Қаржы • 05 Қаңтар, 2022

Қаржы орталығының қадамы нық

150 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қар­жы орталығында (АХҚО) 60 мемлекеттің 1 155 ком­паниясы тіркелген. Оның қаржы секторындағы ком­па­ниялардың активі 2,5 есе өсіп, 1 млрд долларға жеткен. Демек, қаржы орталығы үшін өткен жыл табысты өрілді деген сөз.

Қаржы орталығының қадамы нық

АХҚО-ның ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, былтыр қар­жы орталығындағы компания­лар 7 млрд теңге салық төлеген. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 32 пайызға көп. Ал орталықтың бюд­жеттік өтінімі 2021 жылғы 11,8 млрд теңгеден осы жылы 9,9 млрд теңгеге азайды. Демек, АХҚО Мемлекет басшысының өзін өзі ақтау деңгейіне шығу туралы тапсырмасын орындап жатыр.

АХҚО коронавирус пандемиясы кезінде ел экономикасына инвес­тиция тартудың бірден-бір тиімді құралы болғанын жақ­сы білеміз. Бұл ретте АХҚО құ­рыл­ғаннан бері орталық арқы­лы 6 млрд доллар инвестиция тартылған. Оның 4,3 млрд доллары – тікелей инвестиция, 1,7 млрд доллары – портфельді инвес­тиция.

AIX биржасы арқылы тар­тылған үлескерлік капитал көлемі 321 млн долларға, қарыз капиталы 1,4 млрд долларға тең. AIX бир­жасындағы сауда көлемі 298,5 млн долларды құрады. 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 5 есе жоғары. Қазақстанмен байланысы бар компаниялардың нарықтық капиталдандырылуы үшін AIX Qazaq Index (AIXQI) ашылғанын атап өткен жөн.

АХҚО коммерциялық және азаматтық дауларды шешуге арналған беделді һәм тиімді алаң тұрғысынан да танылып үл­герді. Шешілген даулардың жал­пы саны – 898. Оның ішінде 20 іс АХҚО соты арқылы, 878 іс Халықаралық төрелік орталығы арқылы шешілген.

Қаржы орталығы активтерді басқару тұрғысынан әлемдік ірі ком­панияларды тартуда. Мә­селен, бүгінде мұнда 24 инвес­тициялық компания мен 6 инвес­ти­циялық қор тіркелген. Бас­қа­рудағы активтердің (AUM) жал­пы құны 736 млн долларға, кон­­сультациядағы активтердің (AUA) кө­лемі 1,26 млрд долларға тең.

Орталық бөлшек инвестициялауды дамытуға да айтарлықтай үлес қосып жатыр. Айталық, Tabys қосымшасы арқылы бир­жа­лық ноталарға салынған инвес­тиция көлемі 2,5 млн долларға жетті. Қосымшада 15 мыңнан астам есепшот тіркелген.

АХҚО еліміздің мемлекеттік органдарымен бірлесіп, жемісті әрекет етуде. Бұл ретте Қаржы қыз­меттерін реттеу жөніндегі комитет, Ұлттық банк және Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агент­тігі бірлесіп дайындаған АХҚО-да валюталық реттеу және ақ­парат алмасу ережелерінің қабыл­дануын атап өтуге болады.

Инвесторлармен жұмыс сапасын арттыру үшін KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы мен АХҚО қызметкерлерінен Task Force арнайы органы құрыл­ғаны мәлім. Оның міндеті – инвес­тициялық жобалармен жұ­мыс істеу, құрылымдаудан бас­тап жобаны іске асырғанға дейін қажетті көмекті көрсету.

АХҚО ESG жобаларды іске асыруда ел ішіндегі және өңірдегі көшбасшылардың біріне айнал­ды. Осы орайда тұрақты қар­жыландыру құралдарының на­рығы 200 млн доллардан асты.

AIX биржасында шығарылған «жасыл» және әлеуметтік обли­га­­циялар көлемі 38,4 млрд тең­геге тең болды. АХҚО-ның «Жа­сыл» қар­жы орталығы ар­қы­лы тар­­­тылған ин­вес­тиция кө­лемі 67,9 млрд теңгені құрады. 2021 жыл­дың қыр­­күйек айын­да ал­ғашқы «жасыл» несие (Halyk Bank) мақұлданды. Бұдан бөлек, үшжылдық әлеуметтік об­лига­ция­лар («Еуразия даму банкі») листингі өтті.

АХҚО – стартаптар мен жаңа технологияларды дамытудың өңір­­лік орталығы. Былтыр АХҚО Fintech Hub Дүниежүзілік эконо­микалық форумы төртінші өнді­рістік революциясының аффилирленген орталығының белсенді араласуымен АХҚО Tech Hub болып өзгерді. 2021 жыл басынан бері АХҚО алаңында аталған са­ла бойынша қол қойылған инвес­тициялық келісімшарттар көлемі 4,5 млн доллардан, венчурлік инвестиция көлемі 7,5 млн доллардан асады. Venture Rocket Eurasia атты краудфандинг платфор­масы ашылды. Қазіргі таңда Okoo (Қазақстан) мен BILLZ (Өзбекстан) стартаптары онда фан­­драйзинг кампанияларын құ­рып жатыр. Сонымен қатар АХҚО қатысушысы Namba Group (Қыр­­ғызстан) MOST Ventures Fund жеке венчурлік қоры­­ның көме­гімен 1 млн доллар инвестиция тартқанын атап өткен абзал. Mastercard пен Интернет бас­тама­­ларды дамыту қоры (Ре­сей) бір­лесіп екінші деңгейлі банк­тер­ге арналған қаржы техноло­гия­сы ак­селераторын ашты. Оның ал­ғашқы қатысушылары қа­та­рында Еуразиялық банк, Altyn Bank және Freedom Finance Bank бар.

АХҚО Қазақстанда жұмыс істеп, өмір сүретін шетелдіктерге де қызмет көрсететіні белгілі. 2021 жылы АХҚО Экспат орта­лығы шетелдік сарапшылар мен инвесторларға 15 мың қызмет көрсеткен. Экспаттар үшін жеке менеджер қызметі ашылғанын да айта кетелік.