Аймақтар • 11 Қаңтар, 2022

Алматы тіршілігі арнасына түсіп келеді

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан астаң-кестең болған Алматыны қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сүттей ұйыған тыныштықты сапырған бүлікшілердің басым бөлігі қолға түсті. Қызыл жалынға оранған көліктердің қаңқасы қаладан шығарылып жатыр.

Алматы тіршілігі арнасына түсіп келеді

Алматының тыныс-тіршілігі бір­тіндеп қалпына келмек. Тер­ро­ризмге қарсы шұғыл әрекет әлі де жалғасуда. Шаһардың кіреберіс қақ­паларына қойылған блок-бекеттер кірген-шыққан көліктер мен жеке тұлғаларды жіті тексеруде. Қала комендатурасы таратқан соңғы ақпар­ға сәйкес лаңкестік, тонау және бас­қа да қылмыстардың 508 қа­тысушысы қолға түсті. 22 бірлік атыс қаруы мен 1 412 оқ-дәрі тәркіленді. Блок-бекеттерде 56 адам, 9 күдікті көлік ұсталған. «102» басқару пультіне мыңнан аса хабарлама, комендатура­ның кол-орталығына азаматтардан жедел әрекет етуді талап ететін 525 дабыл түскен. Бұл ақпараттар күн сайын жаңаруда.

Қала әкімі Бақытжан Сағын­таев шаһар тұрғындарына ты­ныш­тық пен батылдық танытып, жағ­дайды тұрақтандыруға және тәртіп орнатуға ықпал ет­ке­ні үшін алғыс айтты. Ол Пре­зиденттің шұғыл іс-қимылының нәтижесінде елдің күйреуінің алдын алуға қол жеткенін атап өтті.

«Қазақстан бүкіл әлемге елі­­мізді және халқымызды күй­ре­ту мүмкін еместігін дәлел­деді. Біз халқымыздың қиын кезең­­дерде ұйымшыл болып, жұды­­рықтай жұмылып әре­кет ететініне тағы да көз жет­кіздік. Алматылықтарға тәртіп­сіздік кезінде бізге көрсет­кен көмектері үшін алғыс айтамын», деді Б.Сағынтаев.

Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қала­­лық штаб тәулік бойы жұмыс істей­ді. Барлық қызметтер анти­тер­рористік орталықпен тығыз қа­рым-қатынаста. Қаланың бүкіл аудан­дарында тазалық жұмыс­тары жүргізілуде. Көшелерден 200 тоннадан астам қоқыс, аула­лар­дан 1 мың тоннаға жуық қал­дық шығарылды. Комму­нал­дық қыз­меттер әскери қызмет­ші­лер залал­сыздандырған аумақ­тар­ға кіреді. Қаланы тазарту жұмыс­тарына құқық қорғау қыз­мет­кер­лері де атсалысуда. Айта кет­сек, орын алған қиын жағ­дайға қа­ра­мастан қаланың тыныс-тірші­лігін қамтамасыз ету жүйесі үзіліс­сіз жұмыс істеді. Халықты су­мен жабдықтау, кәріз, газбен жаб­дықтау, жылу қызметтерінде іркіліс жоқ.

Алматының азық-түлік қауіп­сіздігі, өнімдердің тап­шылығы біртіндеп ретке келіп жатыр. 80-ге жуық супермар­кет, үш ірі азық-түлік базары, 70-ке жуық ЖҚС, 111 дәріхананың есігі қай­та ашыл­ды. Үш дәріхана тәулік бо­йы жұ­мыс істейді. Автогаз баға­сы литріне 70 теңгеге дейін төмен­деді. Қабылданып жатқан ша­ра­лар қала өмірін біртін­деп қа­лып­қа келтіруге мүмкіндік берді.

«Тек сабырлық, шыдамды­лық пен түсіністік қажет», деген Б.Сағынтаев ТЖ режімінің та­лап­тарын мүлтіксіз сақтау және комен­данттық сағатты бұзбау қа­жет­тігін еске салды.

«Болған жағдай бәрімізді қын­­жылтты. Ару қаламыздың көз алдымызда қирауы қабыр­ғамыз­ды сыздатты. Енді ес жимастай көрініп едік. Шүкір, тіршілік қай­та жандана бастады. Бұл оқиға бә­рімізге үлкен сабақ болды. Бас­тапқы күндері жұрт дүкеннен нан тап­пай сенделгенін көрдік. Осы­дан кейін тыныштықтың, тәуел­сіз­діктің бағасы біздің санамызда одан сайын биіктей түсетіні сөзсіз», дейді қала тұрғыны Ерға­нат Қуатбекұлы.

 

АЛМАТЫ