Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауы Қазақстан Республикасы дамуының жаңа сападағы өзгеше сатысы деп айтар едім. Бұған дейінгі жолдауларда көбінесе нақты өмірге қатысты міндеттер жүктелетін. Сондықтан да, азаматтарымыз жолдаулардан әрдайым әлеуметтік қорғалуды жақсарта түсу жолдарының жаңалықтарын естуге елеңдеп отыратын еді. Ал бұл жолғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдау біртұтас Қазақстан халқына былтырғы қабылданған Стратегияны қалай іске асыру жолдары мен тетіктерін айқындап беріп отыр. Соның ішінде Қазақстанның барынша дамыған 30 елдің қатарына енуі туралы алға қойылған зор мақсаттың орындалу жолдары барынша терең қамтылған. Жолдаудағы халыққа қатты әсер еткен ұғым – жалпыұлттық Мәңгілік Ел идеясының алғаш рет жоғары мінберден айтылуы болды. Мәңгілік Ел құру ата-бабаларымыздың сан мың жылғы асыл арманы болғанын айта келіп Елбасы Н.Назарбаев: «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің Ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел», деді. Сонымен бірге, ол Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алғанын атап өтті.
Президенттің 2050 жылғы кезеңге дейін ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көлемін қазіргі 13 мың доллардан 4,5 есеге арттырып, 60 мың долларға жеткізу туралы алға қойған міндеті өте батыл мақсат екенін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда дүние жүзінің ең дамыған елдерінің арасында да мұндай көрсеткішке қол жеткізгендер саусақпен санарлық қана. Бүкіләлемдік валюта қорының 2013 жылдың қорытынды мәліметіне қарағанда, ондай елдер қатарына Люксембург, Катар, Норвегия, Швейцария және Австралия ғана енген. Әрине, алдағы 35 жылда Қазақстанның мұндай көрсеткішке қол жеткізу мүмкіндігі толығынан бар екенін Елбасы өзінің Жолдауында көрсетіп берді. Ол үшін Президент экономикаға салынатын инвестиция көлемін бүгінгі таңдағы ІЖӨ-нің 18 пайызы көлемінен 30 пайызға дейін арттыру міндетін алға қойды. Сонымен қатар, экономикаға ғылымның жетістіктерін пайдалану арқылы экспорттағы шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу көзделген. Бұл – барша әлемнің бүгінгі сұранысына сай болатын барынша сапалы тауарлар шығаруға қол жеткізу деген сөз.
Қазақстанның ғылыми әлеуетін толығымен пайдалана алсақ, бұл да қол жеткізу мүмкіндігі алыс емес міндет. Қазір шетелдердің ең үздік оқу орындарында оқитын және оны бітіріп келген жастарымыз баршылық, сонымен қатар, шетелдік ең үздік оқу орындарымен терезесі теңесе алатын үздік оқу орындары өзімізде де ашылуда. Осыларды бітірген мамандардың әлеуеті экономиканың ғылыми қамтымдылығын арттыра алары сөзсіз. Азиядағы үлкен елдердің бірі – Үндістан да экономикасының ғылыми қамтымдылығын арттыру арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Кезінде мүлдем артта қалған бұл ел қазір әлемдегі бесінші экономикаға айналды. Осы орайда Елбасының: «Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін көтеруді талап етеді», деген сөзі өте орынды айтылған міндет екені даусыз. Өйткені, бұл алға қойылған міндеттерге қол жеткізу жолындағы ең ықпалды фактор болмақ.
