Аймақтар • 05 Қаңтар, 2022

Жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты

567 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық кино күніне орай «Қазақфильм» киностудиясының аумағында қазақ киносының көрнекті қайраткерлерінің есімі берілген Жұлдыздар аллеясында он үш мемориалдық ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі болды. Салтанатты шараны ұлттық кино өнерінің мэтрлері – Асанәлі Әшімов пен Олжас Сүлейменов ашып, Ш.Аймановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Келесі сөз тізгінін алған киностудия президенті Ақан Сатаев бұл шараның Алматы кинохроника студиясының 80 жылдығы мен Халықаралық кино күніне орайластырылғанын атап өтті.

Жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты

– Өкінішке қарай, қазақ киносының негізін қалаушылардың біразы ба­қи­лық болып, бүгінде орны ортамыз­да ойсырап тұр. Біз олардың есі­­мін құрметтеп, болашақ ұрпаққа дәріп­теуіміз керек. Олардың есімдері жұл­­дыз иеленіп жатқанына шын жү­рек­тен қуаныштымын, баршаңызға зор денсаулық тілеймін, – деген Қазақ­стан­ның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов барша киногерлерді бірлікке шақырды.

Жұлдыздар аллеясы, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық мәдениетіне, әсіресе, қазақ кино өнерінің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Олжас Сүлей­меновтің есімімен толықты. Ақынның шығармашылық өмірбаяны киномен бірге өрілді: «Қазақфильм» ки­но­студиясының бас редакторы, Қазақ КСР Мемлекеттік киносының төр­ағасы қызметін атқарды. Қазақ ки­носының алтын қорына енген Ш.Ай­мановтың «Атамекен» фильмі Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша түсірілді. Сондай-ақ Олжас Сүлей­меновтің тікелей қолдауымен «ұлттық киноның жаңа толқыны» кино әлемінің есігін ашты.

Қазақ киносындағы тұңғыш дыбыс режиссерлерінің бірі Қадыр Қосай мен Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешева да өз жұл­дызын ашты. Естелік-жұлдыз 2017 жылы өмірден озған актер, Қазақ­станның халық әртісі Құман Тастан­бековке де берілді. Оның жұлдызын Асанәлі Әшімов ашты.

Сонымен қатар биыл жазда мез­гілсіз өмірден озған режиссер Саты­балды Нарымбетовтің есімі де жұл­дыздар аллеясынан өз орнын тапты. Оның туындылары Қазақстанның даңқын дүние жүзіне асқақтатты, тарихтың қатпарларын ашты, өткенге тағзым жасай отырып болашаққа сеніммен қарауға шақырды. С.Нарым­бетов алғашқылардың бірі болып Францияның кино өнері ака­де­миясының лауреаты атанды, Жорж және Рита Садуль атындағы беделді сыйлықты иеленді. Жұлдызды ашқан «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев Нарымбетовтің ұлдарына жақында Францияда өткен Қазақстан киносының фестивалі аясында режиссерге марқұм болғаннан кейін берілген «Ұлттық кинематографияның дамуына қосқан үлесі үшін» сыйлығын табыс етті.

Оператор және режиссер, сценарист Игорь Вовнянко, актерлер – Меңтай Өтепбергенов, Жамбыл Құ­дайбергенов және Фархат Әбді­райымов, оператор-режиссер Вя­чес­лав Белялов, бас инженер-сәу­летші Юрий Бреус, кинооператор және режиссер, Отан со­ғысының арда­гері Марк Беркович, сондай-ақ ке­ңестік Қазақстанның алғашқы хро­никасын түсірген алғашқы кино­операторлардың бірі Ескендір Ты­нышпаев сынды еңбегі сіңген қай­раткерлердің есімі Жұлдыздар аллея­сынан өз орнын еншіледі.

Естеріңізге сала кетсек, Жұлдыздар аллеясы 2011 жылы YII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында ашылған болатын. Бүгінде бұл аллея­да барлығы 46 киногердің есімі бар жұлдыздар орнатылған.

 

АЛМАТЫ