«Шымкент қаласында орын алған жағдайға байланысты тәртіпсіздіктердің алдын алу және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің сарбаздары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды. Оларға мыңға жуық қала тұрғыны көмекке келді. Осы кезеңде қолдау көрсеткен азаматтарға зор алғысымды білдіремін», - делінген Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының мәлімдемесінде.
Ведомствоның мәліметінше, қызмет атқару барысында 45 қызметкер түрлі дене жарақатын алған. Оның ішінде ауыр жарақаты бар екі қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болды және қазір арнайы бақылау палаталарына ауыстырылды.
«Алған жарақаттарына қарамастан, бұл қызметкерлердің барлығы өз еркімен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін қызметіне қайта кірісті. Жараланған полиция қызметкерлеріне қызмет орнында медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында жағдай тұрақты. Қала аумағы толығымен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бақылауында, құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Қала тұрғындарын коменданттық сағат талаптарын қатаң сақтауға шақырамын», - деді Ералы Жұмаханбетов.