Аймақтар • 11 Қаңтар, 2022

Атасының «алтын баласы» еді...

902 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Маңғыстаулықтар Ақтау қаласындағы «Дос­тық» үйінде Алматы қаласындағы бүлік кезінде содырлар қолынан қапияда қаза тапқан жас батыр Бітім Мейірханды ақтық сапарға шығарып салды. 2002 жылы 11 маусым­да Ақтауда өмірге келген Мейір­хан қаладағы №11 маман­дан­дырылған физика-математика гимназиясында білім алды. Тәр­тібі мен үлгерімі жағынан үл­гілі Мейірхан мектепте достары көп, белсенді оқушылардың бірі болды.

Атасының «алтын баласы» еді...

– Үнемі жымиып жүретін жылы жүзді Мейір­ханның табанды, қайсар мінезі әскери адамға тән еді. «Апай, мен мек­теп бітірген соң қалайда әс­ке­ри қызметкер болуды қалай­мын» дейтін еді. Табанды боз­бала сөзінде тұрып аттеста­тын қолына алған соң оқу гран­тымен өзі қалаған оқу орнына оқуға түсті, –дейді №11 ма­мандандырылған физика-математика гимназиясының директоры З.Қоразова.

Мейірханның 7-сыныпта таныс­қан досы Азамат Сұлта­новтың айтуынша, екеуі мектеп қабыр­ғасында жүргенде Алматыдағы Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті Шекара академия­сында оқуды жос­парлайды. Мек­тепті Азаматтан бір жыл бұ­рын бітірген Мейірхан сөзінде тұ­рып, 2020 жылы атал­ған ака­демияның курсанты атана­ды, ал Азамат бір жылдан соң ба­рып курсанттар қатарын толық­тырады.

Алматыда аяқ астынан дүр­белең басталған сәтте арнайы бұйрықпен қолына қаруын алып Отан қорғауға ұмтылған жас сарбаз ерлікпен қаза тапты. «Тәуелсіз еліме еңбек етемін!» дейтін елін сүйген патриот Ме­йірхан Ержанұлы офицер бо­лып еліне қызмет етіп шекара шебінде жүруге үлгерген жоқ, бірақ небәрі 19 жасында елді, жерді сүюдің, Отанды қорғаудың қандай болатынын өз ерлігімен дәлелдеп кетті. Ол қаза тапқан соң, марқұм болған өз қару­ластарымен бірге 2022 жылы 9 қаңтарда Мем­­ле­кет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлы­ғымен әс­кери және қызметтік борышын атқару үстінде көр­­сет­кен батылдығы мен жан­қияр­лығы, сондай-ақ мем­лекет мүд­десін қорғау кезінде жаса­ған ер­лігі үшін
III дә­режелі «Айбын» орденімен марапат­талды.

а

Ақтау қаласына жеткізілген Мейірханның дене­сін Маңғыс­тау облысының әкімі Н.Ноғаев бас­таған ел азаматтары, марқұм­ның әкесі Ержан, туыс­тары мен достары қарсы алды. Марқұм­­ды туған шаңы­рағына бір түне­тіп, 10 қаңтар күні жаназа намазы оқылды. «Достық» үйінің аула­сына Мейірханды шығарып са­луға жиналған адам өте көп болды.

– Мейірхан баламыз нағыз ерлерше көз жұм­ды. Азамат үшін ең басты міндет – Отанды қор­ғау! Мемлекетімізді қорғау жолында жанын құрбан еткен Мейірхан Ержанұлының ерлі­гі көпке үлгі, есімі ел есінде. Еліміз аман болсын, ендігі жерде халықтың басына қиындық түспе­сін, жастардың басына жамандық жолықпа­сын. Мен Бітім аға бастаған Кезбаевтар әулетіне қайғыра көңіл айта тұ­рып, батыр ұл тәрбиелеген от­басыға алғыс айтамын, – деді аймақ басшысы.

Мейірхан туып-өскен әулет Маңғыстау өңірі­не белгілі, сый­лы, текті әулет. Тек жағы­нан 27 жа­­сында ел-жер қор­ғау үшін қан майданда ше­йіт болған Адайдағы белгілі Есе­нияз батыр­дың тұ­қы­мы бо­лып келетін Мейірханның ата­сы Бітім ақса­қал – мұнай өндірісі саласында сервистік қызмет көрсетіп, мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып, ел эко­номикасының дамуына зор үлес қосып келе жат­қан «КезБи» ЖШС құрылтайшысы. Ал Мейірхан – отбасының тұң­ғышы, әкесі Ержан – жеке кәсіпкер.

Өзі «алтын балам» деп атайтын немересінің жаназасында Бітім ағай, туысы Тәжмағанбет ақса­қал, ұстаздары мен достары сөз алып, кеше ғана арада жүрген сүйкімді жас жігітке қимастықпен қинала тұрып қоштасу сөз арнады.

Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі депар­таментінің бастығы Әлібек Коюпов сөз алып, «Мейірхан әріп­тесіміз енді ана әлемнен ше­­кара шебін қорғауға кет­ті. Ерлікпен қаза тапқан марқұм­ның топырағы торқа болсын!» деп көңіл білдірсе, жауынгерлер үш мәрте оқ атты.

Әскери оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын орындаған сәтте көк Туды жамылып жатқан жас батырдың құлағында қала­тын соңғы саз, жердің үсті – жарық дүниеден еститін соңғы әні өзі сүйген, өзі жанын құрбан еткен туған елінің Әнұраны болды.

Қош бол, ерен ерліктің үлгісі – жас батыр!

 

Маңғыстау облысы