кенжебай жауға аянбай қару сілтеді. Апрельдің 29-ы күні жас лейтенантқа ерекше тапсырма – взводын бастап барып ратуша деп аталатын «Империя кеңсесін» басып алу жүктелді. Қоршауға алынған ратуша ішіне тығылған жау оқнөсерін боратты. Дүние адам танығысыз. Көкала түтін тарсыл-гүрсіл, борс-борс... Кенжебай взводы ратушаға елдің алдымен кіріп кетті. Қорған ішіндегі қолма-қол шайқас талай сағатқа созылды. Ақырында «Империя кеңсесі» жаудан түгел тазартылды да, лейтенант Мәденов ратушаның төбесіне өз қолымен совет халқының жеңіс туын тікті» деп жазады.
Бір таңданарлық жағдай, Кенжебай Мәденов қан майданда соғысып жүрсе де, қазақтың қара домбырасын қасынан тастамаған екен. Бұл жайлы тағы да жазушы Ғабдол Слановтың естелігінде айтылады. Тіпті майдангер Кенжекең ратушаға ту тіккен соң «Жеңіс» атты күй шығарғанын, оны Ғабдол ағамыз өз құлағымен естігені жайлы баяндайды.
* * *
Соғыс аяқталған соң батыр атамыз 1946–1949 жылдары Қаратөбе аудандық «Заготживсырье» конторында есепші, бас есепші болып жұмыс істейді. 1949 жылдан бастап, өмірінің ақырына дейін Орал және Гурьев облыстарында ҚазКСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарында еңбек етіпті. Жауынгерлік ерлігі һәм ұзақ жыл мінсіз атқарған қызметі үшін екі «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-45 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медальдарымен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Тәуелсіздік жылдары батырдың есімі «Қазақстан тарихы» оқулығынан орын алса, Атырау қаласында Кенжебай Мәденовтің атында көше бар. Өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болған ағамыз 1974 жылы қайтпас сапарға аттаныпты.