Сонымен қатар, Елбасы шағын және орта бизнестің көлемін ішкі жалпы өнімнің кемінде 50 пайызына жеткізуді міндеттеді. Бұл да күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі. Бүгінгі күні Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайыз ғана. Біздің ТМД аумағындағы кейбір көршілерімізде бұл көрсеткіш 60 пайыздан асып отырғанда, біздегі осы саланың кенже қалып келе жатқаны өкінішті. Оны қолдау жөнінде қаншама заңнамалық құжаттар қабылданып, қаржылық қолдаулар көрсетіліп жатқанын да жақсы білеміз. Енді Елбасы шағын және орта бизнестің еркін дамуына кедергі болатын құжаттардың санын барынша қысқартып, тиянақтауға баса назар аударып отыр. Үкіметке заңның қолайлы болуын көздеп, кәсіпкерлерге қойылып жүрген шарттарды жеңілдету тапсырылды. Осындай шаралар шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына серпін берер деген үміт бар. Жолдауда Елбасы: «Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі», дей келіп, бүгінгі күні елімізде шағын және орта бизнестің 2,4 млн. адамды қамтыған 800 мыңнан артық субъектісі бар екенін айтты.
Үкіметтің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – барлық қалалар мен елді мекендерді сапалы жолдар арқылы қосу. Осы саланың да кешеуілдеп қалғаны экономиканың жаппай қарқынды дамуына тежегіш болып келе жатқаны жасырын емес. Инвесторлар елдің алыс түкпірлеріндегі ауыл-селоларға жол қатынасының нашарлығы себепті инвестиция салудан қашып жүреді. Ал егер барлық елді мекендерге сапалы жолдар тартылатын болса, бұл мемлекетіміздің жаппай дамуына үлкен мүмкіндік тудырады. Сайып келгенде, жол – экономиканың күретамыры деген сөз рас. Осыған орай Елбасы да Жолдауда: «Сапалы, заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайды деп мен талай рет айттым. Бұған қоса, Қазақстанның қатынас жолдары оның Еуропа мен Азия, Солтүстік пен Оңтүстік арасында орналасуы тұрғысынан маңызды мәнге ие», деп атап өтті.
Жоғары дамыған 30 елдің қатарына ену жолдарын айтқанда Үкіметке ұзақ мерзімді басымдықтарды дамыту бойынша да нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде инновациялық-индустрияландыру трендін түзеу және оны күшейте берудің маңыздылығы айтылды. «Мен Үкіметке 2016-2019-жылдарға арналған үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдық жобасы бойынша бірқатар тапсырмалар бердім», дей келіп, Президент, алайда, индустрияландыру басымдықтарын шектеу қажеттігін де атап өтті. «Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекелестіктегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек», деді Президент. Осы орайда, Елбасы мұнай мен газ өндіру бойынша түбегейлі шешімге келу қажеттілігін ауызға алды. Жаңадан мұнай өңдеу зауытын салу мүмкіндігін де атап өтті. Үкіметке бұл мәселені түбегейлі зерттеп, ішкі рыноктағы мұнай өнімдеріне тапшылық мәселесін түбегейлі жою жолдарын қарастыруды талап етті.
Геологиялық-барлау жұмыстарын да осы заманғы инжинирингтің жетістіктерін пайдалана отырып жандандыру қажеттігі айтылды. Электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтарға аса қажет сирек және шашыраңқы металдарды игеру ауқымын арттыру қажеттілігі де атап өтілді. Елбасы 2050 жылға дейінгі 35 жыл мерзімді 7 бесжылдыққа бөліп, оның әрқайсысында 30 елдің қатарына енуді көздейтін мақсаттың бір үлкен проблемасын шешуді қарастыру керектігін тілге тиек етті. Мәселен, бір бесжылдықта мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологияларды игеру болса, келесілерінде роботты техника, гендік инженерия және т.б. салаларын қамту қажеттігі айтылды.
Барынша дамыған 30 елдің қатарына енудің маңызды шарттарының бірі агроөнеркәсіптік саланы жоғары деңгейге жеткізу екені сөзсіз. Қазақстанның осынау, дәстүрлі саласын жоғары деңгейге жеткізу үшін оған салынатын инвестиция көлемінің арта түсетіндігі айтылды. Бұл салада бәсекелестікті арттырудың маңыздылығы да ауызға алынды. Ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің өнімдері ауа райының құбылмалылығына тәуелді болудан арылу үшін ғылымның жетістіктерін, жаңа технологияларды барынша мол пайдалану қажеттілігі айтыла келіп, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергілерді жою тапсырылды.
