Аймақтар • 10 Қаңтар, 2022

Шымкент әкімі жарақат алған тәртіп сақшыларының жағдайын білді

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен тәртіп сақшыларының халін білу үшін ауруханаға барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкент әкімі жарақат алған тәртіп сақшыларының жағдайын білді

Әкім қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен мемлекет мүддесін қорғау барысында жасаған ерліктері үшін алғыс айтып, сын сағатта ешбірі шет қалмай, ел тәуелсіздігі үшін бірлесе жұмыс жасағанын атап өтті. Сонымен бірге тез сауығып отбасыларына оралуын тіледі.

Соңғы мәліметтер бойынша наразылық кезінде жалпы 120 адам медициналық көмекке жүгінген болса, оның 48-і ауруханада ем алуда. Науқастардың 5-еуі жан сақтау бөлімінде жатыр.

Жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген азаматтардың 48-і тәртіп сақшылары. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан екі құқық қорғау органының қызметкерлерінің жағдайы бір қалыпты.

Еске сала кетсек, көтеріліске байланысты еліміз бойынша төтенше жағдай режимі енгізілді. Коменданттық сағат тәртібінің орындалуын полиция, сондай-ақ арнайы мобильді топтар қадағалауда. Қалада ахуал тұрақты, жағдай құзырлы органдардың бақылауына алынған. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау нысандары, балабақшалар, азық-түлік сататын нүктелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.