Елорда • 06 Қаңтар, 2022

Деструктивті күштердің үндеулері біздің қалада да байқалады – Алтай Көлгінов

301 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Алтай Көлгінов төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Деструктивті күштердің үндеулері біздің қалада да байқалады – Алтай Көлгінов

Бірқатар өңірде радикалды мінез танытып отырғандар тәртіпсіздік жасағанына тоқталған елорда әкімі, олар қалалардың инфрақұрылымына, бизнес нысандарына залал келтіргенін, тұрғындар өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенін атап өтті.

«Осы күндері деструктивті күштердің үндеулерін біздің қалада да байқап отырмыз. Құқық қорғау органдары барлық фактілердің жолын кесіп жатыр. Полиция департаменті мен басқа да күш құрылымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді», деді әкім.

Осы орайда ол елордада төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілгенін еске салды. Төтенше жағдай режимі 19 қаңтарға дейін жалғасады.

Қалада тәртіпті орнату мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жедел штаб жұмыс істеп тұр. Қала әкімі тұрғындарға адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, деструктивті күштердің үндеуіне ермеуге және заңсыз жиналыстарға бармауға шықырды.

Қауіпсіздік мақсатында мектеп оқушылары үшін каникул 17 қаңтарға дейін, университет пен колледж студенттеріне 24 қаңтарға дейін ұзартылды. Қаладағы банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарынан басқа нысандар, сондай-ақ қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

«Егер де тұрғындарға қауіп төнген жағдайда қосымша іс-шаралар күшейтіледі. Олар туралы барлық ақпаратты қала комендаты жариялайды. Мұнымен қоса, бізде күрделеніп бара жатқан эпидемиологиялық ахуалды да ұмытпау керек», деді Алтай Көлгінов.