Елбасы жалпы қазақстандықтардың әлеуетін арттырып, жаңа мүмкіндіктерін ашатын заманауи іс-шараларды атап беріп, оларды жетілдіре түсу қажеттілігін алға тартты. Соның ішінде, бірінші кезекте, білім беру саласының маңыздылығы айтылды. «Ұлттық білім берудің барлық сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды», деді Президент. Сонымен бірге, ол таяудағы 3 жыл ішінде мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешу қажеттігін ескертті. Экономикаға аса қажетті кәсіби жұмысшылар дайындау мақсатымен техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесі алдымыздағы 2-3 жылда толығымен қалыптасатын болды. Ал жоғары оқу орындары туралы айтқанда, Президент үлгерімі жақсы студенттерді қолдау үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы мөлшерін 25 пайызға көтеруді тапсырды.
Денсаулық сақтау саласына келсек, ең бірінші басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға бағытталатындығы айтылды. Одан әрі Президент міндетті медициналық сақтандыру жүйесін қайтадан зерттеп, оны қайта енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Жолдау «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты басшылыққа ала отырып, азаматтарымыздың дұрыс тамақтанып, спортпен айналысу жолдарын жетілдіру мәселесіне де назар аударды.
Барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену экономикалық жетістіктерді жоғары дәрежеге жеткізуді ғана емес, сонымен бірге, халқымыздың, барлық Қазақстан тұрғындарының мәдениетін көтеріп, саналылығын арттыруды қажет етеді. Қалтасы қаражатқа толып тұрса да, мәдениеті төмен жандар жоғары дамыған елдің сипаты емес. Елбасы өзінің Жолдауында осы мәселені де қатты ескеріп, Үкіметке бәсекеге қабілетті елдің менталитетін қалыптастыруға ықпал ететін мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді де тапсырды.
Қазақстандықтарды, соның ішінде қазақ халқын елеңдететін мәселенің бірі қазақ тілінің болашағы екендігі даусыз. Еліміздің 2050 жылға дейінгі мерзімдегі дамуының негізгі бағыттарын белгілеген маңызды құжат бұл мәселені де айналып өтпеді. Жолдауда оның оқып-үйретілуі жыл сайын артып келе жатқандығы, бұл іске соңғы 3 жылда 10 млрд. теңге бөлінгендігі аталып өтті. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деуші өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға артыпты. Мұның маңызды фактор екендігін атай келе, Елбасы: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деді.
Халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де Жолдаудың қамтыған мәселелерінен қағас қалған жоқ. Елбасы Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді тапсырып, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын – 28, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысын – 29, әлеуметтік қорғау саласындағы адамдардың айлық жәрдемақысын 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды.
Елбасы әлемнің барынша жоғары дамыған 30 елінің қатарына қосылуға деген ұмтылысты екі кезеңге бөлу керектігін атап өтті. Оның біріншісі, мүмкіндіктер көзін пайдалана отырып, жаңғырту серпілісіне қол жеткізетін 2030 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ал екіншісі, 2030-2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуды қамтамасыз ететін кезеңі болмақшы.
Жолдауда осынау стратегиялық көлемі аса зор істерді неден бастауға байланысты бүгінгі күнге арналған нақты тапсырмалар да берілді. Соның ішінде инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендете отырып, экономиканың биылғы өсімін 6-7 пайыздан кем болмауын қамтамасыз ету тапсырылды. Жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімі бірінші тоқсаннан қалмай жасалатын болды. Сондай-ақ, мұнай өңдеу зауыты мен атом электр стансасын салу мәселесін үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанынан қалдырмай шешу міндеттелді.
Елбасы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеу мәселесін де нақты орындаушыларға тапсырды. Сөйтіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясын еңсеру жолындағы маңызды шараларды іске асыру басталып кетті. Бүкіл елімізді жасампаздықтың мәңгілік жолына бастаған серпінді істерге сәттілік тілейік.
Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,
Мәжіліс депутаты.