Қазақстан • 10 Қаңтар, 2022

Елдіктің жолында бірлік керек

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кешегі берекесіздікте Отан алдындағы борышын адал атқарып, бейбітшілік жолында қаза тапқан құқық қорғау органдары және күштік құрылым қызметкерлерінің, қарапайым тұрғындардың ерлігін ел есінде қалдырып, оған тағзым ету үшін осындай шешім қабылдады.

Елдіктің жолында бірлік керек

Ел тыныштығы үшін опат болған азаматтардың рухы шат болсын! Олардың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Ел ішіне бүлік салу бір-ақ сәтте екеніне көзіміз жетті. Тыныштықтың тал бесігін шайқап, тұрақтылықтың бәйтерегін құлатпақ болған арам ниеттілер бейбітшілік пен бірлікті көзінің қарашығындай сақтап отырған мемлекетімізді ала тайдай бүлдірмек болды. Тәуелсіздігімізге, аңсап жеткен азаттығымызға алакөздене қарағандардың халық арасына үрей салып кеткені жасырын емес. Дегенмен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауының арқасында лаңкестер салған лаң ауыздықталып, елімізде тұрақтылық қайта қалпына келіп жатыр.

Біз қазір алауыз болатын, бір-бірімізді айыптайтын, біріміз екіншімізге өкпе артатын сәтте емеспіз. Таразы басында Тәуелсіздік тұрғанда халқымыз бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай бірігіп, бұзылмаған отыз екі тістей тұтасып, еліміздің тыныштығы үшін күресетін күрделі кезеңдеміз. Сондықтан баршамыз Мемлекет басшысының айналасына топтасып, әрбір қазақстандық азамат Төтенше жағдайдың талаптарын қатаң сақтап, елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге қал-қадірінше атсалысып, бірлік пен бейбіт өмірдің жолында әрекет етуі керек.

Дүрбелең кезеңді, бұлағай заманды бәріміз бір болып қана еңсере аламыз. Әркімнің ойы, пікірі, саяси ұстанымы әртүрлі болуы заңдылық. Бірақ дәл қазіргі сәтте оның барлығын ысырып тастап, бір болудың қамын жасағанымыз абзал. Өйткені тағдырдың тәтті сыйы Тәуелсіздікті тәрк етіп алсақ, бабалар аруағы да, болашақ ұрпақ та бізді кешпейді.

Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын!

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері.